Жаңалықтар

2025 жылға дейін 12 мың жалға берілетін пәтер салынады

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлім етті
2025 жылға дейін 12 мың жалға берілетін пәтер салынады
Фото: inbusiness.kz 09.11.2022 17:47 1435

Мемлекет басшысының жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы тапсырмасына орай ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі кешенді іс-шаралар жоспарын қабылдады. Осыған орай алдағы үш жылда Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жастар үшін жалға берілетін 12 мың пәтер салынбақ, деп хабарлайды El.kz

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына сәйкес 2025 жылға дейін жыл сайын 3 мың пәтер салу және сатып алу көзделіп отыр. Биыл осы мақсатта республикалық бюджеттен 21,6 млрд теңге қарастырылған.

Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бес жыл мерзімге беріледі. Осы кезең ішінде жастардың өз баспанасының бастапқы жарнасын жинау мүмкіндігі тумақ. Ал кейіннен босаған тұрғын үй келесі үміткерлерге беріледі.

Жалпы алғанда, 2019 жылдан бері «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жұмыс істейтін жастарға еліміздегі үш мегаполисте 7 мыңға жуық жалға берілетін пәтер салынды.

Сонымен қатар бүгінде Астана қаласында «Елорда жастары», Алматы қаласында «Алматы жастары», Қарағанды облысында «Қарағанды жастары», Жамбыл облысында «Әулие ата жастары», Батыс Қазақстан облысында «Орал жастары», Қостанай облысында «Қостанай жастары», Алматы облысында «Алатау жастары», Атырау облысында «Атырау жастары»  тұрғын үй бағдарламалары іске қосылды. Бұдан бөлек, Павлодар облысында «Ертіс жастары», Абай облысында «Абай жастары», Ақтөбе облысында «Ақтөбе жастары» өңірлік несиелендіру бағдарламалары даярлануда.

Өңірлік бағдарламалар жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ жергілікті бюджеттен және 5 пайыз мөлшерлемемен жеңілдетілген. Алғашқы жарна көлемі – 0-10 пайызды құрайды. Несиелендіру мерзімі – 25 жылға дейін.

Айта кетейік, аталған шаралар Мемлекет басшысының қолжетімді жалға берілетін тұрғын үйлер салу және жеке баспана сатып алу құралдарын дамыту турасындағы тапсырмасын іске асыру мақсатында жүзеге асырылуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға