Жаңалықтар

18 түрлі аспапқа жан бітірген жас дарын туралы не білеміз?

18 түрлі аспапқа жан бітірген жас дарын туралы не білеміз?
Фото: Коллаж El.kz 01.03.2024 15:38 4527

Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан қазақтың музыкалық аспаптары талайды таңқалдырғаны сөзсіз. Көне аспаптарды қайта жаңғыртып, рухани мұрамыздың жандануына атсалысып жүрген өнерпаздың бірі – 18 жастағы Айдын Серікұлы. Бүгінде жас дарын 18 аспапты емін-еркін меңгерген. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі өнер иесімен тілдесіп, бұл аспаптарды қалай меңгергенін сұрап білді.

Павлодарлық Айдын Серікұлы 3 жасынан өнерге құштар болып өсті. Бүгінде өнерпаз Павлодар қаласындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университетінде орындаушылық өнер соның ішінде, дәстүрлі әнші мамандығы бойынша білім алып жатыр. Бір қызығы, ол әнді сырнаймен орындайды.

Жас дарыннан бұл тума талант па, әлде жақындарынан дарыған өнер ме деп сұрадық. Айтуынша, табиғаттан да, өзінің ынтасынан да жүре келе қалыптасқан өнер екен.

Түрлі аспапта ойнауым табиғаттың да әсерінен және өзімнің  де ынта-жігерімнен деп ойлаймын. Көп әсерін табиғат берді десем болады. Адамда бір пайыз талант болса, тоқсан тоғыз пайыз еңбекпен келеді деп жатады ғой. Сол себепті еңбегімнің арқасында 18 аспапты меңгердім. Алғашқы аспабымды үш жасымда үйрендім. Бала кезде алғаш рет балаларға арналған «Балақай» деп аталатын домбыраны қолыма алдым. Кейіннен ән айтып, төрт жасымда үйрендім. Алғашқы аспабым сол домбыра болатын, – дейді әнші.

Әр аспаптың өз тарихы және мінезі бар. Жас дарын меңерген 18 аспаптың ішінде ұмытылып бара жатқан саз аспаптары да бар екен. Көзден кеткен аспаптардың барын талант иесі жоққа шығармады.

Әрине, ондай аспаптар жеткілікті. Көптеген аспаптарымыз ұмыт болып барады. Оның бірі – үрмелі, ұрмалы, соқпалы, ішекті аспаптардың өзі бүгінгі күні кеңінен таралмай ұмыт бола бастады. Соның ішіндегі бір түрі – ыспалы аспаптар. Ішегі тарамыстан жуан етіп ысып жасалған нарқобыз деп аталатын қазақтың музыкалық аспабы бар. Бұл диапазонда ойналатын ыспалы музыкалық аспап. Өте қанық дауыс береді. Үрмелі аспаптардан сыбызғы, қурай бар. Одан кейін ішекті аспаптар қатарында адырна, барбыт, шертер аспабы қазіргі таңда аз қолданылатын болды. Айта берсең, ішің күйеді, – дейді ол.

Қазіргі таңда Айдын Серікұлының «Бес аспап» деп аталатын ансамблі бар. Оған өзі жетекшілік етеді. Осыдан екі жыл бұрын құрылған топ бүгінде біраз байқауларға қатысып, үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүлделі болған.

18 түрлі аспапқа жан бітірген жас дарын туралы не білеміз?

Осы аспаптарды қайта жаңғыртып, өзімнің ансамблімде қолданып келе жатырмын. Мықты талантты өнерпаздармен бірлесіп, жұмыс істеп жатырмыз. Екі жылдық тарихы бар. Шамамен 23 аспапта ойнаймыз. Бір туындыда 15-16 аспап қолданамыз. Сол аспаптармен ойнаған кезде ол сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Өйткені адам кейде әртүрлі күйде қуаныш та, мұңда болады. Сондай сезімдер болған уақытта өзіңнің ішіңде жаман дүниелер болса, соны сыртқа шығарып, жайлылық орнатып, кеудеңді кеңінен ашып, бір тыныс алуға осы аспаптар көмекке келеді, – дейді талант.

Кейіпкеріміз аспап деген өте қасиеттті дүние, әр аспаптың өзінің киесі бар екенін айтты. Тіпті, аспаппен байланысты мінез де соған қарай бұрмалана түседі деп отыр.

Аспапта ойнайтын адам іштей рухани бай болады. Жалпы көңіл-күй, ойлау қабілетіне болсын көптеген оң ықпалы бар, – дейді.

Музыкаға деген құштарлығы оның 18 аспаты меңгеруіне септігін тигізді. Саз аспаптардың тілін меңгергенімен қоймай, ол әншілік өнерді де бірге алып жүр. Бұл талант нағашы жұртынан дарыған екен.

Отбасымның да өнерге жақындығы бар. Мәселен менің атам домбыра жасайтын өте шебер адам болған. Бірақ ешқайсысы ән айтпаған. Ал өз жұртым күй шертіп, домбыра тартқан. Нағашы жұртымның барлығы әнші. Десе де, ешкім қолына аспап алмаған. Дүйім жұрттың ортасына келгенде ән де, күй де тартып жүрген жайым бар, – дейді дәстүрлі әнші.

Жас дарын бүгінде осы бір тарихы терең туындылардың нақышын бұзбай, қаз қалпында жеткізіп, тыңдармандарға ұсынсам деген шын ниетпен жүр. Өнерпаз біздің ғана емес, түркі мәдениметімен де жете таныс. «Бес аспап» деп аталатын фольклорлық ансамбілімен бірге Екібастұз қаласында үлкен концерт берді. Одан кейін Астана қаласында халыққа танымал «Тұран» этно-фольклорлық ансамбілімен бірігіп бір сахнада бірге бір туындыны орындады.

Жас дарынды байқаған азаматтар тарапынан ұсыныстар да түскен көрінеді. Бірақ ол жұмыстардың бәрі оны қызықтырмайтынын айтты. Десе де, «Қолыңда осынша мүмкіндіктер тұрған кезде әріқарай дамып, көп дүние жасағың келеді. Былай ұсыныстар көп болмаса да, арасында шығып жатады», дейді.

Қазір Айдын Серікұлы дәстүрлі әнші мамандығында оқып жатқасын, іштей армандарының да барын жасырмады.

Кейде іштей армандайтын кездерім болады. Үлкен республикалық сахна сарайларда үлкен концерт берсем екен деп ойлаймын. Мұндай мақсаттар бар. Жоспар көп. Арман да, мақсат та жеткілікті. Өзіммен, ансамбілмен жұмыс жасау үстіндеміз. Тоқтап қалмай әріқарай дамимыз. Өзің білген дүниеңді өсіп келе жатқан дарынды, талантты жастарға үйрету және қазақ өнерін бірінші қазақтарға танытып, одан кейін шама-шарқым жетіп жатса, шетелге таныту ойда бар, – дейді жас дарын.

Жас өнерпаз қазіргі таңда дәстүрлі ән мектептерін зерттеп жүр. Болашақта Халық әртісін немесе Еңбек сіңірген қайраткерін алу жолында еңбектену қажеттігін атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға