Әлем чемпионаты футболдағы ең үлкен көрме десек, биыл да жаңа есімдерді таныдық. Бір айға созылатын турнирде сәтті өнер көрсеткен ойыншылардың құны қымбаттап, Еуропаның алпауыт клубтары бірден келіссөзге кірісетінін білеміз. 2026 жылғы мундиаль да бұл дәстүрді жалғастырды. Дегенмен, трансферлік терезе әлі жабылмағандықтан, күзге қарай тосын жаңалық шығуы мүмкін. Әзірге мансабында айтарлықтай өзгеріс болған не нарықтағы бағасын өсірген бірнеше футболшыны атап өтейік.
Возинья жаңа клубқа ауысты
АҚШ, Канада мен Мексикада өткен футбол тойының басты жұлдызы кім десеңіз, ол – Кабо-Верде құрамасының 40 жастағы қақпашысы Возинья. Қызығы сол, ол турнирге клубы жоқ, яғни еркін агент ретінде қатысты. Оның Испания мен Аргентинаға қарсы кездесудегі сенімді ойыны футбол әлемінің жаңалығына айналды. Әгәрәки, Возинья бастаған Кабо-Верде турнирдің ширек финалына дейін жеткен болса, ол әлем чемпионатындағы «Үздік қақпашы» номинациясына ие болар еді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Иә, Әлем чемпионаты аяқталған соң Чилидің ең танымал клубтарының бірі – Colo-Colo Возиньямен 18 айлық келісімшартқа қол қойды. Возинья – әлем чемпионатынан кейін ресми түрде жаңа клубқа ауысқан санаулы футболшылардың бірі. The Times of India-ның хабарлауынша, жаңа келісімшартта қақпашының табысы оның бұрынғы жалақысынан үш есеге көп.
Майкл Олисенің құны 170 миллион еуроға жетті
Франция құрамасының көшбасшыларының бірі Майкл Олисе әлем чемпионатында жоғары деңгейде өнер көрсетті. Оның нәтижелі ойыны трансферлік құнына да әсер еткені анық. Олиссе биыл бірінші рет мундиальда бақ сынады. Жай ғана қатысып қоймай, бір әлем біріншілігінде жеті рет пас берген алғашқы ойыншы атанды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Transfermarkt жаңартқан бағалау бойынша, Олисенің нарықтағы құны 150 миллион еуродан 170 миллион еуроға дейін өсті. Соның нәтижесінде ол әлемдегі ең қымбат футболшылардың бестігіне кірді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Олисенің әлем кубогы басталмай тұрып, Instagram парақшасында «Бавария» клубының ойыншысы деген жазуды, клубпен байланысты барлық суретті алып тастағаны есімізде. Алғашында оны «Реал Мадрид» клубы сатып алатыны туралы болжам болған. Алайда «Баварияның» спорт директоры Макс Эберл ойыншының мюнхендік клубта мансабын ары қарай жалғастыратынын мәлімдеді.
Исмаэль Сайбари – Баварияға жол ашқан турнир
Марокко құрамасының жартылай қорғаушысы Исмаэль Саибари да мундиальдан кейін үлкен серпіліс жасады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ол жазғы трансферлік терезеде «Баварияға» ауысты. Сонымен қатар әлем чемпионатынан кейін оның нарықтық құны 40 миллион еуродан 55 миллион еуроға дейін өсті.
Айюб Буадди – жас талант
Марокконың жас жұлдызы Айюб Буадди әлем чемпионатындағы сенімді ойынынан кейін Еуропаның бірнеше жетекші клубының қызығушылығына ие болды. Оны «Манчестер Сити» клубы қатарына қосқысы келіп отыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Соңғы мәліметке сүйенсек, «Лилль» клубының жартылай қорғаушысы Лондонға қоныс аударуға бір табан жақын тұр.
Натаниль Браун – құны күрт өскен қорғаушы
Германия құрамасының қорғаушысы Натаниль Браун да турнирден кейін бағы ашылған ойыншылардың бірі болды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ол әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін «Бавария» сапына қосылды. Transfermarkt бағалауы бойынша оның трансферлік құны 40 миллион еуродан 50 миллион еуроға дейін артқан.
Әлем чемпионаты трансфер нарығын қалай өзгертті?
2026 жылғы әлем чемпионаты тағы бір заңдылықты дәлелдеді. Ұлттық құрама сапындағы 6-7 ойын футболшының тағдырын түбегейлі өзгертіп жібере алады. Елі үшін аянбай ойнап, құрамасы үшін соңына дейін күрескендерді тамаша келісімшарт күтіп тұруы бек мүмкін.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Transfermarkt нұсқасы бойынша әлемнің ең қымбат ойыншыларының ондығы:
- Эрлинг Холанд – 220 млн еуро
- Ламин Ямаль – 220 млн еуро
- Килиан Мбаппе – 200 млн еуро
- Майкл Олисе –170 млн еуро
- Джуд Беллингем – 160 млн еуро
- Педри – 140 млн еуро
- Винисиус Жуниор – 140 млн еуро
- Витинья – 140 млн еуро
- Жоау Невеш – 140 млн еуро
- Деклан Райс – 120 млн еуро
Дәл солай 2014 жылғы Бразилиядағы әлем чемпионатында Хамес Родригестің, 2022 жылы Қатарда Энцо Френандес, Хулиан Альварес, Коди Гакпо, Йошко Гвардиол, Софиян Амрабат, Аззедин Унахидің мансабы өзгеріп сала берді.
Сондықтан трансферлік терезе әлі жалғасып жатқанын ескерсек, әлем чемпионатында көзге түскен басқа футболшылардың да алдағы апталарда жаңа клубқа ауысуы әбден мүмкін.