Жаңалықтар

2024 жылдың бірінші наурызынан бастап елімізде сағат ауысады

2024 жылдың бірінші наурызынан бастап елімізде сағат ауысады
Фото: © Pixabay.com 09.12.2023 11:00 37350

Жыл бойы қазақстандық ғалымдар мен түрлі салалардың сарапшылары Қазақстан аумағында бірыңғай уақыт белдеуін белгілеу мәселесін зерттеді. Зерттей келе олар қазіргі сағат адам денсаулығына зиян екенін анықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінгі таңда Қазақстанда UTC+5 және UTC+6 екі уақыт белдеуі қолданылады. Осы жылдың ақпан айында қазақстандықтардың неғұрлым қолайлы уақыт белдеуіне көшу туралы бірнеше рет өтініштеріне байланысты ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобының құрамына кіретін әртүрлі институттардың ғалымдары UTC+6 уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейтінін растап, денсаулыққа теріс әсер ететінін анықтады. Енді сарапшылар ағзаның биологиялық сағаттарын сақтау үшін бүкіл ел бойынша UTC+5 бірыңғай уақытына көшуді ұсынып отыр.

Бұл жөнінде сарапшылар мен ғалымдар орталық коммуникациялар алаңында талқыға салды. Сауда және интеграция министрлігі техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев қазіргі уақытта еліміз екі уақыт UTC+5, UTC+6 белдеуінде екенін атап өтті.

Атырау, БҚО, Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстары 4-ші сағат белдеуі UTC+4, UTC+1 орналасса, Астана, Шымкент қалалары мен қалған 14 облыстар 5-ші уақыт UTC+5, UTC+1 белдеуінде. Адамның денсаулығы, экономика және қауіпсіздігі үшін табиғи уақытқа барынша жақын және тұрақты уақыт белдеуін пайдалану қажет. Қоғам белсенділері мен депутаттар осы мәселені осы күнге дейін көтеріп келді, – дейді техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев.

Бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің пайдасы

Сарапшылар бұл өз кезегінде денсаулыққа оң әсер етумен қатар, бірыңғай уақыт белдеуін белгілеу өңірлер арасындағы уақытша кедергілерді жоятынын айтты. Сондай-ақ, коммуникациялар мен бизнес-процестерді үйлестіруді жақсартады, экономиканың дамуына және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылына ықпал етеді.

Қолданбалы хронобиология бойынша маман Болат Нұрхожаев «Ғылыми консенсус денсаулықты сақтау үшін күн уақытына байланысты жақын тұрақты уақыт белдеулерін барынша тиімді пайдалану керек. Осыны ескере отырып, барлық Қазақстан бойынша UTC+5 бірыңғай уақытына көшу ғылыми-зерттеу институттары мен ғалымдардың әріптестері қолдайтын ең оңтайлы шешім ретінде қарастырылады», деді.

Ал парламент мәжілісінің депутаты Еркін Әбіл бұл мәселе төңірегінде депутаттық сауал жолдаған. Мәжілісмен бірмандаттық округ бойынша Қостанай облысынан сайланғанын атап өтті және осы мәселе Қостанай облысы үшін ең өзекті екенін айтты.

Бірнеше жыл бойы бір топ азамат уақыт мәселесін көтеріп жүрді. Елімізде жалпы ШҚО болмаса, қалғандарында табиғи уақытпен айырмашалық бар. Бір сағат және бірнеше сағат есебімен. Ал Қостанайдың аудандарында екі сағатқа дейін жақын. Сол себепті осы мәселені көтеріп жүрген азаматтар біраз дауласып, облыстық әкімшілікті сотқа да берді. Сондықтан осы тақырыпты әлі күнге дейін көтеріп жүрмін. Басында қарсы болдым. Жалпы басында мен уақытты ауыстыруға емес, Астана мен әртүрлі белдеуде болуға қарсылық танттым. Бұл экономикаға да әсер етеді, – дейді депутат Еркін Әбіл.

Адам денсаулығына әсері

«Астана» медицина университетінің қалыпты физиология кафедрасының меңгерушісі Курейш Хамчиевтің пікірінше, уақыттың табиғи өтуінен озу созылмалы шаршау мен аурулардың пайда болуына ықпал етеді.

Десинхроноз қазір көптеген өңірлерде болып жатқан нәрсе, яғни биологиялық ырғақтардың сәйкес келмеуі ұзақ мерзімді шаршаудың, депрессияның, ұйқысыздықтың және өнімділіктің төмендеуінің себебі болып табылады. Мұның бәрі жүрек-қан тамырлары, қатерлі ісік және басқа аурулардың даму қаупінің факторлары. Циркадиялық немесе биологиялық ырғақтар біздің өміріміздің ажырамас бөлігі болып табылады және бұл циркадиялық стрестерге қарсы тұру өте қиын. Сондықтан бүкіл республика халқының табиғи ырғағын синхронизациялау қажет, – деді ол.

Ғалымдар денсаулыққа жағымды әсер етумен қатар, бірыңғай уақыт белдеуін енгізу елдің әртүрлі аймақтарының тұрғындары арасындағы уақытша айырмашылықтарды жеңуге мүмкіндік беретінін айтты.

Әлемдегі 175 ел бірыңғай уақыт белдеуінде

Жұмыс тобының зерттеуі халықаралық тәжірибені талдауды да қамтыды. Әлемдегі 175 ел қазірдің өзінде бірыңғай уақыт белдеуін пайдаланады. Сарапшылар бұл осы бастаманың өзектілігін көрсететінін айтты.

Медицинада осыған байланысты зерттеулер 10 жылдың ішінде ғана болып жатыр. 2017 жылы мұны зерттеген бір топ ғалым «Нобель» сыйлығын алғасын, бүкіл ғалам осы мәселеге назар аудара бастады. Соның ішінде Америкада, Еуропада зерттеулер өтті. Біздің еліміз енді ғана осы жайтқа көңіл бөліп жатырмыз. Сол себепті бұл өте өзекті. Сондай-ақ, ғылымның жаңа саласы деп айтуға болады. Бұрында осы белдеуде болдық. Бірақ кейін 30 жылдың ішінде уақытпен ойнап, декреттік уақыт, жазғы, қысқы уақыт деп анда-мында ауыстырып, аяғында +6 сағат айырмашылыққа тап болып отырмыз, – дейді мәжіліс депутаты Еркін Әбіл.

Ал дүниежүзілік халықаралық табиғи уақыт қолдаушылар альянысының мүшесі Болат Нұрхожаев «Қызылорда облысында 13 жылдай осы уақытты қайтару жөнінде зерттеу жұмысын жүргізіп, соның бәрін дәлелдеп өзіміздің уақытқа қайтардық. Соны енді 18 жылдай болды Қостанай облысы көтеріп келеді», деді.

Маманның айтуынша, бұл мәселе бойынша әлем елдерінде үлкен зерттеулер жүріп жатыр.

Кеше ғана өздеріңіз естіген шығарсыздар. Біздің парламент депутаттары бұл мәселені көтергесін, енді Қырғыз республикасының депутаттары да UTC+6 уақытынан  UTC+5 уақытына көшу жөнінде бастама көтеріп жатыр. Сондықтан бұл мәселеде 43 беттен тұратын барлық дәлелдер жиналды. Есеп жобасы жасалды, – деді Болат Нұрхожаев.

Қазақстанның бір уақыт белдеуіне көшуі жөнінде Үкіметтің тиісті қаулысы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Құжат 22 желтоқсанға дейін дауысқа салынады. Егер қазақстандықтар оны қолдаса, Астана, Алматы, Шымкент және республиканың 12 облысында сағат тілі өзгереді.

«Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар СҚО, Түркістан, Ұлытау, ШҚО әкімдіктері 2024 жылғы 29 ақпаннан 2024 жылғы 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сақатқа артқа ауыстырсын», – делінген құжатта.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға