Жаңалықтар

2023-2024 оқу жылындағы өзгерістер

2023-2024 оқу жылындағы өзгерістер
Фото: Коллаж El.kz 24.05.2024 19:55 731

Биылғы соңғы қоңырау 25 мамырда соғылатын болды. Кейінгі уақытта бұл датаның тұрақ таппай кеткенін ескерсек, биылғы 189 мыңға жуық мектеп түлектері үшін жағымды жаңалық болып тұр. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі өткен оқу жылындағы өзгерістер мен жаңалықтар, жаңа бағдарламалар туралы шолу жасады.  

Соңғы қоңырау

2023-2024 оқужылында 7 833 мектепте 3,8миллионнан астам оқушы бітіреді. Оның ішінде бастауыш сыныпты – 374 мың, негізгі мектепті – 341 мың оқушы тәмамдайды. Ал 186 мың түлек мектеп қабырғасынан түлеп ұшады. 7 704 түлек «Алтын белгіге» үміткер.  
Бірнеше жылдан бері біраз дау тудырған мәселе - оқу жылы мерзімінің ұзаруы еді. Оқушылар үшін білім ордаларындағы соңғы қоңырау 1 маусымда соғылды. Алайда тамыз конференциясында келесі жылы оқу жылының мерзімін қайтадан 25 мамырда аяқтау туралы шешім шығарылды. Осылайша, 36 апталық оқу мерзімі 34 апталық оқу мерзіміне қайта ауыстырылды. 

Мектептің 1-10-сынып оқушыларына "Білімім Отаныма" тақырыбындағы Бірыңғай сынып сағаттарын өткізу 24 мамырға, жұма күніне жоспарлансын. Ол былтырғы қыркүйекте енгізілген "Біртұтас тәрбие бағдарламасы" шеңберінде қабылданған жоспарға сәйкес ұйымдастырылуға тиіс, - деген еді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп түлектеріне жасаған үндеуінде.

Алайда білім саласының сарапшысы, Qazbilim жобасының авторы Аятжан Ахметжанның айтуынша, мектептегі оқу мерзімінің қысқаруы балалардың жүктемесін көбейтеді екен.

Қазақстан оқу күні жағынанда, оқу уақыты жағынанда әлемдегі  ең қысқа күн оқитын мемлекеттер катарында. Себебі біз 6 күндік оқу жүйесінен 5 күндік оқу жүйесіне көшкен кезде 1 жылда 34 оқу күнін жоғалттық. Бірақ, мектеп бағдарламасындағы оқудың салмағы азайған жоқ. Сондықтан да 3 ауысымды мектептерді, мерекелік демалыстарды ескере отырып, оқу жылын ұзартуымыз керек. Әйтпесе, балаларға берілетін жүктеме азаймайды, - дейді Аятжан Ахметжан.

Оқушылар мемлекеттік тілден сынақ тапсырады Биыл тұғыш рет 5-8 сынып пен 10сыныптың оқушылары мемлекеттік тілден сынақ тапсыра бастады. Мемлекеттік тілдегі мектептерде – Қазақ тілі пәнінен, ал өзге тілдерде оқытатын сыныптарда – Қазақ тілі және әдебиеті пәнінен емтихан енгізілді.

Қазақ тілінен тестілеу екі форматта – ауызша және жазбаша түрде өткізіледі.
Ауызшада: емтихан қабылдаушылар оқушылардың қазақша мәтінді қаншалықты жатық, мәнерлеп оқи алатынын, аудиожазбадағы естіген мәтінін қаншалықты түсіне алатынын және тілдесу машықтарын бағалайды.
Жазбаша бөлімде: шәкірттер өз пікірін ортаға салып, шағын эссе жазуы керек. Жалпы алғанда, емтихан 3 сағатқа (180 минутқа) созылады.
Мемлекеттік білім беру стандарттарына да бірқатар өзгерістер енгізіліп, 2 сыныптан шет тілі алып тасталды. Мектеп қабырғасын жаңа аттаған балаларға алдымен тек өз ана тілінде білім алатын болды. Ал 10 және 11 сыныптарда ағылшын тілін оқытуға тағы 1 сағат қосылды.Сондай-ақ бастауыш сыныптардағы «Көркем еңбек» пәні «Еңбекке баулу» және «Кескіндеме өнері» секілді екі оқулық болды.

