Жаңалықтар

2024 жылы қазақстандықтар МӘМС-ке қанша төлейді

2024 жылы қазақстандықтар МӘМС-ке қанша төлейді
Фото: Коллаж El.kz 25.12.2023 18:26 2469

2024 жылы Қазақстанда МӘМС-ке ұсталатын қаржы көлемі тағы ұлғаяды. Келесі жылдан бастап МӘМС-ке ұсталатын ең жоғары сома 850 мың теңгеге дейін өседі. Өзін-өзі жұмыспен қамтитын адамдар үшін де төлем өзгереді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2024 жылы ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшері 70 мыңнан 85 мың теңгеге дейін өседі. Медициналық сақтандыру қоры түсіндіргендей, бұл есептік көрсеткіш міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) жарналар мен аударымдар мөлшерін анықтау үшін негізгі фактор болып табылатындықтан, жарналардың түпкілікті сомалары да өзгереді, дегенмен ставкалар өзгеріссіз қалады.

Жұмыс берушілер үшін ставка мөлшері

Жұмыс берушілер үшін ставка өзгеріссіз – қызметкер жалақысының 3% ұсталады. Салық салынатын ай сайынғы табыс 10 ЕТЖ-ден аспауы тиіс, сондықтан да 2024 жылы есепке алынатын ең жоғары сома бұдан былай 700 мың емес, 850 мың теңге болады. Тиісінше ай сайынғы максималды жарна айына 25 500 теңге болады. Айта кетерлігі, МӘМС-ке төлемдер қызметкердің жалақасынан ұсталмайды, оны жұмыс беруші өз есебінен төлеуі керек.

Жалдамалы қызметкерлер үшін ставка

Жалдамалы жұмысшыларға келсек, олардың мөлшерлемесі бұрынғыдай – жалақының 2%-ы. Есепке алынатын сома да 850 мың теңгеден аспауы тиіс. 2024 жылы жарнаның ең жоғары мөлшері 17 мың теңгені құрауы мүмкін. Екі жерде жұмыс істейтін азаматтардың ставкасы да 2%, тек мұндайда табыс екі жұмыстан жиынтық түрде ескеріледі. Қызметкердің айлығы 600 мың теңге делік. Ол қосымша келісімшарт негізінде өзге бір ұйымға қызмет көрсетіп, 350 мыңге алса, оның жалпы табысы 950 мың теңгені құрайды. Бұл 10 ЕТЖ-дан көп. Тиісінше қызметкердің негізгі жұмысынан 2% ұсталып, екіншісінен максималды төлемнің қалған бөлігі алынады.

Бастысы, жұмыс берушіге жасалған төлемдер туралы анықтама берілуі керек. Бұл МӘМС жарнасы дұрыс есептелуі үшін қажет. Әйтпесе екінші жұмыстан да жарна толық көлемде ұсталуы мүмкін.

Өз-өзін жұмыспен қамтитындар үшін ставка

2024 жылы Бірыңғай жиынтық төлем жойылады. Сол арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар барлық жарнаны төлеп, медициналық сақтандыруға ие болады. Алайда жаңа жылдан бастап «сақтандырылған» мәртебесін алу үшін азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тиісті жарналарды төлеуі немесе тәуелсіз төлем жасаушы болуы керек.

Бірінші жағдайда ставка көлемі 1,4 еселенген ең төменгі жалақының 5% – 5 950 теңгені құраса, екіншісінде 1 ЕТЖ-нің 5%-ына, яғни 4 250 теңгеге тең. Бұл дегеніміз – тәуелсіз төлем жасайтындар МӘМС-ке жарналарды бір жыл бұрын төлеп қоя алады деген сөз. Оны тіпті қазіргі ставкамен, яғни төмендеу жарнамен жасауға болады.

Айта кету керек, кейбір азаматтар үшін жарналарды мемлекет өзі төлейді. Қазақстанда медициналық сақтандыру үшін ақы төлемейтін азаматтардың 15 жеңілдетілген санаты бар. 2024 жылы бұл санатқа жататын адамдар үшін ставка көлемі 5 852,63 теңгеге тең болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға