114 мыңнан астам маман тартылған жоба: «Дипломмен ауылға» барасың ба?

114 мыңнан астам маман тартылған жоба: «Дипломмен ауылға» барасың ба?
Фото: Gov.kz

«Дипломмен ауылға!» бағдарламасы 2009 жылдан бері 114 мыңнан астам маманды қамтып, соның 52 мыңнан астамы тұрғын үй сатып алды. Сөйтіп, жас маман ауылды гүлдендіруге, шалғай аймаққа аттанды. 

Бұл қандай жоба?

Университетті бітірген түлек үшін ары қарай еңбек жолын бастау қиынға соғады. Тәжірибесі жоқ болған соң, көбінесе қаладағы жұмыскер жас маманның түйіндемесін қабылдай бермейді. Сондайда  «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының маңызы зор.  

Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, 2025-2027 жылдары «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы ауылдық аумақтарды білікті кадрлармен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқара отырып, Қазақстанда оны белсенді іске асыруды жалғастырады. Бұрынғы AMANATпартиясының 2003-2007 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасының Жол картасын орындау шеңберінде ауылдық жерге жіберілетін мамандарға бюджеттік кредит беруге 2025 жылы 25 млрд теңге қарастырылады. Бұл шамамен 2,8 мың маманды тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік жобасы 2009 жылдан бері іске асырылып жатыр. Ол ауылдағы кадр тапшылығы проблемасын шешуге арналған. Негізгі мақсат – денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен саласына, сондай-ақ жергілікті жерлердегі мемлекеттік басқару органдарына дипломды мамандарды тарту.

Қандай артықшылығы бар?

Жобаға қатысушыларға мынадай әлеуметтік қолдау беріледі:

  • 100 АЕК мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы;
  • тұрғын үй сатып алуға немесе салуға аудан орталығында 2 500 АЕК, ауылдық елді мекенде 2 000 АЕК бюджеттік кредит бөлінеді.
  • Кредит 15 жылға беріледі. Міндетті шарт – ауылдық жерде кемінде үш жыл жұмыс істеу.

2023 жылғы 1 сәуірден бері жобаны іске асыру жөніндегі агент «Отбасы банк» АҚ. Цифрландыру мақсатында өтінім беру мен кредит алудың барлық процесі Baspana Market – otbasybank.kz/programm-bank платформасында толықтай автоматтандырылған.

Нәтиже берді ме?
Жобаны іске асырудың 2009-2024 жылдардағы нәтижесі бойынша, 114 мыңнан астам маман 23,6 млрд теңгеге көтерме жәрдемақы алды. 52 мыңнан астам маман 189,5 млрд теңге сомасына бюджеттік кредитті пайдаланды. 

Соның ішінде біржолғы көтерме жәрдемақы алушылардың құрылымы мынадай:

  • Білім беру саласындағы мамандар – 78 мың адам (68,3%);
  • Денсаулық сақтау қызметкерлері – 24,4 мың адам (21,4%);
  • Мәдениет, спорт және әлеуметтік қорғау қызметкерлері – 6,9 мың адам (6%);
  • Ауыл шаруашылығы мамандары – 4 мың адам (3,5%);
  • Ауылдық округ әкімі аппаратындағы мемлекеттік қызметшілер – 900-ге жуық адам (0,8%).

Тұрғын үй кредитін алушылардың құрылымы:

  • Білім беру саласындағы мамандар – 35,1 мың адам (67,1%);
  • Денсаулық сақтау мамандары – 11,6 мың адам (22,2%);
  • Мәдениет, спорт және әлеуметтік қорғау қызметкерлері – 3,4 мың адам (6,4%);
  • Ауыл шаруашылығы мамандары –1,9 мың адам (3,6%);
  • Ауылдық округ әкімі аппаратындағы мемлекеттік қызметшілер – 360-тан астам адам (0,7%).

Байқағаныңыздай, білім беру мен денсаулық саласын таңдаған түлектерге мүмкіндік жетерлік. Осы жылдар ішінде 24 мыңнан астам медицина қызметкері көтерме жәрдемақы алып, 11 мыңнан астамы тұрғын үйге арналған жеңілдетілген несие рәсімдеген. 

Оқи отырыңыз