Оқулықтар толықтай цифрландырылады

Мектеп оқулықтары 2024 жылға дейін цифрландырылады.  Еліміздегі оқулықтардың 79 пайызы онлайн форматқа көшірілді. Бұл туралы Үкімет отырысында  Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді.

2024 жылы пәндерді цифрлық оқулықтармен 100% қамту жоспарланған. Балалардың мектеп пәндерін оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін цифрлық контентке виртуалды зертханалар мен геймификация элементтері енгізілген», - деді министр.

Оқу процесін басқаруды цифрландыру үшін республика бойынша 7 мың мектепте электрондық журналдар мен күнделіктер жүргізу, бағалау, үй тапсырмасын беру, жоспар қалыптастыру және қашықтан оқыту сияқты негізгі қызметтерді қамтитын білім беру платформалары енгізілген. Электрондық оқулықтар әзірлеу жұмысына еліміздегі 11-ден аса отандық баспа ат салысты. Пәндерді электрондық оқулықтармен 100% қамту 2024 жылға жоспарланған. Педагогтер үшін электрондық оқулықтарды тиімді пайдалану әдістемелері әзірленіп, оқыту жұмыстары басталды.

Су тасқыны болған аймақтардағы түлектерге қандай басымдықтар беріледі

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда орналасқан 17 мектептің 9 және 11 сынып оқушылары емтихан тапсырмайды. 
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, Атырау облысында 3 мектептің 1531 оқушысы, Ақтөбе облысында 9 мектептің 1296 оқушысы және Солтүстік Қазақстан облысындағы 5 мектептің 754 оқушысы жалпы 3 581 оқушы аралық және қорытынды емтихандардан босатылады.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те су тасқыны болған өңірлердегі түлектерге ҰБТ тапсыруға 5 мүмкіндік берілетінін мәлімдеді.

Еліміздегі су тасқыны болған аймақтар қашықтан оқытуға көшкен, сонымен қатар қыста ауа райы жағдайына байланысты 2 622 мектепте білім берудегі олқылықтардың орнын толтыру үшін  «Жазғы мектеп» ұйымдастырылады.  Жазғы мектепті ұйымдастырудың негізгі мақсаты – оқушы біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру арқылы білім сапасын арттыруға бағытталған», – деді оқу-ағарту министрі.

Мұғалімдер жалақысы

Салалық келісімге сәйкес төтенше жағдай кезінде білім беру саласы қызметкерлерінің еңбекақысын есептеу төтенше жағдайға дейін белгіленген көлемде жүргізіледі.                                                                          

Бүгінде білім саласының 20 мың қызметкері  волонтер ретінде су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысып жатыр. Оның ішінде 10 мыңнан астамы эвакуация пунктерінде.Сонымен қатар педагогтерді қолдау мәселесі пысықталып жатыр.
Бұл жаңалық туралы  Оқу-ағарту министрлігінің  Facebook-тегі  ресми парақшасында  жарияланды.

Сол төтенше  жағдай жарияланған өңірдің педагогтері  аттестаттаудан Оқу-ағарту министрлігі белгілеген жекелеген  мерзімдерде өтеді. Тасқын су салдарынан баспанасыз қалған педагогтер үшін аттестаттаудан өту келесі жылға ауыстырылады, - делінген министрліктің хабарламасында.

Су тасқыны болған өңірлерде мұғалімдерге төтенше жағдай жарияланғанға дейін алып жүрген ай сайынғы жалақыларын алады, бұл  өңірлерде  педагогтердің аттестаттаудан өту мерзімі де кейінге ауыстырылады.

ҰБТ-дағы өзгерістер

Биыл ҰБТ-да бірқатар өзгерістер бар. Қазақстан тарихы пәнінің сұрақтары беске көбейіп, керісінше оқу сауаттылығының сұрақтары азайған.

"Қазақстан тарихы" пәнінің бір нұсқасында 20 тест тапсырма (20 балл) болады: 1-ден 10-ға дейін – бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тест тапсырмалары, 11-ден 20-ға дейін – контекстке негізделген тапсырмалар (5 сұрақтан 2 контекстік мәтін).
"Оқу сауаттылығы" пәнінде талапкерлерге 3 мәтін бойынша 15 тест сұрағы (15 балл) беріледі.

Сонымен қатар ҰБТ тапсырмаларының құрылымы да өзгеріске ұшырайды:
1 дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін;
1 немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында (3 дұрыс жауаптан көп емес) нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін қысқарады. 

2023 жылы ҰБТ өзгеріп, мәтіндік сұрақтар саны артады

Білім беру салалары бойынша 2023 жылғы шекті балдар келесідей:

"Құқық" – кемінде 75 балл;
"Педагогикалық ғылымдар" – кемінде 75 балл;
"Денсаулық сақтау" – кемінде 70 балл;
"Ауыл шаруашылығы және биоресурстар", "Ветеринария" – кемінде 60 балл.
Берілген өтініштердің саны – 2 рет тапсыру мүмкіндігін ескере отырып, 330 116 адамнан, оның ішінде 293 186-сы – биыл мектеп бітіретін түлектерден, оның 59 799-ы су тасқынынан зардап шеккен 6 өңір түлектерінен.

Осы жаңалыққа қатысты, сарапшысы Аяжан  Ахметжан былай пікір білдірді. 

Ұлттық Біріңғай Тестілеуде таңдау пәндерінің шектік балын көтеру керек. Мысалы "50 балдан бес бал алса грантқа түсе беред деген" шектік бал өте төмен. 10 пайыз шектік бал қою, - дейді.


«Жайлы мектеп»

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы алдымен Мемлекет басшысының Жолдауында айтылды.  Былтыр елде  250-ден астам мектеп іске қосылған. Биылтағы 230-дан астам мектепті пайдалануға беру жоспарланыпты. Осыған қарамастан мәселе әлі өткір күйінде қалып отыр.Жобаның жалпы бюджеті – 2,6 трлн теңге. Оның 1 трлн 960 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 646,5 млрд теңгесі Ұлттық қордан бөлінеді. Биыл 499,9 млрд теңгені, 2024 жылы – 1 трлн 038,3 млрд теңгені, 2025 жылы 1 трлн 068,2 млрд теңгені игеру жоспарланып отыр. Бұл ретте бөлінген қаржының 2 трлн 36 млрд теңгесі мектептердің құрылысына, ал 243 млрд теңгесі пайдалануға берілген білім ордаларын күтіп ұстауға жұмсалады.

Министрдің жазбасына қарағанда, кейінгі 10 жылда мектеп оқушыларының контингенті 1 млн балаға өскен. Бүгінде бала саны 3,7 млн-ға жетті. Сондықтан ұлттық жоба қолға алынып, ол бойынша 2025 жылдың соңына дейін 842 мың оқушыға арналған жаңа, заманауи, жайлы мектептер салу жоспары әзірленді. Аталмыш жоба бойынша  2023-2025 жылдар аралығында  401 мектеп салынбақ. Алматыда бірінші кезеңде 13 мектеп салу жоспарланған», – деді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының төрағасы Әуез Таймбетов.

2025 жылға дейін елімізде 401 жаңа мектеп салынады.

Ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін елімізде 401 жаңа мектеп салу қарастырылып отыр. Заманға сай салынатын бұл мектептер 842 мың оқушыға шақталған. Осының нәтижесінде, елдегі үш ауысымды оқу үдерісінен құтылуға мүмкіндік бар. Мәселен, Алматы облысында салынатын 63 жаңа мектепте 136 мыңға жуық бала оқитын болады. Ал елордадағы 24 жаңа мектеп 88 мың оқушыны қабылдауға қауқарлы, – деді Samruk-Kazyna Construction компаниясын басқарушы – Мәулен Айманбетов.

Тағы қосар болсақ, Мемлекеттік  меншіктегі мектептерді  жекеменшікке беруге заң жүзінде тыйым салынбақ. 2024 жылы  мектептердің, қосымша білім беру мекемелерінің,  жекеменшікке  кетіп  қалуына тосқауыл қойылады  деп  күтілуде. 

Әдемі Анарбекова,

ЕҰУ-дың 2 курс студенті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға