Қазақстанда 2027 жылдан бастап 11 жастағы ұлдарды адам папилломавирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау пилоттық режимде енгізіледі. Жаңа бағдарлама елдің төрт өңірінде сынақ ретінде жүзеге асырылмақ. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының таныстырылымы кезінде айтты.
Ұлдарға вакцинация пилоттық режимде енгізіледі
Вице-министрдің айтуынша, 2027 жылдан бастап еліміздің төрт өңірінде өкпе обырының алдын алуға бағытталған жаңа скрининг түрін енгізу жоспарланып отыр. Оның мақсаты – ауруды ерте кезеңде анықтау.
Сонымен қатар профилактикалық шаралар қатарында АПВ-ға қарсы вакцинацияны ұлдарға да енгізу қарастырылған.
Профилактикалық шара ретінде 11 жастағы ұл балаларға адам папилломавирусына қарсы вакцинация жүргізу енгізіледі. Қыздарға вакцинация 2025 жылдан басталды, – деді Абзал Бейсенбекұлы.
Қыздарға вакцинация 2025 жылы басталған
Қазақстанда қыз балаларды АПВ-ға қарсы вакцинациялау 2025 жылы басталған. 2026 жылдың шілде айының басындағы мәлімет бойынша, елде 265 мыңнан астам қыз бала вакцинаның алғашқы дозасын алған. Оның ішінде 2026 жылдың басынан бері 51,4 мың қызға вакцина салынған.
АПВ – адамға жыныстық жолмен берілетін кең таралған вирустар тобы. Оның кейбір түрлері қатерлі ісіктің, соның ішінде жатыр мойны обырының даму қаупін арттыруы мүмкін.
Ұлдарды вакцинациялау вирустың таралуын азайтуға және ерлердің өздерін АПВ-мен байланысты аурулардан қорғауға бағытталған профилактикалық шара ретінде қарастырылады.
Жаңа бастама 2027 жылдан бастап төрт өңірде пилоттық форматта жүзеге асырылмақ. Оның нәтижесіне қарай бағдарламаны одан әрі кеңейту мәселесі қаралуы мүмкін.