Астанада Astana Media Week – 2026 медиа апталығы Qazaqstan Media Awards салтанатты марапаттау рәсімімен қорытындыланды. Биыл алғаш рет «Үркер» және «Тұмар» ұлттық сыйлықтары бір алаңда табысталып, еліміздің үздік журналистері мен медиажобалары марапатталды.
Бейбітшілік және келісім сарайында өткен салтанатты шараға отандық БАҚ өкілдері, журналистер, тележүргізушілер, медиаменеджерлер мен сала мамандары қатысты.
Биыл Qazaqstan Media Awards байқауына 600-ден астам журналист өтінім берген. Қазылар алқасының іріктеуінен өткен 48 үміткер 12 аталым бойынша бақ сынады. Олардың қатарында республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.
Салтанатты рәсімде Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев отандық журналистиканың жетістіктеріне тоқталып, Astana Media Week пен «Үркер» сыйлығының он жылдық белесін атап өтті. Министрдің айтуынша, технологиялар қарқынды дамып, жасанды интеллект кеңінен қолданыла бастағанымен, кәсіби журналистерге деген сұраныс азаймайды.
Соңғы кездері технологиялар дамып, жасанды интеллект дендеп бара жатқан кезде журналистиканың болашағы қандай болады деген әңгімелерді естіп қаламыз. Бірақ қалай болғанда да, шын журналистика, дерек пен дәйекке сүйенген медиа маман қашанда сұранысқа ие болады, – деді Арман Қырықбаев.
Министр сондай-ақ мемлекеттің медиа саласын қолдау саясаты алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Ал белгілі ғалым, филолог Дихан Қамзабек журналистердің қоғамды маңызды әрі салмақты ақпаратпен қамтамасыз етудегі еңбегін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, мұндай кәсіби байқаулар үздіктерді анықтаумен қатар, ақпарат саласы өкілдерінің ынтымағын нығайтуға мүмкіндік береді.
Таңнан кешке дейін, жиырма төрт сағат бізге ақпаратты, оның ішінде салиқалы, маңызды ақпаратты жеткізетін журналистердің еңбегі зор. Ең бастысы, бұл жиынның да мәні – бірлік. Қаламгерлердің, ақпарат саласындағы әріптестердің бірлігіне үндейді деп есептеймін, – деді Дихан Қамзабек.
Белгілі тележурналист Қымбат Досжан биылғы медиа апталықта жасанды интеллект пен жаңа технологияларға ерекше назар аударылғанын айтты. Ол тәжірибелі журналистер үшін де заман талабына бейімделіп, жастармен қатар дамудың маңызды екенін жеткізді.
Биылғы Media Week-тің тақырыбына қарасақ, жасанды интеллект секілді ауқымды мәселелер көтерілді. Біз секілді тәжірибесі мол журналистер де жастардан қалып қоймау бағытында жұмыс істейміз, – деді Қымбат Досжан.
«Үркер» – 2026: кімдер жеңімпаз атанды?
Биыл «Үркер» ұлттық сыйлығы алты аталым бойынша табысталды. Байқауда дәстүрлі журналистикамен қатар YouTube, подкаст және жасанды интеллект технологияларына негізделген жобалар да бағаланды.
«Жылдың үздік журналисі» аталымында Bestnews.kz журналисі Жанар Сердалина жеңімпаз атанды.
«Жылдың үздік материалы» аталымында «Ақтөбе» газетінің журналисі Мирамгүл Рахатқызы «Жасанды интеллект: адамзат жаңа дәуірге аяқ басты» атты материалымен үздік деп танылды.
«Үздік талдамалық материал» аталымының жеңімпазы – «Казахстанская правда» газетінің журналисі Лаура Тусупбекова. Ол «Моя ДНК – наше богатство» атты жұмысымен марапатталды.
«Үздік радиожоба» аталымында Қазақ радиосының «Ойтұма» бағдарламасы жеңіске жетті.
«Үздік медиажоба» (YouTube, подкаст) аталымында Tengrinews-тің Tengri TV жобасы үздік атанды.
Биылғы байқаудың басты жаңалықтарының бірі – жасанды интеллект саласындағы жобалардың алғаш рет жеке аталым бойынша бағалануы.
«Журналистиканың болашағы: жасанды интеллект саласындағы үздік жоба» аталымында Altainews Media Centre ұсынған «AI-ЖАН» жобасы жеңімпаз атанды.
«Тұмар» – 2026: үздік тележобалар марапатталды
«Тұмар» ұлттық сыйлығы аясында телевизия саласының үздіктері алты аталым бойынша анықталды.
«Үздік тележүргізуші» аталымында «Еуразия» бірінші арнасының жүргізушісі Вероника Вишневская жеңімпаз атанды.
«Үздік деректі жоба» аталымында 24KZ телеарнасының ағзаларды трансплантациялау тақырыбына арналған «4739» жобасы үздік деп танылды.
«Үздік телевизиялық материал» аталымының жеңімпазы – Qazaqstan телеарнасының «Қарқынды құрылыс» материалы.
«Үздік әлеуметтік жоба» аталымында Jibek Joly телеарнасының «Правда в деталях» жобасы жеңіске жетті.
«Үздік телехикая» аталымында Астана TV телеарнасының «Ауыл бапкері» телехикаясы үздік деп танылды.
«Үздік ақпараттық-талдамалық бағдарлама» аталымының жеңімпазы – 7-арнаның «Новости» бағдарламасы.
Astana Media Week – 2026: он жылдық белес
Qazaqstan Media Awards марапаттау рәсімі биыл оныншы рет ұйымдастырылған Astana Media Week апталығын қорытындылады.
14-16 қазан аралығында өткен іс-шараның басты тақырыбы – «MEDIA. HUMAN. AI: 10 жылдық трансформация. Сенімнің жаңа архитектурасы».
Үш күн бойы отандық және шетелдік сарапшылар жасанды интеллектінің журналистикаға ықпалын, цифрлық қауіпсіздікті, медианың экономикалық дамуын және аудитория сенімін сақтау мәселелерін талқылады.
Медиа апталыққа Euronews, Meta, TikTok және Q.AI компанияларының өкілдері, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің медиа мамандары қатысты.
Биыл «Үркер» мен «Тұмар» ұлттық сыйлықтары алғаш рет Qazaqstan Media Awards аясында біріктірілді. Нәтижесінде баспасөз, интернет, радио және телевизия саласының өкілдері бір алаңда бас қосып, кәсіби жетістіктерін қорытындылады.
Айта кетейік, «Үркер» және «Тұмар» ұлттық сыйлықтары 2017 жылдан бері отандық журналистиканың дамуына үлес қосқан мамандар мен үздік медиажобаларды қолдау мақсатында табысталып келеді.