15 қыркүйек – соңғы күн: кімдер табысы туралы декларация тапсыруы керек

15 қыркүйек – соңғы күн: кімдер табысы туралы декларация тапсыруы керек
Фото: El.kz коллажы

15 қыркүйекке дейін кейбір қазақстандықтар 2025 жылғы табысы мен мүлкі туралы 270.00 нысанындағы декларацияны тапсыруы керек. Декларацияны кімдер тапсырады, онда қандай мәліметтер көрсетіледі және белгіленген мерзімнен кешіккендерге қандай жауапкершілік қарастырылған? Бұл сұрақтарға Мемлекеттік кірістер комитеті түсініктеме берді.

2026 жылы кімдер декларация тапсырады?

Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың табысын әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Гүлден Хасенованың айтуынша, биыл қазақстандықтар 2025 жылғы табысы мен мүлкі туралы есеп береді. 270.00 нысанындағы декларацияны келесі санаттағы азаматтар тапсыруға міндетті:

  • мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары;
  • заңды тұлғалардың басшылары және олардың резидент жұбайлары;
  • жарғылық капиталдағы үлесі 10 пайыздан асатын заңды тұлғалардың құрылтайшылары мен қатысушылары және олардың резидент жұбайлары;
  • банктердің, сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары және бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары, сондай-ақ олардың резидент жұбайлары;
  • нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар және кәсіби медиаторлар;
  • шетелде мүлкі немесе белгіленген шектен асатын қаражаты бар банк шоттарының иелері;
  • цифрлық актив иелері;
  • 2025 жылы құны 20 мың АЕК-тен асатын мүлік сатып алған азаматтар;
  • салықты өз бетінше төлеуге тиіс табыс алған тұлғалар;
  • жекелеген салықтық шегерімдерді қолданған азаматтар.

20 мың АЕК-тен асатын сатып алу

Декларация тапсыруға негіз болатын жағдайлардың бірі – 2025 жылы жалпы құны 20 мың АЕК-тен асатын мүлік сатып алу.

Мысалы азамат 2025 жылы 70 миллион теңгеге пәтер және 15 миллион теңгеге автокөлік сатып алса, оның декларация тапсыру міндеті туындайды. Бұл талап Қазақстан аумағындағы ғана емес, шетелдегі мүлікке де қатысты.

2026 жылы 20 мың АЕК 86,5 миллион теңгеден асады.

Автокөлікті қымбатқа сатқан жағдайда

Тағы бір негіз – азаматтың салықты өзі төлеуі тиіс табыс алуы. Мысалы, адам 2025 жылы автокөлікті 10 миллион теңгеге сатып алып, сол жылы оны 15 миллион теңгеге сатса, салық салынуға тиіс мүліктік табыс пайда болады.

Бұл талап тек жылжымайтын мүлік пен көлікке ғана емес, бағалы қағаздар мен басқа да активтерге қатысты.

Декларацияда қандай мәліметтер көрсетіледі?

270.00 нысанында жағдайға қарай өз бетінше салық салынатын табыстар, салықтық шегерімдер, жекелеген дебиторлық және кредиторлық берешектер, сондай-ақ шетелдегі активтер көрсетіледі. Мысалы 2025 жылғы 31 желтоқсанда азаматтың шетелде жылжымайтын мүлкі немесе заңнамада белгіленген шектен асатын қаражаты бар шетелдік банк шоты болса, бұл ақпарат декларацияда көрсетілуі қажет.

Мысалы, азаматтың Түркияда пәтері немесе Швейцариядағы банк шотында 500 мың еуросы болса, тиісті мәліметтерді декларацияға енгізуі керек.

Мемлекеттік қызметшілерге талап қатаңырақ

Мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар үшін қосымша талаптар бар. Олар сатып алынған немесе сатылған мүлік туралы оның құнына қарамастан ақпарат көрсетуі тиіс.

Мысалы, мемлекеттік қызметші 2025 жылы 29 миллион теңгеге пәтер сатып алса, бұл мәміле декларацияда көрсетіледі. Сонымен бірге оның сатып алуға жұмсалған қаражаттың қайдан алынғанын түсіндіруі қажет.

Қаражаттың бір бөлігі бұрынғы пәтерді сатудан, екінші бөлігі ипотекалық қарыздан немесе қарызға алынған ақша есебінен төленуі мүмкін.

Егер азамат ақшаны біреуден қарызға алса, декларацияда қарыз берген адамның деректері мен сомасы көрсетілуі тиіс. Ал басқа жеке тұлғалар үшін қаражат көзін көрсету талабы мүлік құны 20 мың АЕК-тен асқан жағдайда қолданылады.

Сыйға берілген мүлік те декларацияда көрсетіледі

Мүлік азаматқа сыйға берілген жағдайда да оны декларацияда көрсету қажет. Бұл ретте сыйға тартқан адамның деректері және сыйға берілген мүліктің құны жазылады.

Декларацияны 15 қыркүйекке дейін тапсыру керек

270.00 нысанын тапсырудың соңғы мерзімі – 15 қыркүйек сағат 12:00-ге дейін.

Декларацияны электронды түрде немесе тұрғылықты жері бойынша қағаз нұсқада беруге болады. Бұл мүмкіндіктерді пайдалану мүмкін болмаған жағдайда құжатты пошта арқылы жіберуге рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда пошта мөртабанындағы күн 15 қыркүйектен кеш болмауы керек.

Мерзімінен кеш тапсырса не болады?

Декларацияны белгіленген уақытта тапсырмаған азаматқа әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Алғаш рет заңбұзушылық жасалған жағдайда ескерту беріледі. Егер бір жыл ішінде талап қайта бұзылса, 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. 2026 жылы бұл сома 64 875 теңгені құрайды.

Сондықтан декларация тапсыру міндеті бар азаматтарға құжаттарды соңғы күнге қалдырмай, қажетті мәліметтерді алдын ала тексеріп, 15 қыркүйек сағат 12:00-ге дейін есептілікті ұсынған жөн.

Оқи отырыңыз