Көпшілік жасөспірімдер жазғы демалысты ойын-сауыққа, достарымен серуендеуге немесе әлеуметтік желіде уақыт өткізуге арнайды. Ал Павлодар қаласының 13 жастағы тұрғыны Әмірхан Асанов әлеуметтік желіні табыс көзіне айналдырып үлгерген. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Threads платформасында контент жариялау арқылы айына шамамен 200 мың теңге табыс табады. Оның үстіне бұл жұмысқа күніне небәрі 30 минут уақыт жұмсайды.
Әмірханның кәсіпкерлікке қызығушылығы ерте жастан басталған. Өзінің айтуынша, кішкентай кезінен-ақ бірдеңе сатып, ақша табудың жолдарын ойлап жүретін. Тіпті ойыншықтарын сатуға тырысқан кездері де болған. Сол қызығушылық уақыт өте келе контент жасаумен ұштасып, бүгінгі нәтижеге алып келген. Жасөспірім бір жыл бұрын Павлодардағы дайындық орталығында оқып, кейін Назарбаев Зияткерлік мектебіне түскен. Қарқынды оқу бағдарламасына қарамастан, ол сабақ пен қосымша жұмысын қатар алып жүруге мүмкіндік тапқан.
Ең маңыздысы – уақытты дұрыс жоспарлау. Егер тәртіп болса, бәріне үлгеруге болады, – дейді ол.
Әмірханның контент жасауға келуі де кездейсоқ емес. НИШ-ке түсуге дайындалып жүргенде интернеттен пайдалы материалдар іздеп, оқушыларға арналған сапалы әрі қызықты контенттің аз екенін байқайды. Бір жағында құрғақ теория болса, екінші жағында тек көңіл көтеруге арналған видео көп екенін түсінеді. Осы олқылықты көрген ол білім мен ойын-сауықты біріктіретін контент жасауға бел буады. Алғашында TikTok пен YouTube платформаларына оқушыларға арналған қысқа видеолар түсірген. Пайдалы ресурстарды таныстырып, оқу процесін жеңілдететін кеңестермен бөліскен. Оның контенті көп ұзамай миллиондаған қаралым жинап, аудитория қалыптастыра бастайды.
Кейін қазақстандық ielts.gg білім беру платформасы мектеп оқушылары арасында контент авторларын іздейтін хабарлама жариялайды. Әмірхан бұл ұсынысты бірден қабылдаған. Жұмыс жүйесі қарапайым. Ол Threads желісінде IELTS емтиханына дайындыққа қатысты пайдалы ақпараттар мен кеңестер жариялайды. Жазбаларға платформаның қызметі табиғи түрде енгізіледі. Егер оқырман Әмірханның жеке сілтемесі арқылы курс сатып алса, ол әр сатылымнан 11 пайыз комиссия алады.
Бүгінде оның күнделікті жұмысы нақты жүйеге құрылған. Алдымен Threads-тегі трендтерді зерттеп, аудиторияның қызығушылығын талдайды. Кейін жазбаларды дайындап, белгілі бір уақыт аралығында жариялайды. Бір пост жазуға орта есеппен үш-төрт минут кетеді. Жасанды интеллект құралдарын да көмекші ретінде пайдаланады. Мәселен, Claude визуалды идеялар ұсынса, Gemini суреттерге арналған тапсырмалар дайындауға көмектеседі. Ал ChatGPT арқылы трендтерді зерттейді. Дегенмен мәтіндердің барлығын өзі жазады.
Жақсы нәтиже берген посттардың бәрі өзімнің жұмысым. Threads алгоритмдері жасанды интеллект жазған мәтіндерді анықтайды және олардың таралуын шектейді, – дейді Әмірхан.
Алғашқы айларда ол күніне бірнеше жазба жариялап, қандай контенттің жақсы нәтиже беретінін зерттеген. Бір айдың ішінде 128 пост жариялап, алғашқы 250 мың теңге табысын тапқан. Қазір оның айлық табысы тұрақты түрде 200 мың теңге шамасында сақталып отыр. Бұл нәтиже Әмірханға ielts.gg платформасындағы ең тиімді авторлардың қатарына кіруге мүмкіндік берген. Ол жүздеген автордың арасынан топ-5 қатарынан көрінген.
Бір қызығы, оның табыс тауып жүргенін мектептегі көптеген мұғалімдері мен сыныптастары білмейді. Білгендерінің өзі алғашында сенімсіздік танытқан.
Көп адам смартфон арқылы осындай табыс табуға болатынына сенбейді. Бірақ мен біреуге бірдеңе дәлелдеуге тырыспаймын, – дейді ол.
Алайда Әмірханның жоспары мұнымен шектелмейді. Қазір ол досымен бірге nisonline.asia атты білім беру платформасын әзірлеп жатыр. Жоба мектеп оқушыларын емтихандарға және мамандандырылған білім беру ұйымдарына түсуге дайындауға бағытталған. Команда тапсырмалар базасын әзірлеп, оқу тәртібін қалыптастыруға көмектесетін функцияларды енгізіп қойған. Жас кәсіпкердің айтуынша, негізгі мақсат – оқушыларға дайындық процесін жеңілдететін әрі заманауи құрал ұсыну.
Әмірханның кәсіпкерлік көзқарасының қалыптасуына отбасы да ықпал еткен. Ағаларының бірі IT саласында жұмыс істесе, екіншісі АҚШ-та білім алған. Соларға қарап өскен жасөспірім болашақта халықаралық деңгейдегі жобалар жасауды армандайды.