200 мыңнан астам ауыл оқушысы жайлы мектептерде білім алады

Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, екі жыл ішінде ұлттық жоба аясында 460 мың оқушы орнына арналған 217 заманауи мектеп салынуда. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Бүгінгі таңда 105 білім беру нысанының құрылысы аяқталды, ал қалған 112 мектеп 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Ұлттық жоба тұрғылықты жеріне қарамастан, заман талабына сай сапалы біліммен қамтамасыз етуге бағытталған, - деді министр.
Сондай-ақ Ғани Бейсембаев жайлы мектептердің жартысына жуығы ауылдық жерлерде салынып жатқанын атап өтті. Осылайша, 200 мыңнан астам ауыл баласын қазіргі заманғы жайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету жоспарланған.
Бұл мектептердің артықшылығы – онда оқушыларға қолайлы, эргономикалық білім беру кеңістігінің құрылуында. Мектептердің көлемі типтік жобаларға қарағанда, 15-20%-ға үлкен, ал техникалық жарақтануы 4 есе артық, - деді ол.
