Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына құжат қабылдау науқаны басталды. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, талапкерлер 2026-2027 оқу жылына арналған колледждерге құжаттарын 25 маусымнан бастап тапсыра алады.
Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында колледждерге 140 мың грант орны бөлінген. Оның ішінде техникалық мамандықтарға бөлінетін орын саны ұлғайтылған.
Талапкерлер құжаттарын eGov.kz порталы арқылы онлайн немесе колледждердің қабылдау комиссияларына барып тапсыра алады.
Қабылдау қалай жүргізіледі?
Орта буын мамандықтары мен қолданбалы бакалавриат бағдарламаларына түсушілер арасында конкурс аттестаттағы міндетті және бейіндік пәндердің орташа балы негізінде өткізіледі.
Ал жұмысшы біліктілігін алуға ниетті талапкерлер колледждерге әңгімелесу нәтижесі бойынша қабылданады.
Педагогикалық бағытты таңдаған талапкерлер эссе немесе диктант жазса, медициналық және шығармашылық мамандықтарға түсушілер арнайы және шығармашылық емтихан тапсырады.
Құжат қабылдау мерзімдері
Оқу-ағарту министрлігі әр бағыт бойынша құжат қабылдау мерзімдерін жариялады:
- жұмысшы біліктілігі бойынша – 25 маусымнан 27 тамызға дейін;
- орта буын мамандықтары бойынша (9 және 11 сынып базасында) – 25 маусымнан 22 тамызға дейін;
- шығармашылық мамандықтар бойынша – 25 маусымнан 20 шілдеге дейін;
- педагогикалық мамандықтар бойынша – 25 маусымнан 10 тамызға дейін;
- медициналық мамандықтар бойынша 9 сынып базасында – 25 маусымнан 10 тамызға дейін, ал 11 сынып және техникалық-кәсіптік білім базасында – 25 маусымнан 15 тамызға дейін;
- кешкі оқу нысаны бойынша – 25 маусымнан 20 қыркүйекке дейін.
ЖОО-ларға да құжат қабылдау басталды
Айта кетейік, бұған дейін еліміздегі жоғары оқу орындарына құжат қабылдау науқаны да басталған болатын.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 20 маусымнан бастап талапкерлер Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарына құжат тапсыра алады. ҰБТ нәтижесін алып, грант конкурсына қатыспайтын талапкерлер құжаттарын ақылы бөлімге қабылдау үшін өткізуде.
Ал мемлекеттік гранттар конкурсына қатысуға өтінімдер 13-20 шілде аралығында қабылданады. Өтінімді жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы, сондай-ақ eGov порталы мен виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы онлайн тапсыруға болады.
Грант иегерлері қашан белгілі болады?
Министрліктің хабарлауынша, 2026 жылғы білім беру гранттарының иегерлері 10 тамызға дейін жарияланады.
Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.
Талапкерлерге оқу бағдарламалары, шығармашылық және арнайы емтихандар, жатақхана мәселесі мен қабылдау шарттары туралы нақты ақпарат алу үшін өздері таңдаған оқу орнының қабылдау комиссиясына жүгіну ұсынылады.