Франциядағы әйгілі Лувр музейіне ауқымды жөндеу қажет. Музей директоры Кристоф Лерибо ғимаратты жаңғыртуға 12-15 жыл ішінде шамамен 1,15 миллиард еуро қажет болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қажетті жұмыстар уақытында жүргізілмесе, музей болашақта келушілер үшін есігін жабуға мәжбүр болуы ықтимал.
Луврды не үшін жөндеу қажет?
2026 жылғы 14 қазанда Euronews басылымы Лувр директоры Кристоф Лерибоның музейді күрделі жаңғырту қажеті туралы мәлімдемесін жариялады. Музей басшысы Le Figaro газетіне берген сұхбатында ғимараттың инфрақұрылымына қатысты мәселелерді шешу үшін ауқымды жұмыс жүргізу керегін айтқан.
Мәселен, музейдің кейбір бөлігінде құбырлардың ақауы мен галереялардың тозғаны байқалады. Мұндай мәселелерді жекелеген жөндеу жұмыстарымен ғана шешу жеткіліксіз. Ғимараттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инженерлік жүйелерді жаңарту және өнер туындыларын сақтау жағдайын жақсарту қажет.
Бұған қоса, Лувр жыл сайын миллиондаған туристі қабылдайды. Келушілер санының артуы музейдің ішкі кеңістігін тиімді ұйымдастыру мен қауіпсіздік талаптарын күшейтуді қажет етеді.
2025 жылы Франция президенті Эмманюэль Макрон музейді жаңғыртуға бағытталған «Louvre Nouvelle Renaissance» жобасын жариялаған болатын. Оның негізгі мақсаты – тарихи мұраны сақтай отырып, Луврды заманауи талаптарға бейімдеу.
Жөндеу жұмыстары қанша уақытқа созылады?
Музей директорының мәлімдемесіне сәйкес, күрделі жаңғырту жұмыстарына 12-15 жылға созылып, оған шамамен 1,15 миллиард еуро көлемінде қаржы қажет болуы мүмкін. Жобаны қаржыландыруға мемлекеттік қаражатпен қатар жеке қаржыландыру көздерін тарту мәселесі де қарастырылып отыр.
Лерибоның айтуынша, Францияның келесі үкіметі музейді жаңғырту мәселесіне басымдық беруі керек. Қажетті жұмыстарды кейінге қалдырылса, Луврдың жағдайы нашарлап, келушілерді кіргізе алмай қалуы мүмкін.
«Мона Лизаға» да өзгеріс енгізіледі
Луврды жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі – Леонардо да Винчидің «Мона Лиза» картинасына арналған жеке кеңістік жасау.
Франция президенті Эмманюэль Макрон 2025 жылғы қаңтарда жариялаған жоспар бойынша, картина Карре ауласының астында орналасатын жаңа көрме кеңістігіне көшірілуі мүмкін. Бұл келушілердің әйгілі туындыны көруін жеңілдетіп, музейдің басқа залдарындағы нөпірді азайтуға бағытталған.
Сонымен қатар жаңа кіреберіс салу, музей ішіндегі қозғалыс бағытын қайта ұйымдастыру және инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жоспарланған. Шатырлар, терезелер, электр желілері, климатты бақылау жүйелері мен өрт қауіпсіздігіне қатысты мәселелер де жаңғырту аясында қарастырылған.
Макронның 2025 жылы жариялаған жоспары бойынша, жаңа кіреберіс пен оған байланысты кеңістіктерді 2031 жылға дейін аяқтау көзделген. Бұл мерзімді бүкіл музейді жаңғыртудың аяқталу уақытымен шатастырмаған жөн.
Лувр келушілер үшін жабыла ма?
Қазір Лврды 12-15 жылға толығымен жабу туралы ресми шешім жарияланған жоқ. Музейдің ресми сайтында кейбір залдардың жөндеу жұмыстарына, техникалық себептерге немесе басқа жағдайларға байланысты уақытша жабылуы мүмкін екені көрсетілген. Мұндай жұмыстар музейдің қалған бөліктері келушілерді қабылдап жатқан кезде жүргізілуі мүмкін.
Сондықтан ауқымды жаңғырту жобасы барысында жекелеген бөлімдердің уақытша жабылуы ықтимал болғанымен, бүкіл музейдің ұзақ мерзімге жабылатынын растайтын ақпарат жоқ.
Лувр директорының ескертуі де дәл осыған қатысты: егер қажетті жұмыстар жүргізілмесе, музейдің болашақта толыққанды жұмыс істеуі қиындауы мүмкін. Демек, жаңғырту музейді жабуға емес, оның жұмысын ұзақ мерзімге сақтап қалуға бағытталған.