Жаңалықтар

2024 жылы бірыңғай жиынтық төлем болмайды: МӘМС төлемін қалай төлейміз?

2024 жылы бірыңғай жиынтық төлем болмайды:  МӘМС төлемін қалай төлейміз?
Фото: El.kz 22.06.2023 18:00 1513

Келесі жылдан бастап бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) алынып тасталады. Ел ішінде осындай әңгіме шыққалы бері мәселенің анық-қанығын білуге тырысқан адамдардың қатары көбейіп барады. Шынымен де 2024 жылы төлемнің бұл түрі болмай ма? Болмаса, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар МӘМС төлемдерін қалай төлейді? Бұл медициналық сақтандыру қорының шешімі ме? Осы және өзге де сауалдардың жауабын El.kz ақпарат агенттігі әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры стратегия департаментінің директоры Дамир Көпжасаровтан сұрап білдік.

Дамир Көпжасаровтың айтуынша, бұл медициналық сақтандыру қорының шешімі емес. Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін 5 жылға (2019 жылдан 2023 жылға дейін) уақытша енгізілген екен. Әрі оны тек жеке тұлғаларға қызмет көрсетіп, жылдық табысы 175 айлық есептік көрсеткіштен яғни 4 миллион теңгеден аспаса ғана төлей алады. Басқа жағдайда бұл төлемді пайдалануға болмайды. Алайда бұл норманы жұмыссыз әрі тұрақты жұмысы жоқ азаматтар, бала күтімі бойынша бір жарым жасқа дейінгі әлеуметтік төлемдерді алу үшін жүкті әйелдер пайдаланып келеді.

Бірыңғай жиынтық төлем бір айлық есептік көрсеткіш көлеміне тең. Осы жылы елімізде АЕК мөлшері – 3 450 теңге. Осыған орай, республикалық және облыстық маңызы бар қала тұрғындары ай сайын 3 450 теңгеден, ал басқа елді мекендердің азаматтары 1 725 теңге, яғни 0,5 АЕК төлейді.

Бірыңғай жиынтық төлем төлеуші ретінде тіркелудің артықшылығы өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды БЖТ төлемегені үшін қандай да бір жауапкершілікке тарту шарасы қарастырылмайды. Алайда өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам бірыңғай жиынтық төлемнің бір айын уақытылы төлемесе, сақтандыру мәртебесінен айрылады. Сондықтан ай сайын төлем уақытын өткізіп алмау маңызды немесе алдағы кезеңдерге алдын ала төлем жасау керек.

Бірыңғай жиынтық төлемнің негізгі және жалғыз мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру жүйелеріне тарту. Сондықтан бұл төлемдері төмен жеңілдік кезеңі болды. Қазір жеке тұлғалардың табысын декларациялау кезең-кезеңімен енгізілу үстінде. Бұрын кәсібін тіркемеген азаматтар кәсіпкер ретінде тіркеліп немесе жалдамалы қызметкер болып жұмыс істеуі керек, – деді Дамир Көпжасаров.

БЖТ төлеген азаматтар әрі қарай дербес төлеуші ретінде төлем жасай алады (2023 жылы – 3500 теңге). Осы жерде ескеретін жайт, азаматтардың сақтандырылған мәртебесі болуы үшін МӘМС туралы заңға сәйкес, 12 айға төлемі болуға тиіс. Егер БЖТ төлеушілердің өткен 1 жылға төлемі болса, 2024 жылдан бастап әр ай сайын дербес төлеуші ретінде төлем жасай алады. Ал толық 12 айға төлем жасалмаса, мысалы ағымдағы жылы 7 айға төлемі болса, азаматтар төленбеген 5 айға дербес төлеуші ретінде әр айға 3500 теңгеден төлеп шыға алады. Келесі жылдан бастап ай сайын жарна төлей береді. Ал ағымдағы жылы 4-5 айға БЖТ төлеген адамдарға алдағы 12 айға төлем жасап, 1 жылға алдын ала сақтандырылған мәртебесін алған тиімді.

Алайда Дамир Көпжасаровтың айтуынша, тұрақты табысы жоқ ауыл тұрғындарының (90 мыңға жуық адам) МӘМС жүйесінен тыс қалу қаупі бар. Қазір осыған байланысты ауылдық аймақтарда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Әзірше, азаматтар алдағы жарты жылда БЖТ-ны төлей береді. 2024 жылы сақтандырылған мәртебесін жоғалтпау үшін азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп немесе дербес төлеуші ретінде жарна төлейді. Төлем Қазақстанның кез келген банкінде, банктердің мобильді қосымшалары арқылы және «Қазпошта» бөлімшелерінде қабылданады. Төлем жасау кезінде ақша аударылатын тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірін, төлем жасалатын айды көрсету керек, – деп нақтылады департамент директоры.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға