20 млн еуроға тұтас бір ауыл сатылады

 Village at Lyons/Sotheby's International Realty
Фото: Village at Lyons/Sotheby's International Realty

Ирландияның Килдэр графтығында тұтас бір ауыл сатылымға қойылды.

illage at Lyons деп аталатын тарихи кешенді жаңа иесі 20 миллион еуроға сатып ала алады. Бұл сомаға тас үйлер, паб, шіркеу, су диірмені және канал жағасындағы кең аумақ кіреді.

Ауыл Дублин қаласынан небәрі жарты сағаттық жерде орналасқан. Жалпы аумағы шамамен 20 акрды құрайды. Қазір бұл орын бес жұлдызды Cliff at Lyons қонақүйі ретінде жұмыс істеп тұр.

Кешен аумағына ағаштармен көмкерілген жабық аллея арқылы кіруге болады. Мұнда бірнеше тарихи ғимаратта орналасқан 32 нөмір, сондай-ақ екі бөлмелі, асүйі бар бес коттедж бар. Сонымен қатар қонақтарға арналған жабық және ашық спа-аймақ, бірнеше мейрамхана жұмыс істейді. Олардың қатарында кезінде Michelin-нің екі жұлдызын алған Aimsir мейрамханасы да болған. Алайда ол 2025 жылдың басында жабылған.

Village at Lyons-тағы спа. Sotheby's International Realty

Сатылымды Sotheby’s International Realty агенттігі жүргізіп отыр. Кешен құрамында кітапхана, үй кинотеатры, арт-студия, йогаға арналған кеңістік және ашық аспан астындағы джакузи сияқты қосымша мүмкіндіктер де қарастырылған.

Бұл ауыл бір кездері қараусыз қалып, тозығы жеткен еді. Алайда 1990-жылдары Ryanair әуе компаниясының негізін қалаушы Тони Райанның бастамасымен қайта қалпына келтірілді. Қалпына келтіру жұмыстары кезінде тарихи келбетін барынша сақтауға ерекше көңіл бөлінген. 2016 жылдан бері кешен инвестор Барри О’Каллаганның иелігінде болған. Ол мұнда люкс санатындағы қонақүй ашқан.

Village at Lyons тек жылжымайтын мүлік ретінде емес, толық дайын тарихи ауыл ретінде ұсынылып отыр. Оны әрі қарай қонақүй кешені ретінде дамытуға немесе жеке резиденция ретінде пайдалануға болады.

Тарихы

Village at Lyons ауылының негізі XVIII ғасырдың соңында қаланған. Ол Дублинді Шаннон өзенімен жалғайтын Ұлы каналдың бойында орналасқан.

Бір кездері бұл жерде ұн тартатын диірмен жұмыс істеген. Оны атақты поляр зерттеушісі Эрнест Шеклтонның туысы Джозеф П. Шеклтон басқарған. Сонымен қатар ауылда казарма, ұстахана және бірнеше тұрғын үй болған.

Кейін диірмен өртеніп кеткен соң, ауыл біртіндеп құлдырап, ғимараттар қаңырап бос қалған. Ал негізгі қалпына келтіру кезеңі 1999 жылдан 2008 жылға дейін жалғасқан.

Оқи отырыңыз