«100 шақты көйлек»: қазақстандықтар түлектерге тарту жасады

 ЖИ көмегімен жасалды
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Әйгерім Көпенова есімді желі қолданушысы Threads-та жазба жариялап, көйлегін жас түлекке сыйлайтынын жазды. Сол-ақ екен жазба көп қаралым жинап, оның әрекетін іліп әкеткендер көбейді.

Әйгерім Көпенова Үштөбенің тумасы, қазір Астана қаласында тұрады. Екі қызы бар. Өзі – таргетолог әрі жасанды интеллект маманы. 2010 жылы мектепті «Алтын белгіге» бітіреді. Кейін  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білімін шыңдайды. 

Оның айтуынша, бір аруды қуанту үшін Threads-та жазба жариялаған.

Көйлегімді Астанада оқу бітіріп жатқан бір аруға сыйлап, қуанышына себепкер болайын деген ниетпен Threads желісіне жаздым. Жағдайы төмен, не көпбалалы отбасынан шыққан қызға беретінімді ескерттім. Көйлегімді астаналық түлек алып кетті. Бұл – бірінші рет емес, үнемі мұқтаж жандарға көмектесуге тырысамын. Балаларымның  ойыншығын беріп жатқан кезде, «16 жасар қызыма лайық киімдеріңіз бар ма?» – деп сұрады көпбалалы ана. Содан мүмкін көйлегі жоқ түлектер бар шығар, көмектесейін деген ой келді, – дейді Әйгерім.

фото: Threads-тан скриншот

Ол көйлек иесін тапқан соң, жазбаны өшіріп тастауды ойлайды. Алайда жазбаның таралып кеткені сондай, еліміздің түпкір-түпкірінен қайырымды жандар шығып, түлектерге көйлегін, туфлиін және тағы басқа заттарын тарту етеді. 

Көйлегімді сыйлап, жазбамды өшіре салайын деп ойладым. Алайда, қыздар ниетімді қолдап, Астана қаласынан басқа да көйлектер ұсынды. Сондай-ақ Алматы, Қарағанды, Жезқазған, Шымкент,  Қызылорда, Талдықорған, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Орал қаласынан қайырымды жандар табылды. Онымен қоймай, шетелден Минск (Белорусия), Новосібір (Ресей), Бішкек (Қырғызстан) қаласынан қолдау болды. Жазба 400 мыңға жуық охват жинап, жүздеген көйлек түлектерге сыйлыққа ұсынылды, – деді Әйгерім Көпенова. 

Артынша желі қолданушылары Әйгерімге алғыс білдіріп, көйлектің қолына тигенін айтқан.

фото: Әйгерім Көпенованың жеке мұрағатынан

Маған жекеме хабарласып, идеяма рақмет айтқандар көп болды. Бір ару өзінінің той көйлегін Орал қаласына беріп жібергенін айтты, – дейді ол. 

Сондай-ақ көпбалалы, жалғызбасты отбасынан шыққан қыздарға көмектесіп, салон қызметін ұсынғысы келгендер де табылған.

Көйлекті жеке өлшеммен тігіп беретінін айтып, ұсыныс тастаған тігін салондары болды. Жаңа көйлек сыйлағысы келген киім дүкендері кездесті. Көйлекпен қатар, сәнді шаш үлгісін, маникюр жасап бергісі келген мамандар бар, – деді Әйгерім Көпенова. 

фото: Әйгерім Көпенованың жеке мұрағатынан

Әйгерім әйелдердің бір-біріне демеу болатынына, кез келген бастаманы қолдайтынына ризашылығын білдірді. 

Менің бір аруды қуантайын деген ниетім үлкен масштабқа ие болды. Мені қолдаған барлық жомарт жанға ризамын. Бір емес,  бірталай аруды қуанттық. Әлі де күн сайын ұсыныс тастап жатқандар бар. Әйел – әйелге пана, әйел – әйелге қолдау. Осылай бір-бірімізді қолдап жүрейік, – деді ол.  

Оқи отырыңыз