Бүгін 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/16 финалында Бразилия құрамасы Жапониямен кездеседі. Ойын кешкі 22:00-де басталады. Турнир басталар алдында өткен жолдастық кездесуде бразилиялықтар өз тарихында алғаш рет жапондарға есе жіберген еді. Сондықтан бұл жолы бес дүркін әлем чемпиондары сол сәтсіздіктің есесін қайтарып, алтын жүлде үшін күресті жалғастыруға бар күшін салмақ.
Топтық кезең
Карло Анчелотти жаттықтыратын Бразилия құрамасы С тобында 7 ұпай жинап, бірінші орын алды. Дәл осындай көрсеткішке Марокко құрамасы да қол жеткізді. Алайда бразилиялықтар соғылған және жіберілген доптар айырмасы бойынша (7:1) қарсыласынан басым түсіп, топ жеңімпазы атанды.
Жапония құрамасы топтық кезеңнен аса жарқын ойын көрсетпесе де, жеңіліссіз өтті. Хадзимэ Мориясу баптайтын команда 2026 жылғы әлем чемпионатындағы алғашқы матчында Нидерландпен 2:2 есебімен тең ойнап, тартысты кездесу өткізді. Кейін Тунисті 4:0 есебімен ойсырата жеңді.
Топтық кезеңнің соңғы турында жапондар Швециямен 1:1 есебімен тең түсіп, турнирдегі ең тартымсыз ойындардың бірін өткізді. Матч басталмай тұрып-ақ қос командаға да тең нәтиже қолайлы болатын. Соның нәтижесінде қарсыластар екінші таймның алғашқы бөлігінде бір-бір голдан соғып, кейін кездесуді аса жоғары қарқынсыз аяқтады.
Екі жұлдыздың тағдыры ұқсас
Футбол тарихында жарақаттан кейін қайта оралып, әлемдік деңгейде жеңіске жеткен ойыншылар көп емес. Солардың ішіндегі ең жарқын мысалдардың бірі – Роналдоның 2002 жылғы әлем чемпионатындағы ерлігі. Енді дәл осындай сценарий Бразилия құрамасының тағы бір аңызы – Неймардың мансабында қайталануы мүмкін деген пікірлер айтылып жатыр.
2026 жылғы әлем чемпионатында Бразилия құрамасына ұзақ үзілістен кейін қайта шақырылған Неймардың айналасындағы пікірталас кездейсоқ емес. Бірі оны құраманың басты үміті десе, енді бірі жарақатқа бейімділігіне байланысты мұндай шешімді тәуекел деп санайды.
Роналдо да, Неймар да өз дәуірінің ең дарынды футболшылары саналады. Бірақ олардың мансабындағы ортақ белгі – ауыр жарақаттар.
1998 жылғы әлем чемпионатынан кейін Роналдо бірнеше жыл бойы тізе жарақатынан көз ашпады. Кейбір дәрігерлер оның кәсіби футболға қайта оралатынына күмән келтірді. Ол екі жылға жуық ресми матчтарға қатыса алмады. Соған қарамастан, бас бапкер Луис Фелипе Сколари әлем чемпионатына апару туралы тәуекелді шешім қабылдады.
Сол кезеңде бұл шешім қоғамда үлкен дау тудырды. Өйткені құрамадан тәжірибелі шабуылшы Ромарио тыс қалып, оның орнына ұзақ уақыт ойнамаған Роналдо шақырылды. Қалғаны – тарих.
Роналдо турнирдің үздік сұрмергені атанып, финалда Германия қақпасына екі гол соғып, Бразилияны бесінші әлем чемпиондығына жеткізді.
Неймардың жағдайы қандай?
Неймар да соңғы бірнеше жылын жарақатпен өткізді. Әсіресе тізе жарақатынан кейін оның халықаралық деңгейге қайта оралу мүмкіндігіне күмәнмен қарағандар аз болған жоқ.
Дегенмен соңғы айларда ол клубтық деңгейде жақсы ойын көрсетіп, физикалық дайындығын қалпына келтіре бастағанын дәлелдеді. Осыны ескерген бас бапкер Карло Анчелотти тәжірибелі футболшыны әлем чемпионатына қосуға шешім қабылдады.
Бұл жерде Анчелоттидің таңдауы Сколаридің 2002 жылғы шешімін еске салады. Екі бапкер де ойыншының қазіргі статистикасына ғана емес, оның үлкен матчтардағы тәжірибесі мен психологиялық әсеріне сенім артты.
Әлем чемпионатын тәжірибе жеңеді
Әлем чемпионаттарының тарихына қарасақ, мұндай турнирлерде тек физикалық дайындық емес, психологиялық төзімділік пен тәжірибе де шешуші рөл атқарады.
Неймар – Бразилия құрамасының барлық уақыттағы үздік сұрмергені. Ол әлемдік футболдың қысымын, шешуші кездесулердің жауапкершілігін жақсы біледі. Мұндай ойыншылар кейде бір ғана сәтте матч тағдырын өзгерте алады.
Сондықтан оның алаңдағы әр минуты статистикадан әлдеқайда маңызды болуы мүмкін. Сонымен бірге қауіп те сақталып отыр.
Неймардың басты мәселесі – жарақаттардың жиілігі. Соңғы маусымдарда ол бірнеше рет ұзақ уақытқа қатардан шығып қалды. Әлем чемпионаты секілді қысқа турнирде кез келген бұлшықет немесе тізе жарақаты құраманың жоспарын толық өзгертіп жіберуі мүмкін.
Бұған қоса клубтық деңгейдегі нәтижені әлем чемпионатына автоматты түрде көшіру мүмкін емес. Ұлттық құрамалар арасындағы турнирдің қарқыны мен қысымы мүлде басқа.
2002 жылғы сценарий қайталана ма?
Тарих ешқашан дәлме-дәл қайталанбайды. Бірақ футболда символикалық ұқсастықтар жиі кездеседі. 2002 жылы жанкүйерлер Роналдоға сенбеді. Алайда Сколари сенді.
2026 жылы дәл сондай жағдай Неймардың төңірегінде қалыптасып отыр. Бұл жолы оған сенім білдірген маман – Карло Анчелотти.
Әрине Неймардың қайта оралуы автоматты түрде чемпиондыққа кепілдік бермейді. Қазіргі әлем футболындағы бәсекелестік бұрынғыдан әлдеқайда жоғары. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, әлем чемпионаттарында кейде бір ойыншының қайта жаңғыруы тұтас құраманың тағдырын өзгертіп жатады.
Егер Неймар денсаулығын сақтап, турнир барысында толық бабына келсе, Бразилия тағы бір тарихи оқиғаның куәсі болуы әбден мүмкін. Ал егер жарақат мәселесі қайта мазаласа, бұл тәуекелді шешім ретінде ғана есте қалуы ықтимал.
Сондықтан Неймардың 2026 жылғы әлем чемпионатындағы өнері тек бір футболшының емес, тәуекелге барған бапкердің таңдауы қаншалықты дұрыс болғанын анықтайтын маңызды сынақ болмақ.