Жаңалықтар

2023 жылы өмірден өткен тұлғалар

2023 жылы өмірден өткен тұлғалар
Фото: Коллаж El.kz 21.12.2023 17:10 20626

Өтіп бара жатқан 2023 жылы қазақ елі ауыз толтырып айтарлықтар жетістіктер мен жеңістерге жетті. Есте қаларлықтар сәттер мен шұғылалы шақтар да көп болды. Алайда, өмір болғандықтан қуаныш пен қайғы, ақ пен қара қатар жүреді. Сол себепті el.kz ақпараттық агенттігі қоян жылындағы орны толмас қазалар мен өмірден өткен жандарды назарларыңызға ұсынады.

Арман Дүйсенов (1974-2023)

2023 жылы белгілі сазгер сазгер, продюсер әрі тележүргізуші Арман Дүйсенов кенет жүрегі тоқтап қалуына байланысты өмірден озды. Арман Дүйсенов 1974 жылы 4 мамырда Орал қаласында дүниеге келген. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, продюсер, тележүргізуші, бірнеше әннің авторы.

2023 жылы өмірден өткен тұлғалар
Фото: instagram.com/arman_duisenov_offical

Ақжол Мейірбеков (1950-2023)

Биыл «Дос-Мұқасан» ансамблінің әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ақжол Мейірбеков дүние салды. Ол 1978 жылы "Дос-Мұқасан" ансамбліне қабылданып, 1985-1994 жылдары Алматы облыстық филармониясының "Арқас", "Сазген", "Адырна" ансамбльдерінде қызмет еткен. Әнші 1994-1996 жылдары "Гүлдер" ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі директоры болып жұмыс істеді.

2023 жылы өмірден өткен тұлғалар
Фото: instagram.com/akzholmeirbekov

Дархан Жүнісбеков (1990-2023)

Халық арасында «Darkhan Juzz» лақап атымен танымал Дархан Жүнісбеков 32 жасында Таиландтың Пхукет аралында жол апатынан көз жұмды. Darkhan Juzz 1991 жылы 9 тамызда Алматыда дүниеге келген. Ол рэп орындаушысы, ән авторы және дыбыстық продюсер. Дархан әндерінде классикалық трапты, акустикалық гитараны және сезімтал лириканы біріктіре білді.

2023 жылы өмірден өткен тұлғалар
Фото: instagram.com/d.juzz

Бердібек Сапарбаев (1953-2023)

2023 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев өмірден озды. Бердібек  Сапарбаев 1953 жылы 9 ақпанда Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының Бесарық ауылында дүниеге келген. Мемлекет және қоғам қайраткері, Экономика ғылымдарының докторы, профессор.

2023 жылы өмірден өткен тұлғалар
Фото: instagram.com/saparbayev_bm

Болат Назарбаев (1953–2023)

Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев созылмалы аурудың салдарынан 71 жасында дүниеден өтті. Болат Назарбаев 1953 жылдың 23 наурызында дүниеге келген. "Механик" мамандығы бойынша Шамалғанның ауылшаруашылық техникумын, кейін "Құқықтану, заңгер" мамандығы бойынша Қарағандының "Фемида" заң институтын бітірген. 2016 жылы қиын өмір жағдайына тап болған балаларға арналған "Салиқалы ұрпақ" қоғамдық қорын ашқан.

2023 жылы өмірден өткен тұлғалар
Фото: saliqaly.kz/bolat-nazarbaev

Асқар Наймантаев (1965–2023)

Биыл белгілі актер, режиссер, сатирик,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаев дүниеден озды. Асқар Әбдіғалымұлы 1965 жылдың 17 маусымында  Алматы облысы, Райымбек ауданында  өмірге келген.  Ұзақ жыл «Терісқақпай» әзіл-сықақ театрының жетекшісі болды. Халық театрын жаңғыртып Алматы облысының  Райымбек, Ұйғыр аудандарында  «Хантәңірі», «Қарадала»  театрларын ашып,  төл мәдениетімізге орасан үлесін қосты.

2023 жылы өмірден өткен тұлғалар
Фото: instagram.com/askar.naimantaev

Зинаида Жукова (1924-2023)

Дінмұхаммед Қонаевтың жеке хатшысы Зинаида Жукова 100 жасқа таяған шағында дүниеден өтті. Ол 1964 жылдан бастап 1986 жылға дейін Дінмұхамед Қонаевтың жеке хатшысы болып жұмыс істеді.

2023 жылы өмірден өткен тұлғалар

Несіпбек Айтұлы  (1950-2023)

Биыл ұзаққа созылған ауыр науқастан белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы өмірден озды. Ол 1950 жылы Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағында туған. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2012ж), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2011), «Парасат» орденінің иегері (2004). Таңдамалы жеті томдығы «Фолиант» баспасынан (2015 ж.) жарық көрген эпик ақын.

2023 жылы өмірден өткен тұлғалар
Фото: instagram.com/nesipbek_aituly

Александр Литвинов (1984-2023)

2023 жылы "Дос-Мұқасан" ансамблінің негізін қалаушылардың бірі Александр Литвинов 75 жасында дүниеден озды.

2023 жылы өмірден өткен тұлғалар
Фото: instagram.com/dos_mukasan_official

Гүлмира Каримова  (1977-2023)

СҚО-дан парламент сенатына депутат болып сайланған Гулмира Каримова 45 жасында қаза тапты. Оған «анафилаксиялық шок» деген диагноз қойылған болатын.

2023 жылы өмірден өткен тұлғалар
Фото: gov.kz

Есболат Нұрманов (1970-2023)

Қазақ боксшыларынан бірінші болып кәсіпқой боксқа бет бұрған Есболат Нұрманов 53 жасында дүниеден озды. Қазақстанның тұңғыш кәсіпқой боксшысы, 17 жасында бокстан КСРО құрама командасының мүшесі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Арал өңірінің тумасы, 1987 жылы Ленин атындағы ҚазПТИ-ның гидрогеология, барлау техникасы факультетінде оқыған. Ол 1989 жылы 2-ші жеңіл салмақта КСРО чемпионатының күміс жүлдегері атанған болатын.

2023 жылы өмірден өткен тұлғалар
Фото: facebook.com/Ғабиден

Қойшығұл Жылқышиев (1948-2023)

Қазақстан жазушылар одағының Атырау облыстық филиалының директоры, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қойшығұл Жылқышиев 74 жасында дүниеден өтті. Ол 1948 жылы 24 қазанда Атырау облысы Индер ауданы Жарсуат ауылдық кеңесіне қарасты Жаманқұдық жайлауында дүниеге келген. «Тұңғыш», «Мұң-кітап», «Асаукер»  жыр жинақтарының авторы. 1996 жылы М.Өтемісұлы туралы публицистикалық мақалары үшін Қазақстан Журналистер одағының А.Байтұрсынов атындағы сыйлығын алды.

2023 жылы өмірден өткен тұлғалар
Фото: atpress.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға