Жаңалықтар

2018 жылғы қазақстандық бестселлерлер

Қуаныш Шонбайдан Ермек Тұрсыновқа дейін
2018 жылғы қазақстандық бестселлерлер
27.12.2018 14:24 8375

“Меломан” дүкендер желісінің аналитиктері осы жылы ең көп сатылған (2-4 мың дана аралығында) 10 отандық авторды атады. Бір қызығы авторлар ішінде бірде-бір кәсіби жазушы жоқ екен.

1. “Мы не ругаем своих детей”, Дана Орманбаева

Баланы қалай тәрбиелеген дұрыс? Ол айтқаныңызды бұлжытпай орындаса дейсіз бе әлде өз ойы бар азамат болып өскенін қалайсыз ба? Төрт баланың анасы, публицист Дана Орманбаеваның бұл сұрақтарға өз жауабы бар. “Мы не ругаем своих детей” кітабында ол баланың өз бетімен шешім қабылдап, критикалық ойлай алатын адам ретінде қалыптасуы тікелей ата-ананың тәрбиесіне байланысты дейді.

2. “Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт”, Кәмшат Бекжігітова

“Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт” кітабында автор өз өмірінен сыр шертеді. Кәмшат Бекжігітова - бизнесвумен, үш баланың анасы. Өз кітабында Кәмшат өмірінің ең қиын кезінде депрессиядан қалай шығып, өзі мен айналасына деген көзқарасын өзгергерту арқылы қалай өз ісін бастағаны жайлы әңгімелейді.

3. “Беспредел”, Геннадий Бендицкий

Журналистің ең мықтысы - журналистік зерттеу саласында жүргендер дейтін тұжырым бар. Онда Геннадий Бендицкийді қазіргі қазақстандық журналистиканың заңғары деуге толық негіз бар. Журналистік зерттеу саласының дамуына сүбелі үлес қосқан автор былтыр дүниеден өткен еді. Марқұмның есімін есте сақтау мақсатында жарық көрген кітапта журналистің үздік зерттеу мақалалары жинақталған.

4. “Екінші болма! Жеңіске жетудің қазақша жолы”, Қуаныш Шонбай

Қуаныш Шонбай - қарапайым даяршыдан Қазақстандағы үздік кәсіпкерлердің біріне айналған қазақ. Қазіргі таңда ол негізін салған Rumi Group желісінде оннан аса мейрамханалар мен кафелер бар. Кәсіпкердің айтуынша, мұндай жетістікке жетуге себепші болған - білім. “Екінші болма! Жеңіске жетудің қазақша жолы” кітабы арқылы автор өз тәжірибесімен бөлісіп, оқырманның бизнес жүргізу бойынша білімін арттырғысы келеді.

5. “Әйел”, Ләйлә Сұлтанқызы

Ләйлә Сұлтанқызын таныстырып жатудың қажеті жоқ шығар. “Әйел” кітабында тележүргізуші әйелдердің қоғамда талқылау ұят саналатын мәселелер көтерілген. Автордың айтуынша, кітапта өзіне хат жазған 123 әйелдің сұрақтарына жауап беру үшін отандық білікті психологтар, медицина қызметкерлері кеңес берген көрінеді. Еске сала кетсек, Ләйлә Сұлтанқызының “Екінші кітабы” 2017 жылғы рейтинг бойынша 7-орында болған еді.

6. “Черная кровь Казахстана”, Олег Червинский

“Черная кровь Казахстана” кітабы қазақстандық журналист, мұнай-газ саласындағы аналитик Олег Червинскийдің қаламынан туған. Кітапта автор Қазақстанның мұнай тарихын тізіп, көптеген оқиғалар бойынша сыр шертеді. Ал кітаптың атауы арқылы Олег Червинский мұнайдың Қазақстан экономикасына “қан” жүгіртетін құрал екенін меңзеген екен.

7. “Мелочи жизни”, Ермек Тұрсынов

Былтырғы рейтингте екінші орында болған бұл кітаптың биыл да оқырманы көп болған секілді. “Мелочи жизни” кітабында Ермек Тұрсынов балалық шағынан бастап кино әлеміне дейінгі естеліктерімен бөліседі. Бұл кітаптан кейін автор “Жили-были” атауымен тағы бір естеліктер жинағын жариялаған еді. Бірақ ол “Мелочи жизни” сияқты табысты болмағанға ұқсайды.

8. “Приоритеты”, Алмаз Шарман

Қазақстандық дәрігер, ғалым Алмаз Шарманның кітабында қазіргі медицинаның бағыты, ондағы ғылыми және технологиялық басымдық жайлы мақалалар мен сұқбаттар жарияланған. Автор дәрігер ретінде денсаулықты қалай сақтау жолдарын қарастырады. Кітаптың негізгі бөлігі гаджеттер (түрлі цифрлық құралдар) арқылы денсаулықты бақылау мәселелеріне арналған.

9. “Обо мне и не только”, Баян Мақсатқызы

Былтыр бүкіл рекордты жаңартқан Баян Мақсатқызының кітабы әлі де сұранысқа ие көрінеді. Басынан өткен қайғылы жағдайдан кейін авторды әйелдердің тағдыры толғандыра бастаған екен. “Обо мне и не только” - Баянның тұрмыста зорлық көрген әйелді қорғаудың орнына айыптай жөнелетін қоғамға деген назы.

10. “Хобби и деньги”, авторы - Асқар Аманбаев

Коуч-тренер Асқар Аманбаевтың кітабы табысқа жету жолдарын қарастырады. Автор хоббиді қаражатқа айналдыру бойынша кеңестер беріп, қажет құралдарды ұсынады. Кітаптың екінші бөлімінде сүйікті ісін бизнеске айналдырған 15 адамның табыс тарихы сипатталған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға