18 мың көрермен, әлемдік премьера: «Опералия-2026» қалай өтті?

18 мың көрермен, әлемдік премьера: «Опералия-2026» қалай өтті?
Фото: Астана опера

1,5 ай бойы Астананы әлемдік опера және балет өнерінің орталығына айналдырған «Опералия-2026» халықаралық фестивалі мәресіне жетті. Үш сахнада өткен өнер мерекесіне шамамен 18 мың көрермен жиналып, әлемнің бірнеше елінен келген әртістер өнер көрсетті.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен «Опералия-2026» халықаралық фестивалі осындай нәтижемен аяқталды.

Фестивальге Италия, Франция, Германия, АҚШ, Мексика, Оңтүстік Корея, Словения, Ресей, Болгария, Армения, Өзбекстан және Тәжікстаннан әртістер қатысты. Алайда фестивальдің басты ерекшелігі қатысушы елдердің көптігінде емес, бағдарлама мазмұнының байлығы мен әр қойылымның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанында болды.

Фото: Астана опера
Фото: Астана опера

Биыл театр ұжымы көпшілікке танымал спектакльдерді ғана ұсынумен шектелмей, тың жобаларға басымдық берді. Соның айқын дәлелі – фестивальдің қазақ ұлттық операсы «Қыпшақ қызы Аппақтың» әлемдік премьерасымен ашылуы. Қойылым халықаралық музыка сыншыларының да назарын аударды. Әзербайжандық өнертанушы Улькяр Алиева Belcanto.ru басылымында бұл операның көрерменді ертегілер әлеміне жетелейтін ерекше атмосферасы мен әсерлі сахналық шешімдерін жоғары бағалады.

Фестиваль аясында Джакомо Пуччинидің «Богемасы», Ребеканың «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» атты авангардтық балеті, Мариин театры солистерінің қатысуімен Петр Чайковскийдің «Аққу көлі», балаларға арналған «Көрмедегі суреттер» хореографиялық қойылымы, сондай-ақ Франко Дзеффирелли сахналаған Джузеппе Вердидің «Аида» операсы ұсынылды. Осылайша дәстүрлі классика мен заманауи ізденістер, ересектер мен балаларға арналған репертуар бір фестиваль аясында тоғысты.

Фото: Астана опера
Фото: Астана опера

Фестивальдің әсері тек кәсіби музыка сүйер қауыммен шектелген жоқ. Театрға алғаш келген көрермендердің де әсері ерекше болды.

Тәжікстаннан келген Майса Ахунова Астанаға алғаш рет келгенін айтып, опера театры өзін ерекше таңғалдырғанын жеткізді.

Фото: Астана опера
Фото: Астана опера

Ертегі дерсің! Оркестр де, әртістер де керемет. Қойылымды бір деммен көріп шықтым. Залдың сәулеті ерекше әсер қалдырды. Бұл сапарымыз ұзақ уақыт есте сақталады, – дейді ол.

Ал АҚШ-тың Калифорния штатынан келген Кен Моррис өзін опера жанкүйері емес екенін айтқанымен, қойылымнан кейінгі әсерін жасыра алмады.

Оркестр, декорация, костюмдер, жалпы атмосфера өте жоғары деңгейде болды. Мен кәсіби сыншы емеспін, бірақ көргенімнің расымен әсерлі болғанын сеніммен айта аламын, – деді ол.

Іскерлік сапармен келген Ұлыбритания азаматы Эндрю Пейн үшін театрға бару бастапқы жоспарында болмаған. Дегенмен, дәл осы кеш сапарының ең есте қалған сәттерінің біріне айналған.

Фото: Астана опера
Фото: Астана опера

«Жизель» балеті керемет әсер сыйлады. Әртістердің шеберлігі, оркестрдің орындауы, театрдың сәулеті – бәрі жоғары деңгейде. Қазақстандағы балет мектебінің мықты екенін естігенмін, бүгін соған көзім жетті. Бұл ұжым әлемнің үздік театрларынан еш кем түспейді, – деп бағасын берді ол.

Фестиваль барысында «Аида» операсы, Гала-опера концерті мен камералық залдағы бағдарламалар аншлагпен өтті. Әлеуметтік желілерде де көрермендердің пікірлері жиі жарияланды. Залда балаларымен келген отбасылар, студенттер, туристер мен тұрақты театр көрермендері қатар отырды.

Оқи отырыңыз