«18 жасқа дейін шектеу қояр едім»: ата-аналар әлеуметтік желі туралы

«18 жасқа дейін шектеу қояр едім»: ата-аналар әлеуметтік желі туралы
Фото: AI көмегімен жасалды

Балалардың әлеуметтік желіні пайдалануына жас шектеуін енгізіп жатқан елдердің саны артып келеді. Аустралия, Франция, Малайзия секілді мемлекеттер бұл бағытта нақты қадамдарға көшсе, Қазақстанда да 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне шектеу қою мәселесі талқыланып жатыр. Бұл бастамаға ата-аналар қалай қарайды?

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) мәліметінше, 2023 жылдың соңында мұндай бастаманы бір ғана мемлекет көтерсе, 2026 жылдың сәуіріне қарай олардың саны 25-ке жеткен. Ал UNICEF цифрлық ортадағы қауіп-қатердің сипаты өзгеріп, балаларды қорғаудың жаңа тетіктері қажет екенін ескертіп отыр.

Әлем елдері қандай шешім қабылдап жатыр?

Бұл бағытта ең батыл қадамдардың бірін Аустралия жасады. Елде 2025 жылдың желтоқсанынан бастап 16 жасқа толмаған балаларға TikTok, Instagram, Facebook, YouTube және басқа да әлеуметтік желілерді пайдалануға заң жүзінде тыйым салынды.

Еуропада әзірге бірыңғай талап жоқ. Соған қарамастан Норвегия, Польша және Аустрия 14-16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға шектеу енгізуді қарастырып жатыр. Германия, Португалия және Италияда ата-ананың келісімін міндеттеу мәселесі талқыланса, Франция бұл бағытта нақты қадам жасап үлгерді.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Франция парламентінің төменгі және жоғарғы палаталары 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіде аккаунт ашуына тыйым салатын заң жобасын қолдады. Құжат күшіне енсе, жаңа оқу жылынан бастап, яғни 1 қыркүйектен бастап қолданыла бастайды. Әлеуметтік желілерге 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін 15 жасқа толмаған балалардың бұрыннан бар аккаунттарын жою міндеті жүктеледі.

Сонымен қатар мектептің жоғары сыныптарында ұялы телефон пайдалануға қосымша шектеулер енгізіліп, платформалар пайдаланушылардың жасын арнайы тексеру жүйелерін енгізуге міндеттеледі. Бұл заң жобасы Францияның Денсаулық сақтау жөніндегі жоғары кеңесі 2025 жылдың соңында жариялаған есептен кейін дайындалған.

Мамандар TikTok, Instagram және Snapchat сияқты платформалардың балалардың өзін-өзі бағалауына кері әсер етіп, өзіне зиян келтіру, суицид және есірткі қолдану қаупін арттыруы мүмкін екенін ескерткен.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Азия елдері де осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Индонезия балалардың әлеуметтік желідегі аккаунттарына кезең-кезеңімен шектеу енгізуде. Малайзия 2026 жылдан бастап 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желі қолдануға тыйым салатынын жариялады. Ал Біріккен Араб Әмірліктері әлеуметтік желіні пайдаланудың ең төменгі жасын 15 жас деп белгіледі.

Қазақстанда қандай өзгеріс ұсынылып отыр?

Қазақстанда әзірге балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға заң жүзінде тыйым салынған жоқ. Алайда Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген заң жобасында 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілер мен видеохостингтерде жаңа аккаунт тіркеуіне шектеу енгізу ұсынылған.

Бұл талап WhatsApp немесе Telegram сияқты мессенджерлерге қолданылмайды. Ал балалардың жасын қалай тексеретіні әзірге нақты бекітілген жоқ. Қазір eGov жүйесі немесе биометриялық тексеру секілді бірнеше нұсқа қарастырылып жатыр.

«Маған салса, шектеуді 18 жасқа дейін қояр едім»

Семей қаласының тұрғыны, бес баланың анасы Әйгерім Маңғазықызы болса, Қазақстанда мұндай шектеуді енгізуді толық қолдайды.

Иә, қолдаймын. Себебі 16 жасқа дейінгі балалардың психикасы әлі толық қалыптаспаған. Әлеуметтік желіні шамадан тыс пайдалану олардың оқуына, денсаулығына және қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл жаста әлеуметтік желіні пайдалануға белгілі бір шектеулер болғаны дұрыс деп есептеймін, – дейді ол.

Тіпті оның пікірінше, шектеу жасын одан да жоғары белгілеуге болады.

Маған салса, шектеуді 18 жасқа дейін қояр едім. Қазір қайда барсаңыз да, автобуста болсын, көшеде болсын, жасөспірімдердің бәрі телефоннан көз алмайды. Бұл қазіргі заманның үлкен мәселесіне айналып барады, – дейді ана.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Әйгерімнің айтуынша, үйінде ата-аналық бақылау жүйесі қолданылады.

Менің бес балам бар. 15 және 10 жастағы балаларыма телефонды уақытпен ғана беремін. Ата-ана бақылауы деген бар, сол арқылы қанша уақыт пайдаланғанын, қандай контент көріп жүргенін бақылап отырамын. Ал алты және үш жасар балаларыма телефон ұстатпауға тырысамын. Кейде бес-он минут қана беремін, – дейді ол.

«Толық тыйымға қарсымын, бірақ шектеу қажет»

Алматылық үш баланың анасы Анар Лаубаева балаларға әлеуметтік желіні толықтай жабу дұрыс шешім емес деп есептейді. Дегенмен уақыт пен жас ерекшелігіне қарай шектеу болуы керек дейді.

Мен балаларға әлеуметтік желіні толықтай тыйым салуға қарсымын. Бірақ жасына сай шектеу қойылғаны дұрыс. Қазір интернетте бала психикасына кері әсер ететін түрлі видеолар мен контент өте көп. Оны бақылап отырған ешкім жоқ. Сондықтан жас ерекшелігіне қарай белгілі бір шектеу қажет деп ойлаймын, – дейді ол.

Анардың айтуынша, оның балалары телефонды күніне бір жарым сағаттан артық пайдаланбайды.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Балаларымның телефонын үнемі тексеріп отырамын. Не көріп жүргенін, қандай ойын ойнайтынын, әлеуметтік желіде қандай тақырыптарды қарайтынын бақылап жүремін. Менің ойымша, ең алдымен ата-ананың бақылауы маңызды, – дейді ата-ана.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, балалардың әлеуметтік желіге кіруіне жас шектеуін енгізу барған сайын кең таралып келеді. Бірақ сарапшылар заң қабылдаудың өзі жеткіліксіз екенін айтады. Ең маңыздысы – платформалардың жас тексеру жүйесінің тиімділігі, ата-аналардың бақылауы және балалардың цифрлық сауаттылығын арттыру.

Оқи отырыңыз