Баланы бірнеше минутқа үйде жалғыз қалдыру, кешкі уақытта дүкенге жіберу немесе оның көшеде кіммен жүргенін бақыламау кей ата-ана үшін қалыпты жағдай болып көрінуі мүмкін. Алайда бала қауіпсіздігіне жауап беру – ата-ананың міндеті. Ал бұл міндет тиісінше орындалмаса, заң бойынша жауапкершілік қарастырылған. Қазақстан заңнамасында ата-ананың немесе баланың заңды өкілінің оны тәрбиелеу, денсаулығы мен қауіпсіздігіне қамқорлық жасау міндеттері белгіленген. Бұл талаптар қандай жағдайларда жауапкершілікке әкеледі және ата-аналар нені білуі керек?
Ата-ана бала үшін қандай жауапкершілік арқалайды?
Бала 18 жасқа толғанға дейін оның қауіпсіздігіне ата-анасы немесе заңды өкілі жауап береді. Заңды өкілдер қатарына ата-анадан бөлек бала асырап алушылар, қорғаншылар, қамқоршылар, патронат тәрбиешілер және заң бойынша баланың құқықтары мен мүдделерін қорғауға міндетті өзге де адамдар жатады.
Ата-ана баланың тәрбиесімен айналысып қана қоймай, оның денсаулығына, физикалық, психикалық, рухани және адамгершілік тұрғыдан дамуына қамқорлық жасауға міндетті.
Сонымен қатар ата-ана өз құқықтарын жүзеге асыру кезінде баланың дене және психикалық денсаулығына, адамгершілік дамуына зиян келтірмеуі керек. Тәрбие барысында немқұрайлылыққа, қатыгездікке, дөрекілікке және баланың қадір-қасиетін қорлайтын әрекеттерге жол берілмеуге тиіс.
Егер ата-ана немесе заңды өкіл осы міндеттерді орындамаса және баланың құқықтары бұзылса, заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылуы мүмкін.
Баланы қараусыз қалдырса не болады?
Бала қауіпсіздігі тек оның үйде тамақтануы немесе мектепке баруымен шектелмейді. Ата-ана баласының қайда, кіммен жүргенінен хабардар болып, жасына қарай тиісті бақылауды қамтамасыз етуі керек.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабында ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, оған білім беру, құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамауына байланысты жауапкершілік көзделген.
Мұндай мәселе баланың үйде, көшеде, көлікте немесе қоғамдық орында тиісті қараусыз қалуына байланысты туындауы мүмкін. Әсіресе ата-ананың бақылауының болмауы баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе, мәселе күрделене түседі.
Ал міндеттерді тиісінше орындамау баланың денсаулығына ауыр зардап әкелген жағдайда қылмыстық жауапкершілік мәселесі де туындауы мүмкін.
Түнде баланың көшеде жүруіне бола ма?
Заңнамада кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруіне қатысты нақты шектеулер бар.
Баланың ата-анасының немесе заңды өкілінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін болуына тыйым салынады.
Ал сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін кәмелетке толмаған бала заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерде жүрмеуі керек.
Бұл талап тек қаланың орталығында немесе үйден алыс жерде жүрген балаларға қатысты емес. Бала түнгі уақытта үйінің ауласында отырса немесе жақын маңдағы дүкенге шықса да, бұл талап ескеріледі.
Мұндай жағдайда полиция қызметкерлері баланың түнде сыртта жүру себебін анықтап, оның заңды өкілдерін іздейді. Ата-анасын немесе басқа заңды өкілін бірден анықтау мүмкін болмаса, кәмелетке толмаған бала полиция бөліміне жеткізілуі мүмкін.
Ата-анаға қандай жаза қарастырылған?
Кәмелетке толмаған бала заңды өкілінсіз түнгі уақытта ойын-сауық орнында болса, оның ата-анасына немесе заңды өкіліне әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін баланың ойын-сауық орнында заңды өкілінсіз болғаны үшін ата-анасына 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін.
Ал бала сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін тұрғын үйден тыс жерде заңды өкілінсіз жүрсе, ата-анасына алдымен ескерту жасалады. Осындай жағдай бір жыл ішінде қайталанса, 7 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Баланың түнгі уақытта ойын-сауық орнында болуына жол берген мекеме иелері де жауапкершіліктен босатылмайды. Оларға салынатын айыппұл мөлшері кәсіпкерлік субъектісінің санатына және құқық бұзушылықтың қайталануына байланысты белгіленеді.
Қауіпсіздік тек бақылаумен шектелмейді
Ата-ананың міндеті баланы үнемі қадағалап отырумен ғана шектелмейді. Балаға қауіп төнген жағдайда өзін қалай ұстау керегін де ерте жастан түсіндіру маңызды.
Мәселен, бала бейтаныс адаммен сөйлескенде немесе біреу оны ертіп кетуге әрекет жасағанда «жоқ» деп айтуға құқығы бар екенін білуі керек. Сондай-ақ қандай да бір жағымсыз жағдайға тап болса, оны ата-анасынан жасырмай айтуға дағдыланғаны жөн.
Жол қозғалысы ережелері, теміржолдан өту тәртібі, электр және газ құрылғыларын қауіпсіз пайдалану сияқты күнделікті ережелерді де түсіндіру қажет.
Ең бастысы, ата-ана баласының қайда және кіммен жүргенінен хабардар болып, онымен сенімді қарым-қатынас орнатуы керек. Өйткені бала қауіпсіздігі тек заң алдындағы міндет емес, күнделікті жауапкершіліктен басталады.
Ата-ана Әйгерім Маңғазықызы бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең алдымен отбасындағы күнделікті тәрбиеден басталады деп есептейді. Сондықтан ол баласына үйде де, көшеде де кездесуі мүмкін қауіптерді үнемі түсіндіріп отырады.
Үйде электр құралдарына, газға, ыстық заттарға жақындамауды, бөтен адамға есік ашпауды үйретемін. Көшеде жолдан тек бағдаршамға қарап, жаяу жүргіншілер өткелімен өтуді және бейтаныс адамдармен сөйлеспеуді түсіндіремін. Бала үйде жалғыз қалса немесе көшеге өзі шықса, ата-ана онымен үнемі байланыста болып, қайда жүргенін бақылауы керек деп ойлаймын. Өйткені баланың қауіпсіздігі – ата-ананың басты міндеті, – дейді ол.
Әйгерім ата-ананың бала өмірі мен денсаулығына қатысты заң алдындағы жауапкершілігі бар екенін білетінін айтады. Оның пікірінше, қолданыстағы талаптарды күшейткеннен гөрі, ата-аналардың құқықтық сауатын арттыруға көбірек көңіл бөлген жөн.
Меніңше, қазіргі талаптар жеткілікті. Бірақ ата-аналарға олардың жауапкершілігі туралы көбірек түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Ең бастысы – баланы үнемі бақылап қана қоймай, қауіпті жағдайлардың алдын алу. Бала – әр ата-ана үшін ең қымбат жан. Сондықтан оның өмірі мен қауіпсіздігі әрдайым бірінші орында тұруы керек, – дейді Әйгерім Маңғазықызы.