Жаңалықтар

15 қазақстандық оқушы Израильден елге жеткізілді

15 қазақстандық оқушы Израильден елге жеткізілді
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 16.10.2023 17:10 1096

Сыртқы істер министрлігі Израильден елге қайтарылған қазақстандықтар туралы ақпарат берді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Израиль мен Палестинадағы жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарының қақтығыс аймағынан шығуын ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл міндетті шешу үшін Қазақстанның Израиль, Египет және Иорданиядағы елшілігі жұмылдырылған. Биыл 16 қазанындағы жағдай бойынша Қазақстанның Израильдегі елшілігіне 100 - ден астам азамат елден кетуге жәрдемдесу туралы өтініш жасады, - деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Смадияровтың айтуынша, олардың бір бөлігі қазақстандық дипломаттардың көмегімен елден өз бетінше кеткен.

Мысалы, кеше Қазақстанның Израильдегі елшілігінің күшімен біздің 19 азаматтың, оның ішінде арнайы бағдарламалар бойынша оқыған 15 баланың ұшып шығуы ұйымдастырылды. Азаматтарымыздың қауіпсіз кетуін қамтамасыз ету мақсатында дипломаттар Израильдің әртүрлі өңірлерінен балаларды тікелей әуежайға дейін жеткізді, - деді Смадияров.

Бұған дейін Air Astana әуекомпаниясы отанына оралғысы келген Қазақстан азаматтарын әкету үшін Алматы - Тель-Авив - Алматы бағыты бойынша Израильге рейс орындайтыны хабарланған болатын.

Қазақстанның Тель-Авивтегі елшілігінің бағалауы бойынша Израильде консулдық есепте тұрмаған 400-ден астам Қазақстан азаматы болуы мүмкін. Бұл ақпарат әлі нақтыланбаған, осындай болжам жасалып отыр. 

Естеріңізге сала кетейік, 7 қазан күні таңертең Израиль Газа секторынан жаппай зымыран шабуылына ұшырады. Елдің қорғаныс армиясының бағалауы бойынша Израиль аумағында екі мыңнан астам зымыран атылған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға