1996 жылғы рекорд қайталанды: Қазақстанның жас биологтары сенсация жасады

1996 жылғы рекорд қайталанды: Қазақстанның жас биологтары сенсация жасады
Фото: gov.kz

Литваның Вильнюс қаласында өткен 37-ші Халықаралық биология олимпиадасы (International Biology Olympiad, IBO-2026) өз мәресіне жетті.

 Әлемдегі ең беделді зияткерлік жарыстардың біріне 84 елден 330-дан астам дарынды жас биолог қатысып, теориялық және практикалық кезеңдерде өз білімдері мен зерттеушілік қабілеттерін сынға салды.

Олимпиада барысында қатысушылар күрделі теориялық тапсырмаларды орындап қана қоймай, жоғары деңгейдегі зертханалық тәжірибелерден де өтті. Бұл кезеңдер терең биологиялық білімді, ғылыми талдау қабілетін және тәжірибелік машықты талап етті.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 3 күміс және 1 қола медаль жеңіп алып, ұлттық құраманың 1996 жылы тіркелген ең үздік нәтижесін қайталады. Бұл – еліміздің жас биологтарының халықаралық деңгейдегі жоғары дайындығын көрсететін маңызды жетістік.

Жүлдегерлер:

  • Қайыркен Ерсұлтан – Павлодар облысындағы «Білім-инновация» дарынды ер балаларға арналған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы – күміс медаль;
  • Желтова Софья – Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің (химия-биология бағыты) 11-сынып оқушысы – күміс медаль;
  • Әшірханов Әлихан – Алматы қаласындағы «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 9-сынып оқушысы – күміс медаль;
  • Меженина Евгения – Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің (химия-биология бағыты) 11-сынып оқушысы – қола медаль.

Құрама команданың жетекшілері:

  • Лейла Асқарова – MD, Nazarbayev University;
  • Ілияс Сәкімов – «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының әдіскері;
  • Кәмилә Садықова – Nazarbayev University зертханасының үйлестірушісі;
  • Дінмұхаммед Оразбаев – Астана медицина университетінің студенті.

Халықаралық биология олимпиадасы 1990 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Қазақстан бұл білім бәйгесіне 1994 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Өткен жылы ұлттық құрама төрт қола медаль жеңіп алған болса, биыл үш күміс пен бір қола медаль еншілеп, отандық биология білімінің халықаралық деңгейдегі әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Қазақстандық оқушылардың бұл жетістігі еліміздің ғылыми-білім беру саласының дамуына серпін беріп, халықаралық олимпиадалардағы табысты дәстүрдің жалғасып келе жатқанын көрсетті.

Оқи отырыңыз