Соңғы жылдары «шетелге кеткім келеді», «шетелде өмір сүрсем» деген сөзді жиі естиміз. Алайда сол елде қалып, мемлекеттік жүйеде қызмет етіп жүрген қазақстандықтарды көп кездестіре бермейміз. Әсіресе, Еуропаның қатаң тәртібі мен талаптары бар құрылымында еңбек ету – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Осындай жолды таңдаған жандардың бірі – Шымкентте өсіп, бүгінде Германияның мемлекеттік қызметінде жұмыс істеп жүрген Мәншүк Назарбай. Оның өмір жолы – кездейсоқ шешім емес, тәуекел, табандылық және үздіксіз ізденістің нәтижесі.
Германияға кету туралы шешім оның өмірінде тосыннан пайда болмағанымен, жүрек қалауы мен жастық сезімнің әсері болғанын өзі де жасырмайды.
Мен Шымкентте өстім. Кейін грантпен Алматыға оқуға түстім. Сол жерде болашақ жарыммен таныстым. Ол Германияға кететінін айтқанда, мен де бірге баруға шешім қабылдадым. Әрине, ол кезде бұл шешімде жастыққа тән аңғалдық та болды. Бірақ дәл сол қадам менің бүкіл өмірімді басқа арнаға бұрды. 2001 жылы Германияға келдім. Қазір ойласам, бұл тек махаббат үшін жасалған шешім емес, тағдырымдағы ең маңызды бетбұрыс болды, – дейді Мәншүк Назарбай.
Бөтен елге бейімделу – әсіресе жастай барған адам үшін оңай емес. Тіл, мәдениет, қоғам – бәрі жаңа. Оның үстіне, ол кезде қазіргі сияқты интернет те, ақпаратқа қолжетімділік те болмаған.
Германияға келгенде небәрі 19 жаста едім. Қазақстаннан басқа ештеңе көрмегенмін. Қазіргідей интернет жоқ, телефон жоқ. Бәрін нөлден бастау керек болды. Ең қиыны тіл болды. Басында ағылшын жеткілікті шығар деп ойладым. Бірақ күнделікті өмірде, маңызды сәттерде оның жеткіліксіз екенін түсіндім. Сол кезде неміс тілін терең меңгеру керек екенін ұқтым. Сол шешім менің бүкіл болашақ жолымды айқындап берді, – дейді ол.
Тілді меңгеру оның табысының басты кілтіне айналған. Бүгінде ол бірнеше тілде еркін сөйлейді.
Мен қазақ және орыс тілдерінде сөйлеп өстім. Ағылшын тілін де бала кезден үйрендім. Германияға келген соң неміс тілін меңгердім. Кейін ортаға байланысты түрік тілін де үйрендім. Қазір итальян тілін оқып жүрмін. Жалпы, тілді үйрену үшін сол ортада өмір сүру керек. Бұл – мен түсінген ең үлкен сабақтардың бірі, – дейді кейіпкер.
Мәншүк Назарбайдың айтуынша, Германияда жұмыс табу да бірден жүзеге аса қоймаған. Ол үшін уақыт, тәжірибе және үздіксіз даму қажет болған.
Германияда бірден қалаған қызметке тұру қиын. Бірақ егер өзіңмен жұмыс істеп, өз жолыңды іздесең, жаңа мүмкіндіктер ашылады. Алғашқы жұмысымда қалалық деңгейде қабылданған шешімдерді құжаттап отырдым. Бұл өте жауапты жұмыс. Себебі сен жай ғана мәтінмен емес, тарихтың бір бөлігімен жұмыс істейсің, – дейді ол.
Қазіргі таңда ол Мюнхен қаласының әкімшілігінде қаржы бөлімінде қызмет етеді. Оның жұмысы – мемлекеттік бюджет пен салық қаражатын тиімді басқару.
Қазір мен қазынашылықта, қаржы бөлімінде жұмыс істеймін. Негізгі міндетіміз – бюджетті жоспарлау және мемлекеттік қаражатты жауапкершілікпен басқару. Біз азаматтардың төлеген салығымен жұмыс істейміз. Сондықтан әрбір шешім өте мұқият қабылданады. Ақшаны жай жұмсау емес, оны дұрыс бағытқа – білімге, мектептерге, әлеуметтік жобаларға бағыттау маңызды, – дейді Мәншүк Назарбай.
Оның айтуынша, Германиядағы жұмыс мәдениеті оның дүниетанымына айтарлықтай әсер еткен.
Бұл елдегі тәртіп, нақтылық, жүйелілік менің жұмысқа деген көзқарасымды өзгертті. Бірақ мен өзімнің қазақы тәрбиемнен алған қасиеттерімді де жоғалтқан жоқпын. Керісінше, икемділік, бастамашылдық, жауапкершілік сияқты қасиеттерім маған үлкен артықшылық берді, – дейді ол.
Бүгінде ол Германия азаматтығын алғанымен, өзінің түп-тамырын ұмытпағанын айтады.
Иә, мен Германия азаматтығын алдым. Бұл көптеген тұрмыстық мәселелерді жеңілдетті. Бірақ менің ішкі дүнием өзгерген жоқ. Мен өзімді ең алдымен қазақ қызымын деп сезінемін, – дейді кейіпкер.
Жиырма бес жылға жуық уақытын шетелде өткізген Мәншүк Назарбай өткеніне өкінішпен қарамайды. Керісінше, әрбір кезең оны шыңдағанын айтады.
Егер артқа қайтсам, ештеңені өзгертпес едім. Қиындықтардың бәрі мені бүгінгі деңгейге жеткізді. Бастысы – өзіңді бағалай білу керек. Көп мүмкіндік адам алғашқы қадам жасауға батылы жеткенде ғана пайда болады, – дейді ол.
Шетелде өмір сүріп, мансап құрғысы келетін жастарға да оның айтары бар.
Өзіңізді төмен бағаламаңыз. Қорықпаңыз. Жаңа ортаға бейімделу оңай емес, бірақ мүмкін емес деп те айтуға болмас. Ең бастысы – тіл үйрену, еңбекқор болу және өз жолыңнан таймау. Әркімнің жолы әртүрлі, бірақ мақсат айқын болса, нәтиже де болады, – дейді Германияда мемлекеттік қызметте жүрген қазақ қызы.