Жаңалықтар

19 жасқа дейін халықаралық жарыстарға қатысқан емеспін – Нариман Құрбанов

19 жасқа дейін халықаралық жарыстарға қатысқан емеспін – Нариман Құрбанов
Фото: ҚР ҰОК 29.02.2024 08:31 85

The Kurbanov. Бұл – Халықаралық гимнастика федерациясы ресми жарыстарға қосқан элементтің атауы. Ал оның авторы – қазақстандық спортшы Нариман Құрбанов. Осы орайда спорттық гимнастикадан халықаралық аламандарда атой салып жүрген спортшымызбен аз-кем сұхбаттастық.

El.kz: Нариман, спорттық гимнастикаға қалай келдіңіз? Кім түрткі болды?

Нариман Құрбанов: Мені спортқа әкем ертіп келді. Өзі де гимнастикамен шұғылданған, тек айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізе алмаған. Сондықтан менде спорттан, нақтырағы, гимнастикадан басқа таңдау болған жоқ. Бала күнімде тек күнделікті жаттығуға келіп-кетіп қана жүрсем, 16 жасымда мен осы спорт түрінде нәтижеге жетуім керектігін түсіндім. Содан бері кәсіби түрде ден қоя бастадым.

Есімді білгелі анқыт күн тәртібімен өмір сүремін. Таңнан қара кешке дейін жаттығу жасап, үйге шаршап келесің де, тек жақсылап тынығуды ойлайсың. Көшеде ішімдік ішіп, бұзақылық жасап, мақсатсыз өмір сүретін қатарластарыма қарап қызығамын деп айта алмаймын. Көпшілігі тезірек мектеп бітірсем, одан қалды жоғары оқу орнын тәмамдап, қолыма дипломымды алсам деп қана ойлайды. Тіпті, өздеріне не ұнайтынын да білмейді. Ал менің нақты жоспарларым, соларға жетсем деген ниетім бар.

Өзім 19 жасқа дейін Алматыдан алысқа кеткен жоқпын. Өзбекстан мен Ресейде өткен жарыстарға ғана қатысқанмын. Шетелге баруға жағдай болмады.

El.kz: Сіз әдетте өзіңізге ыңғайлы элементтерді қалай таңдайсыз?

Нариман Құрбанов: Гимнастикада бар барлық элементтердің жиынтығын қолыма алып әбден зерттеп шығамын. Бұрын барлығын қатар тексеріп көре беретінмін. Нәтижесінде қайсысы қолайлы, қайсысы ауыр – соларды өзімше анықтайтынмын. Осы арқылы сирек кездесетін элементтердің қосындысын жасап алдым. Бүгінде мен жасайтын комбинация гимнастшылардың арасында ең күрделілерден саналады. Күнделікті жаттығулардың арқасында әрбір элементті аса бір қиындықсыз жасайтын деңгейге жеттім. Әр спортшы элемент таңдауда өзінің дене бітімін ескереді, сол секілді мен де бойымның, қолдарымның ұзындығын тиімді пайдаланып, өзіме қолайлы элементтердің басын біріктірдім.

El.kz: Сіздің жеке The Kurbanov деп аталатын элементіңіз бар. Қателеспесем, тәуелсіз Қазақстан тарихында өз атында элементі бар алғашқы гимнастшысыз. Мақтанарлық жағдай. Жаңа элементті ойлап табу қиын болды ма?

Нариман Құрбанов: Маған дейін тағы бір отандасымыз осындай құрметке ие болған. Бірақ ол Кеңес мектебінің түлегі.

Бірде аттың жанында элементтер жайлы ойлап тұрғанмын. Сонда ат арқылы екі қолмен алға жүру деген элемент бар, неге соны керісінше қайталамасқа деген ойға келдім. Бір қызығы, бұған дейін мұны ешкім жасап көрмепті. Сонан соң Халықаралық гимнастика федерациясы бұл жаңашылдықты қолдап, ресми жарыстардағы элементтер тізіміне қосты. Әрине, қуанышты жағдай. Өйткені ережеде The Kurbanov деген элемент тұрады.

El.kz: Ал әкемен жұмыс істеген қаншалықты оңай?

Нариман Құрбанов: Бастапқыда иындау болды. Себебі, үйде де, жаттығу залында да, көлікте де тек гимнастика жайлы әңгімелесеміз. Бұрын әрбір қателігім үшін ұрыс еститінмін. Қазір қайта көп араласа бермейді. Өйткені кішкентай бала ретінде емес, спортшы ретінде қарайды. Көрсеткіштерім үшін аз-маз сөз естіп қаламын, бірақ бұрынғыдай емес.

El.kz: Гимнастика – жарақаты көп спорт түрлерінің бірі. Мұндай келеңсіздіктер сізді де айналып өтпегенін білеміз. Осының бәрін анаңыз қалай қабылдайды?

Нариман Құрбанов: Анамның көнбеске амалы қалмаған. Уайымдайды ғой. Талай рет әкемді райынан қайтармақ та болды. Бірақ ол кісі кезінде өзі бағындыра алмаған белестеріне менің шыққанымды қалады. Барлық ата-ана сөйтетін шығар. Яғни менің гимнастикаға бет бұратыным дүниеге келгенімде-ақ анықталып қойған. Үйде менен бөлек әпкем бар. Ол да осы спорт түрімен шұғылданып, ұнамай кетіп қалса, менде таңдау еркі болған да жоқ.

El.kz: Бір сұхбатында танымал ресейлік гимнастшы Алексей Немов «Гимнастиканың күрделі болатындығы мұнда ойлай білу керек. Элементтердің барлығы қайталанатындай көрінеді, ал берілетін баға әртүрлі» деген болатын. Жалпы, елімізде осы спорт түріне қызығушылар көп пе?

Нариман Құрбанов: Бұрын бізде адамдар гимнастиканың нақты қандай спорт екенін түсіне де бермейтін. Көлікте, жолда кездесіп қалған кісілер біздің гимнастшы екенімізді білсе, оны көше спорты немесе көркем гимнастикамен шатастыратын. Қазір жағдай бөлек. Гимнастикаға балаларын әкелетін ата-аналар да көбейген.

El.kz: Шетелден шақыртулар болған жоқ па?

Нариман Құрбанов: Ұсыныстар болған жоқ. Шынымды айтсам, өзге елдің атынан өнер көрсету туралы ойлаған да емеспін. Жаттығу жасау бір бөлек, бірақ бөтен елдің намысын қорғауға келіспес ем.

El.kz: Соңғы уақытта өзіңізге назар көбейді. Жиі сұхбат алады, жанкүйерлер де сіз туралы сұрап жатады. Мұның бәріне өзіңіз қалай қарайсыз?

Нариман Құрбанов: Түсіністік танытуға тырысамын. Сұхбат жайлы ұсыныс жасаса, келісемін. Кез келген істі тез әрі уақытында шешкенді ұнатамын. Әлеуметтік желілерде кеңес сұрап жазатындар бар. Мүмкіндігім барынша оларға уақтылы, нақты жауап беруге тырысамын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға