Жаңалықтар

20-21 маусымда Астанада Халықаралық волонтерлер форумы өтеді

20-21 маусымда Астанада Халықаралық волонтерлер форумы өтеді
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 06.06.2023 15:40 1241

Бұл туралы АҚДМ вице-министрі Данияр Қадыров мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

20-21 маусымда Астана қаласы Бейбітшілік және келісім сарайында Халықаралық волонтерлер форумын өткізу жоспарлануда. Халықаралық іс-шараға әлемнің 34 елінен 40-тан астам спикер, сонымен қатар Қазақстанның барлық өңірінен делегаттар қатысады. Барлығы 400-ге жуық адамның қатысуы жоспарлануда, оның 140-қа жуығы шетелдік қатысушылар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері. Форумға қатысуға қызығушылық танытқандардың көптігіне және волонтерлердің ұсынысына орай, өңірлік қатысушы-волонтерлер арасында іріктеу конкурсы өтті. Оның қорытындысы бойынша 80 волонтер өңірлік делегат ретінде танылды, - деді ол.

Айта кетейік, белсенді волонтерлік ұйымдарды форум жұмысынан тыс қалдырмау мақсатында ел арасында танымал волонтерлік ұйымдарды қосымша шақыру қарастырылуда.

Вице-министрдің сөзінше, форумның негізгі мақсаты – волонтерлер қозғалысын дамыту және қолдау саласындағы қазақстандық тәжірибені таныстыра отырып, халықаралық аренада елдің оң имиджін қалыптастыру. Сонымен бірге волонтерлер мәртебесін, ынтымақтастығын және өзара байланысын арттыру.

Форумды ілгерілету, кеңінен таныту мақсатында оның ұраны, хэштэгі мен логотипі бекітілді.

Форумның ұраны «Тектегі ізгілікті оят!» деп алынудың өзі осы форум баршаны өз бойындағы ізгілікті оята отырып, жақсылық жасауға шақырудың жаршысына айналатындығын көрсетеді. Логотипінде «Ізгілік тегі» символы ретіндегі ДНҚ фрагменті адам түрінде бейнеленген. Себебі әрбір адамның генетикалық кодында тектің ерекше түрі бар. Бұл жынысына, жасына, ұлтына және басқа да ерекшеліктеріне қарамайтын, барлық адамдарға тән «Ізгілік тегі». Ал адам – бұл волонтер сұлбасы, адамзаттың өзара көмек пен ынтымақтастыққа дайындығын білдіреді, - деді ол.

Форумды дайындау жұмыстарына Қазақстандағы БҰҰ-ның Еріктілер бағдарламасының өкілдігі, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығы, «Ұлттық волонтерлік желісі» және басқа да волонтерлік және халықаралық ұйымдар қолдау көрсетіп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға