Үкімет басшысы Олжас Бектенов хабарлағандай, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жол қозғалысы ережелерін бұзуды есепке алудың балдық жүйесі сынақтан өткізіліп жатыр.
Жылына 20 балл – жарты жылға құқықтан айыру
Премьер-министрдің айтуынша, жүйелі түрде ереже бұзатын жүргізушілермен күресу үшін Ішкі істер министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп балдық жүйені әзірлеген. Қазір ол Астана, Алматы және Шымкентте тестілік режимде енгізілді.
«Бір күнтізбелік жыл ішінде 20 балл шегіне жету – жүйелі құқықбұзушылық белгісі болып саналады. Осы межеге жеткен жағдайда көлік құралын басқару құқығы алты ай мерзімге тоқтатылады», – деді Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында.
Балдар тек қаулы заңды күшіне енгеннен кейін ғана есептеледі. Яғни жүргізушілер шешіммен келіспеген жағдайда, оны шағымдана алады.
Жүргізуші куәлігінен жарты жылға айырылғаннан кейін оны қайта алу үшін жол қозғалысы ережелері бойынша емтиханды қайта тапсыру қажет болады.
20 балл – жаяу жүргіншілерге де қатысты
Бұл жүйе тек жүргізушілерге ғана емес, жүргізуші куәлігі жоқ адамдарға да қолданылады. Егер жаяу жүргінші немесе басқа қозғалыс қатысушысы 20 балл жинаса, оған алты ай бойы жүргізуші куәлігін алуға тыйым салынады.
Сонымен қатар, пилоттық жоба қорытындысы бойынша жүйелі құқықбұзушыларға әсер ету шарасы ретінде психологиялық бағалау енгізу мәселесі де қарастырылады.
Бектеновтың айтуынша, қазіргі таңда орташа жылдамдық өлшенетін жолдардың жалпы ұзындығы шамамен 2,1 мың шақырымды құрайды. Болашақта бұл жүйе тағы 1,5 мың шақырым жолға кеңейтіледі.
Жүйе енгізілетін жолдар қатарында: «Қызылорда – Арал», «Қостанай – Троицк», «Ақтөбе – Орынбор», «Балқаш – Бурылбайтал», Тараз қаласының айналма жолы, «Қостанай – Денисовка», «Шу – Бурылбайтал», «Қандыағаш – Мақат» бағыттары бар.
Бұған дейін сенаторлар айыппұлдарды азайту немесе тәртіпті жүргізушілерді ынталандыру үшін 50 пайыздық жеңілдіктер енгізуді ұсынған болатын. Алайда премьер-министр мұндай тәжірибенің құқықбұзушылық санын азайтатыны дәлелденбегенін айтты.
«Жол қозғалысы ережелерін сақтау – жүргізушінің тікелей міндеті. Бұл – қандай да бір жеңілдік немесе артықшылық алуға негіз емес. Сондықтан қосымша ынталандыру шаралары қажет емес», – делінген жауапта.
Сонымен қатар, Қазақстанда сақтандыру жүйесі арқылы экономикалық ынталандыру бар екені атап өтілді: тәртіпті жүргізушілер үшін сақтандыру арзандайды, ал ереже бұзатындар үшін керісінше қымбаттайды.
Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында сот жантүршігерлік жол апатына кінәлі такси жүргізушісіне үкім шығарған еді. Апат салдарынан Германия азаматтары – жас әйел, оның әкесі және жұбайы қаза тапқан.