Спортты дамыту дирекциясы алда келе жатқан Азия ойындарына орай «Азия ойындарына жол» жобасын бастады. Жоба аясында гимнастшы Ақмарал Ерекешева өзі туралы сирек кездесетін мәлімет айтқан. Соның бірнешеуін назарларыңызға ұсынамыз.
«Қатаң тәртіп болмаса, жетістікке жетпейсің»
Қызығы сол, 2026 жылы Ақмарал Ерекешева қатысып жатқан әр жарыс дебют ретінде тіркеліп жатыр. Ересектер қатарында топқа қосылған өрен талайдың таңдайын қақтырғаны анық. Әсіресе, жақында ересектер арасындағы әлем чемпионатында үздік алтылыққа енді. Бұл – 16 жастағы спортшы үшін айтулы жетістік.
Естеріңізде болса, Ерекешева былтыр Болгарияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарды. Ақмарал үшін келесі белес – Азия ойындары.
Сонымен, Ақмарал Ерекешева туралы сіз біле бермейтін деректерді тізейік. Алғашқысы, Ақмаралды анасы 4 жасында көркем гимнастикаға әкелген. Ал гимнастикаға деген махаббатын оятқан ұстазы – Меруерт Төлегенқызы.
Талантты спортшы көркем гимнастикада жетістікке жетудің оңай емесін. Жетістіктің жолында талай нәрсені құрбан етуге боларын атап өтті.
Менің ойымша, көркем гимнастикада ең қиыны – тәртіпке бағыну. Себебі тәртіп болмаса, жетістікке жетпейсің. Бапкердің қатаң тәртібінің арқасында күн сайын жаттығасың, бар күшіңді саласың, – деп атап өтті гимнаст «Азия ойындарына жол» жобасына берген сұхбатында.
«Сурет салғанды ұнатамын»
Ақмаралдың айтуынша, оның карьерасындағы ең жарқын сәт – жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жаруы. Одан кейін ересектер арасындағы әлем чемпионатына қатысып, алтылыққа енгені.
Осы әлем чемпионатында өз кумирімді көрдім. Германиялық Дарья Варфоломеев – әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы. Ол мен үшін үздік гимнастшы. Біз бір-бірімізді қолдап, құттықтадық, – деді Ақмарал Ерекешева.
Сұхбат соңында өзінің алдағы Жапонияда өтетін Азия ойындарына тыңғылықты дайындалып жатқанын, барын салатынын жеткізді.
Біз күн сайын дайындаламыз. Тек физикалық түрде емес, миымызды да жаттықтырамыз. Мақсатым – көк туымызды биікке көтеру. Алдағы Азия ойындарында елімізді лайықты түрде танытуға тырысамын. Жанкүйерлердің қолдауын сеземін. Алда келе жатқан бәсекеде де барынша жанкүйер болады деп ойлаймын, – деді гимнастшы Ақмарал Ерекешева «Азия ойындарына жол» жобасына берген сұхбатында.