Бүгін, 23 тамызда, ел тарихындағы тұңғыш Құрылтай сайлауына орай жалпыұлттық онлайн-марафон өтіп жатыр. Ауқымды медиажоба сайлау барысы туралы жан-жақты ақпарат таратып, қоғам өміріндегі өзекті мәселелерді талқылауға арналған.
Тікелей трансляция сағат 09:00-де басталып, түнгі 00:30-ға дейін жалғасады. 16 сағат бойы көрерменге сайлау процесіне қатысты жедел ақпарат, сараптамалық пікірлер, тікелей қосылымдар, арнайы репортаждар мен түрлі форматтағы бағдарламалар ұсынылады.
Марафон алаңында осы уақыт аралығында Орталық коммуникациялар қызметінің алты брифингі өтіп, сайлау процесіне қатысты ресми ақпараттар ұсынылды. Сонымен қатар эфир барысында сарапшылар мен түрлі сала мамандарының қатысуымен пікірталастар ұйымдастырылып, көрермендерге арнайы репортаждар мен танымдық форматтар ұсынылды.
«Теплоходтағы сұхбат» форматында әжелер ансамблінің мүшесі Ырзақұл Жәнібекова қонақ болды. 74 жасында Түркияда парапланмен ұшып, әлеуметтік желілерде танымал болған кейіпкер белсенді өмір салты мен өз тәжірибесі туралы әңгімеледі.
Ток-шоу алаңында «Еңбек адамы» тақырыбы талқыланды. Бағдарламаға шахтер Ақерке Сырымбекқызы, профориентолог Айдос Жұманазар және ҚҚДИ сарапшысы, әлеуметтанушы Ақнұр Иманқұл қатысып, еңбек адамының қоғамдағы рөлі, мамандық таңдауы және әлеуметтік әділет мәселелерін сөз етті. Сондай-ақ «Әділетті Қазақстанның» басты қағидаларының бірі – заңның баршаға бірдей болуы, елге қайтарылған заңсыз активтердің қайда және қалай жұмсалып жатқанының қоғам үшін маңызы талқыланды.
«Марафон қонағы» форматында дубляж режиссері Шахмұрат Ордабаев пен дубляж актері Заңғар Әбенов сұхбат берді. Эфир барысында «Өрмекші адам: Жаңа күн» фильмінің қазақша дубляжының қалай жүзеге асырылғаны және қазақ тіліндегі дубляжға сұраныстың артып келе жатқаны туралы айтылды.
Touch Screen интерактивті алаңында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы мен әлеуметтік даму көрсеткіштері ұсынылды. Жаһандық инвестициялық рейтингте Қазақстан 17 позицияға жоғарылап, 150 елдіңішінде 53-орынға көтерілді. Орталық Азияда еліміз Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан жоғары көрсеткішке ие болды. Білім беру саласында соңғы алты жылда 1200-ден астам мектеп салынды. 2019 жылы 91 нысан пайдалануға берілсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 162-ге жетіп, 1,8 есеге артты. Сонымен қатар соңғы үш жылда бала бақшалар саны 720-ға көбейіп, 12 066-ға жетті.
Жасанды интеллект тақырыбы да марафонның негізгі бағыттарының бірі болды. «Марафон қонағы» форматында PhD, профессор, жасанды интеллект маманы Тамара Жұқабаева ЖИ дәуірінде адам бойында сақталуы тиіс қасиеттер туралы пікір білдірді. Эфирде технологиялық өзгерістер жағдайында адамгершілік, жауапкершілік және адами құндылықтардың маңызына назар аударылды.
Алматыдағы SKY студиясында «Бұқаралық спорттың дамуы» тақырыбыталқыланды.Дзюдодан Қазақстанқұрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов бұқаралық спортты дамыту, азаматтардың белсенді өмір салтын қалыптастыру және дене шынықтыруға қызығушылықты арттыру жолдары туралы сөз қозғады. Бағдарламада Алматы тұрғындарының таңертең саябақтарда, арнайы жолақтар мен спорт алаңдарында жүгіруі және жаттығуы секілді үрдістерді одан әрі дамыту мәселесі қарастырылды.
Марафонның алаңында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова Ұлы Дала өркениетінің тарихи және құқықтық ерекшеліктері туралы ой бөлісті. Ол адамзат тарихында заң ұғымы адамның санасында берік орныққан қоғамдардың болғанына тоқталып, Ұлы Дала өркениетінің осы тұрғыдағы мұрасын зерделеуге назар аударды.
Осылайша, жалпыұлттық онлайн-марафон эфирінде сайлау процесін ақпараттық қамту мен қатар, еңбек адамы, құрылыс, қазақ тіліндегі дубляж, жасанды интеллект, бұқаралық спорт және Ұлы Дала өркениеті сияқты қоғам үшін маңызды тақырыптар қамтылуда.
Жалпыұлттық онлайн-марафон өз жұмысын жалғастырып жатыр. Тікелей трансляция түнгі 00:30-ға дейін жалғасып, көрермендерге сайлау барысына қатысты жедел ақпарат, ресми брифингтер, сараптамалық пікірлер, арнайы репортаждар мен түрлі форматтағы бағдарламалар ұсынылады.
Жалпыұлттық онлайн-марафон Құрылтай сайлауының өту барысын кеңінен ақпараттандырып, елдегі қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық және мәдени мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретін ауқымды медиажоба.