2001 жылғы 11 қыркүйектегі АҚШ-та болған террорлық шабуылдардан бері ширек ғасыр өтті. Сол кезде әлемдік қауіпсіздік жүйесіне жойқын соққы берген «Әл-Каида» бүгінде бұрынғыдай ықпалды ұйым емес. Терроризмге қарсы жүргізілген халықаралық операциялар оның орталық құрылымын айтарлықтай әлсіретті. Алайда ұйым толығымен жойылған жоқ. Онымен байланысы бар қарулы топтар Африка мен Азияның бірқатар елінде әлі де белсенді. Сарапшылардың пікірінше, соңғы жылдары «Әл-Каида» жаһандық шабуылдарға басымдық беретін орталықтандырылған ұйымнан жергілікті қақтығыстарды пайдаланатын бытыраңқы желіге айналған.
«Әл-Каида» қалай өзгерді?
2001 жылдан кейін терроризмге қарсы күрес халықаралық қауіпсіздік саясатының негізгі бағыттарының біріне айналды. Ауғанстандағы әскери операциялар, барлау қызметтері мен құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастық «Әл-Каиданың» бұрынғы мүмкіндігін едәуір шектеді.
Ұйымға ең үлкен соққылардың бірі 2011 жылы оның негізін қалаушы Усама бен Ладеннің қаза табуы болды. Бұдан кейін «Әл-Каиданың» құрылымы өзгеріп, бір орталықтан басқарылатын ұйымның орнына әр өңірде дербес әрекет ететін бөлімшелер пайда бола бастады.
Терроризмді зерттеуші, Германияның Федералдық мемлекеттік басқару жоғары мектебінің профессоры Ларс Бергердің пікірінше, содырлар ұзақ уақыт орнығып қалуға мүмкіндік беретін аймақтарды іздеген.
Олардың назары мемлекеттік институттары әлсіз, ішкі қақтығыстары шешілмеген және қауіпсіздік жүйесі толық жұмыс істемейтін елдерге ауған. Бүгінде мұндай үрдіс әсіресе Африкада байқалады.
Сахель аймағы неге маңызды?
Соңғы жылдары «Әл-Каидамен» байланысы бар қарулы құрылымдардың белсенділігі Сахель аймағында күшейді. Солардың бірі – «Джамаат Нусрат әл-Ислам уәл-Муслимин» (JNIM). БҰҰ деректерінде бұл топтың «Әл-Каидамен» байланысы бары және террорлық әрекеттерді қаржыландыруға, жоспарлауға немесе жүзеге асыруға қатысы бар екені көрсетілген.
Сомалиде «Аш-Шабааб» тобының ықпалы сақталып отыр. Ал Йеменде «Араб түбегіндегі Әл-Каида» ұйымы әрекет етеді. «Әл-Каидамен» байланысты құрылымдар Ауғанстанда да бар.
Исламтанушы Рюдигер Лолкердің пікірінше, «Әл-Каиданың» қазіргі жағдайын тек Еуропа мен АҚШ-тағы қауіп деңгейіне қарап бағалау дұрыс емес. Өйткені кейінгі жылдары радикалды топтардың белсенділігі Батыстан гөрі Африка мен Азияның жекелеген өңірлерінде көбірек байқалған.
11 қыркүйек шабуылы және «Әл-Каида»
Ларс Бергер 2001 жылғы 11 қыркүйектегі шабуылдарды ұйымның ұзақ мерзімді мақсаты тұрғысынан «үлкен стратегиялық қателік» деп бағалайды.
Себебі шабуылдан кейін «Әл-Каида» күткен нәтижелер жүзеге аспады. Ұйым радикалды идеялардың мұсылман әлеміне кең таралуын және бірқатар елдегі билік жүйесінің әлсіреуін көздегенімен, оның орнына халықаралық терроризмге қарсы күрес бұрын-соңды болмаған деңгейде күшейді.
АҚШ пен оның одақтастары Ауғанстанда әскери операция бастады. Әлем елдерінің арнайы қызметтері ақпарат алмасуды күшейтіп, террористік желілердің қаржы көздері мен қозғалысын бақылауға алды. Соның нәтижесінде «Әл-Каиданың» орталық басшылығы бұрынғыдай еркін әрекет ете алмайтын жағдайға түсті. Осыдан кейін ұйымның стратегиясы да өзгере бастады.
Жаңа стратегия: жергілікті ортаға бейімделу
Сарапшылар «Әл-Каиданың» кейінгі бағытын стратегиялық бетбұрыс деп сипаттайды. Бұрын ұйым алыстағы қарсыласқа, соның ішінде АҚШ пен Батыс елдеріне қарсы ірі шабуылдарға басымдық берсе, қазір онымен байланысты топтар жергілікті деңгейде ықпалын күшейтуге көбірек көңіл бөледі.
Бұл тәсіл әсіресе Сахельде анық байқалады. Радикалды топтар жергілікті қауымдармен байланыс орнатып, ішкі қайшылықтарды өз мүддесіне пайдалануға және белгілі бір аумақтарға ықпал етуге тырысады.
Мәселен, JNIM Сахельдегі этникалық және әлеуметтік қайшылықтарды пайдаланса, Сомалидегі «Аш-Шабааб» жергілікті кланаралық мәселелерді өз ықпалын арттырудың бір тетігіне айналдырған. Яғни ортақ радикалды идеология сақталғанымен, әр аймақтағы қарулы топтар жергілікті жағдайға бейімделіп әрекет етеді. Мұндай орталықсызданған құрылым «Әл-Каиданың» әлсірегеніне қарамастан, әртүрлі өңірлерде әрекетін жалғастыруына мүмкіндік беріп отыр.
Терроризмнің артында экономика да тұр
Рюдигер Лолкердің айтуынша, қарулы топтардың ұзақ уақыт бойы әрекет етуін тек идеологиямен байланыстыру жеткіліксіз. Оның пікірінше, қақтығыс жүріп жатқан аймақтарда соғыс пен тұрақсыздықтан пайда табуға негізделген экономикалық жүйе қалыптасуы мүмкін.
Адам ұрлау, контрабанда, тонау және заңсыз сауда қарулы құрылымдарға қаржы табудың көзіне айналады. Мемлекеттік бақылау әлсіз аймақтарда мұндай заңсыз экономика кеңейіп, қарулы топтардың жаңа мүшелер тартуына да жағдай жасайды.
Сондықтан радикалды ұйымдар көбіне билік институттары әлсіз, қауіпсіздік қызметтері бүкіл аумақты бақылай алмайтын және ұзаққа созылған ішкі қақтығыстары бар мемлекеттерде орнығып қалады.
Бұл жағдай Сахельдегі бірқатар елден анық көрінеді. Өңірде түрлі қарулы ұйымдар аумақ, адам ресурсы және қаржы көздері үшін бір-бірімен де бәсекеге түсіп отыр.
«Ислам мемлекетімен» бәсеке
Соңғы онжылдықта «Әл-Каиданың» халықаралық деңгейдегі ықпалының төмендеуіне «Ислам мемлекеті» ұйымының күшеюі де әсер етті. Екі ұйымның идеологиясында ұқсастық болғанымен, олар жақтастар тарту және ықпалын кеңейту жолында бір-бірімен бәсекеге түсті.
Гамбург полиция академиясының терроризм жөніндегі сарапшысы Бенам Хайденройтер-Саидтің айтуынша, белгілі бір кезеңде «Ислам мемлекеті» радикалды көзқарастағы жастар арасында «Әл-Каидаға» қарағанда көбірек қолдау тапқан. Ұйымның әрекеттері халықаралық ақпарат кеңістігінде жиі көрініп, соның нәтижесінде «Әл-Каида» бұрынғы ықпалының бір бөлігін жоғалтты.
Дегенмен кейін «Ислам мемлекеті» де айтарлықтай әлсіреді. Оның бақылауындағы аумақтар қысқарып, бұрынғы мүмкіндіктерінен айырылды. Ал «Әл-Каиданың» орталық басшылығы әлсірегенімен, оған қатысы бар жекелеген топтар Африка мен Азияның бірқатар аймағында әрекетін жалғастырды.
Сарапшылардың пікірінше, қазір «Әл-Каида» үшін жаңа жақтастар тарту да бұрынғыдан қиындай түскен. Әсіресе Еуропада радикалды идеологияның жастар арасында кең қолдау табу мүмкіндігі төмендеген.
«Әл-Каида» қаншалықты қауіпті?
Бүгінде «Әл-Каиданың» қаншалықты күшке ие екенін нақты айту қиын. Сарапшылардың сөзінше, ұйымның орталық басшылығы мен қазіргі әрекеті туралы ашық дерек аз.
Бенам Хайденройтер-Саидтің айтуынша, «Әл-Каиданың» қазір қандай әрекет жасап жатқаны жөнінде толық мәлімет жоқ. Бұл бір жағынан ұйымның бұрынғы ықпалынан айырылғанын аңғартуы мүмкін. Алайда оны мүлде әрекетсіз қалды деуге болмайды.
Соңғы жылдары Таяу Шығыста болған қақтығыстарда да «Әл-Каиданың» аты бұрынғыдай жиі атала бермеді. Оның орнына өңірдегі басқа қарулы топтар көбірек көзге түсті.
Соған қарамастан, «Әл-Каидамен» байланысы бар аймақтық топтардың қаупі әлі де бар. Сахель аймағындағы JNIM, Сомалидегі «Аш-Шабааб» және Йемендегі «Араб түбегіндегі Әл-Каида» сияқты топтар билік әлсіз, тұрақсыздық жайлаған өңірлерде әрекетін жалғастырып келеді.