13 шілдеде әлем футболының ең жарқын жұлдыздарының бірі Ламин Ямал 19 жасқа толды. Біразы осы жаста кәсіби мансабын енді бастап жатса, «Барселона» мен Испания құрамасының вингері бірнеше тарихи рекордты жаңартып үлгерді. Енді ол 2026 жылғы әлем чемпионатында тағы бір тарихи жетістікке қол жеткізуге жақын.
Испания құрамасы әлем чемпионатының жартылай финалына шығып, Франциямен кездесуге дайындалып жатыр. Демек, 19 жастағы Ямалдың әлем чемпионы атану мүмкіндігі бар. Егер Испания турнирде топ жарса, ол Еуропа чемпионаты мен әлем чемпионатын жеңген ең жас футболшы атануы мүмкін.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
15 жасында негізгі құраммен алаңға шықты
Ламин Ямал 2007 жылы 13 шілдеде дүниеге келеді. Ол футбол әлеміне өте ерте танылады. 2023 жылдың сәуірінде небәрі 15 жасында «Барселонаның» негізгі құрамында дебют жасап, клуб тарихындағы ең жас ойыншылардың біріне айналады.
Оның ересектер футболына бейімделуіне көп уақыт қажет болған жоқ. Көп ұзамай Ямал Испания чемпионатында гол соғып, Ла Лига тарихындағы ең жас сұрмерген атанады. Чемпиондар лигасында да жасына қатысты бірнеше рекорд жаңартады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
16 жасында ұлттық құрама сапында рекорд жаңартты
2023 жылы Ямал Испанияның негізгі құрамасына шақырылады. 16 жа 57 күнде Грузияға қарсы ойында алаңға шығады. Осылайша Испания құрамасының ең жас ойыншысы атанады. Бірақ ол дебютпен ғана шектелмеді. Сол матчта гол соғып, ұлттық құрама тарихындағы ең жас сұрмерген болады.
16 жасында Еуропа чемпионы атанды
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ламин Ямалдың есімін бүкіл әлемге танытқан турнир – Еуро-2024. Ол 16 жас 338 күнінде Еуропа чемпионатында алаңға шығып, турнир тарихындағы ең жас ойыншы атанады. Жартылай финалда Франция қақпасына керемет гол соғып, Еуропа чемпионаты тарихындағы ең жас гол авторы болады.
Испания финалда Англияны жеңіп, чемпион атанады. Ямал 17 жасқа толғанына бір күн өткенде Еуропа чемпионы болады. Турнир қорытындысы бойынша Еуро-2024-тің үздік жас ойыншысы атанады.
2026 жылғы әлем чемпионатында да рекорд жаңартты
Ямал үшін алғашқы әлем чемпионаты да тарихи турнирге айналып отыр. 18 жасында ол әлем чемпионатында алты матч өткізген ең жас футболшы атанады. Испания плей-офф кезеңінде Аустрияны, Португалияны және Бельгияны жеңіп, жартылай финалға жолдама алады. Енді команда Франциямен финал жолдамасын сарапқа салады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Тарихи көрсеткіш жаңара ма?
Ламин Ямал 19 жасқа толған сәтте-ақ Еуропа чемпионы, Испания құрамасының үздігі әрі әлем футболының басты жұлдыздарының біріне айналып үлгерді. Егер Испания 2026 жылғы әлем чемпионатында жеңіске жетсе, Ямал тағы бір тарихи белесті бағындырады. Ол Еуропа чемпионаты мен әлем чемпионатын 19 жасында қатар жеңген алғашқы футболшы болуы мүмкін.
Сондай-ақ әлем чемпионатының финалына шығып, жеңіске жетсе, Килиан Мбаппеден де жас әлем чемпионы атанады. Мбаппе 2018 жылы 19 жасында Франция құрамасымен әлем чемпионатын жеңген еді. Дегенмен әлем чемпионатындағы абсолютті рекорд Пелеге тиесілі: бразилиялық аңыз 1958 жылы 17 жасында чемпион атанған.