15 қыркүйек – декларация тапсырудың соңғы күні: кімдер есеп беруі керек?

15 қыркүйек – декларация тапсырудың соңғы күні: кімдер есеп беруі керек?
Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстанда кейбір азаматтар 2025 жылғы табысы мен мүлкі туралы 270.00 нысанындағы декларацияны 15 қыркүйекке дейін тапсыруы керек. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді.

Комитеттің жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Гүлден Хасенованың айтуынша, декларация тапсыру міндеті азаматтардың бірнеше санатына қатысты.

Кімдер декларация тапсыруы керек?

270.00 нысанын мына азаматтар тапсыруға міндетті:

* мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген тұлғалар, сондай-ақ олардың жұбайлары;
* заңды тұлғалардың басшылары және олардың резидент жұбайлары;
* жарғылық капиталдағы үлесі 10 пайыздан асатын заңды тұлғалардың құрылтайшылары мен қатысушылары және олардың резидент жұбайлары;
* банктердің, сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары және бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары;
* нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар және кәсіби медиаторлар;
* шетелде мүлкі немесе белгіленген шектен асатын қаражаты бар азаматтар;
* цифрлық актив иелері;
* 2025 жылы құны **20 мың АЕК-тен асатын** мүлік сатып алған азаматтар;
* салықты өз бетінше төлеуге тиіс табыс алғандар;
* жекелеген салықтық шегерімдерді қолданған азаматтар.

20 мың АЕК-тен асатын сатып алулар

Егер азамат 2025 жылы жалпы құны 20 мың АЕК-тен асатын мүлік сатып алса, декларация тапсыруға міндетті. Бұл талап Қазақстандағы және шетелдегі мүлікке де қатысты.

Мысалы, азамат 2025 жылы 70 миллион теңгеге пәтер және 15 миллион теңгеге көлік сатып алса, декларация тапсыруы керек.

Сондай-ақ көлікті сатып алып, сол жылы қымбатырақ бағаға сатқан жағдайда да салық салынатын мүліктік табыс пайда болуы мүмкін. Бұл талап бағалы қағаздар мен басқа да активтерге қатысты.

Декларацияда не көрсетіледі?

270.00 нысанында жағдайға қарай өз бетінше салық салынатын табыс, салықтық шегерімдер, кейбір дебиторлық және кредиторлық берешектер, сондай-ақ шетелдегі активтер көрсетіледі.

Мысалы, азаматтың шетелде пәтері немесе белгіленген шектен асатын сомасы бар шетелдік банк шоты болса, бұл ақпарат декларацияда көрсетілуі тиіс.

Мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар мүлікті сатып алу немесе сату фактілерін **құнына қарамастан** декларацияда көрсетуге міндетті. Сонымен қатар мүлікті сатып алуға жұмсалған қаражаттың қайдан алынғанын да көрсетуі қажет.

Ал қалған азаматтар үшін сатып алынған мүліктің құны 20 мың АЕК-тен асқан жағдайда қаражаттың қайнар көзін көрсету талабы қолданылады.

Декларацияны 15 қыркүйекке дейін тапсыру керек

Декларацияны 15 қыркүйек күні сағат 12:00-ге дейін тапсыру қажет.

270.00 нысанын электронды түрде немесе тұрғылықты жері бойынша қағаз нұсқада тапсыруға болады. Сондай-ақ пошта арқылы жіберуге мүмкіндік бар. Бұл жағдайда пошта мөріндегі күн 15 қыркүйектен кеш болмауы тиіс.

Декларацияны уақытында тапсырмаған жағдайда алғаш рет ескерту жасалады. Ал бір жыл ішінде талапты қайта бұзған жағдайда 15 АЕК, яғни 2026 жылы 64 875 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.

Оқи отырыңыз