Республика күніне орай Астанада салтанатты, мәдени-танымдық, білім беру, спорттық, экологиялық және әлеуметтік бағыттағы 120-дан астам іс-шара жоспарланып отыр. Елорда тұрғындары мен қонақтарына арнап концерт, көрме, спектакль, спорттық турнир, мерекелік акция, жаңа нысандардың ашылуы және басқа да шаралар ұйымдастырылады.
Астана әкімдігінің хабарлауынша, республика күніне орай елордада бірқатар жаңа нысан ашылады. 20 қазанда сағат 17:00-де «Жастар» сарайында «Елім деп соққан жүрегім» атты патриоттық кеш өтеді. Сол күні елорданың барлық мектебінде Республика күніне арналған бірыңғай сынып сағаты ұйымдастырылады.
21 қазанда сағат 11:00-де Сәкен Сейфуллин музейінде «Ұлт рухын ұлықтаған Сәкен» атты мәдени-танымдық кеш өтеді. 22 қазан күні сағат 11:00-де Достық үйінде Ғылыми-сараптамалық топтың қатысуымен конференция өтеді. Сағат 19:00-де «Жастар» сарайында «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі «Ұлы дала әуені» атты мерекелік концерттік бағдарламасын ұсынады.
23 қазанда сағат 10:00-де Астана қаласының мемлекеттік архивінде оқушылармен «Егемен елдің ертеңі» атты кездесу өтеді.
Республика күні – 25 қазан күні де мазмұнды бағдарлама жоспарланып отыр. Сағат 11:00-де Өнер музейі келушілерді «Рухты ел» атты лекция-концертке шақырады. Ал М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Ер-Төстік туралы аңыз» ертегісін ұсынады.
Музыкалық жас көрермен театры сағат 16:00-де «Қазақстан өнерінің мақтаныштары» атты шығармашылық кеш өткізеді. Сағат 18:00-де «Абай – Тоғжан» музыкалық драмасын сахналайды. Осы уақытта Ә. Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры «Жас Абай» спектаклін көрсетеді.
Бұдан бөлек, 25 қазанда әлеуметтік осал санаттағы балаларға Қазақстанның Ұлттық музейі мен «Бәйтерек» монументіне экскурсиялар ұйымдастырылады.
Республика күнін мерекелеу бағдарламасында кәсіби спортшыларды, жастарды және түрлі жастағы қала тұрғындарын біріктіретін спорттық жарыстарға да ерекше көңіл бөлінеді. 22 қазанда сағат 10:00-де Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Есіл ауданының зейнеткерлері арасында шахмат турнирі ұйымдастырылады. Сол күні сағат 14:00-де «МУА» педагогикалық колледжінде Алматы ауданы колледждерінің студенттері арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді.
23 қазан күні сағат 10:00-де Қаламгерлер аллеясында Байқоңыр ауданының тұрғындары арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылады. Қатысушылар тоғызқұмалақ, асық ату, армрестлинг және ләңгі тебу спорт түрлерінен бақ сынайды.
24 қазанда «Барыс Аренада» күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Жарысқа арнайы билетпен кіруге болады.
Айта кетерлігі, мереке күндері елорда тұрғындары мен қонақтары ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне де бара алады. Жәрмеңке 24-25 қазанда Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайындағы «Қазанат» ипподромының автотұрағында өтеді. Жәрмеңкеде Қарағанды және Қостанай облыстарының шаруалары өз өнімдерін ұсынады. Сауда орындары сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Келушілер жаңа азық-түлік өнімдерін өндірушілердің өзінен тиімді бағамен сатып ала алады.