10 тамыз – Абай күні: Астанада қандай іс-шаралар өтеді?

10 тамыз – Абай күні: Астанада қандай іс-шаралар өтеді?
Фото: gov.kz

Қазақстанда 10 тамыз – ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының күні ретінде аталып өтеді. Осыған орай Астанада ақынның әдеби, музыкалық және рухани мұрасын насихаттауға, сондай-ақ жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулуға бағытталған ауқымды мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, мерекелік бағдарлама аясында әдеби-музыкалық кештер, форумдар, кітап көрмелері, театр қойылымдары, шығармашылық байқаулар, зияткерлік ойындар және басқа да мәдени іс-шаралар өтеді.

6 тамыз

Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясында «Жүрегімнің түбіне терең бойла…» атты әдеби-музыкалық кеш өтеді.

Іс-шара барысында «Абайтану» ғылыми-ағарту орталығының жетекшісі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Алмахан Мұхаметқалиқызы Абай мұрасының рухани маңызы туралы айтып, ақын шығармашылығына қатысты қызықты деректермен бөліседі. Сонымен қатар мектеп мұғалімдері мен оқушылары Абай әндерін орындап, өлеңдері мен қара сөздерін оқиды.

Осы күні Тәттімбет атындағы №1 Балалар өнер мектебінде «Көңілім әнді ұғады» атты шығармашылық алаңы ұйымдастырылады. Онда жас өнерпаздарға Абайдың мәдени және шығармашылық мұрасы таныстырылып, әндерінің ұлттық мәдениеттегі орны түсіндіріледі.

Сондай-ақ «Арқа Alan» ұлттық спорт түрлерін дамыту орталығында тоғызқұмалақтан «Арқа Alan кубогы» қалалық турнирі өтеді.

Сағат 12:00-де №6 көпшілік кітапханасында «Абайдың тылсым жолдары» атты поэзия сағаты ұйымдастырылады.

7 тамыз

«Руханият» орталығының (Р. Қошқарбаев даңғылы, 50) тыңдаушылары үшін «Абай әлемі» атты дөңгелек үстел өтеді. Онда ақынның қара сөздері мен өсиеттерінің мәні талқыланады.

Сол күні «Руханият» орталығында (Ш. Қосшығұлұлы көшесі, 8/1) «Ұрпаққа өнеге» тақырыбында Абай өлеңдерін талдау сабағы ұйымдастырылады.

Сағат 11:00-де №10 көпшілік кітапханасында «Абай – ұлттың рухани темірқазығы» атты мәнерлеп оқу кеші өтеді.

Сағат 12:00-де №3 көпшілік кітапханасында «Ұлы Абайдың әдеби мұрасы» атты кітап көрмесі ашылады.

Осы уақытта №3 балалар кітапханасында «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты поэзия сағаты ұйымдастырылады.

7-9 тамыз аралығында елордалық Арбатта «Әнді сүйсең, менше сүй» атты қазақ тіліндегі караоке кеші өтеді. 7 тамызда басталуы – сағат 20:00-де, ал 8 және 9 тамызда – сағат 19:00-де. Бағдарламада Абай әндері шырқалады.

8 тамыз

Сағат 12:00-де №6 балалар кітапханасында «Абай әлеміне саяхат» атты мәнерлеп оқу шарасы өтеді.

Сағат 18:00-де «Жетісу» саябағында Абай күніне арналған зияткерлік-танымдық акция ұйымдастырылады. Қатысушылар викторинаға қатысып, білімдерін сынап, қазақтың мақал-мәтелдерін білу деңгейін көрсете алады.

10 тамыз

Сағат 09:00-де Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.

Сағат 10:30-да Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Сөз өнері. Жасампаз жас қалам» атты жас жазушылардың республикалық форумы ұйымдастырылады.

Форумға аға буын қаламгерлер, әдебиет сыншылары, әдебиеттанушы ғалымдар, сондай-ақ Астана, Алматы, Ұлытау және Қарағанды облыстарынан келген жас ақын-жазушылар қатысады.

Сағат 11:00-де №5 балалар кітапханасында «Қара сөзден ой түйген дана Абай» атты оқу кеші өтеді.

Сағат 17:00-де қалалық әкімдік алдындағы амфитеатрда «Желсіз түнде жарық ай» атты әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырылады.

Кеш барысында тұрғындар мен қала қонақтарына ашық микрофон алаңы мен ұлттық ойындар бойынша турнирлер ұсынылады. Сонымен қатар Абайдың өлеңдері мен әндері дәстүрлі және заманауи орындауда шырқалады.

14 тамыз

«Руханият» орталығында «Абай лирикасындағы табиғат» тақырыбында ашық сабақ өтеді. Сабақта тыңдаушылар ақынның «Жаз», «Күз», «Қыс» және «Көктем» өлеңдері арқылы сөздік қорын жетілдіреді.

18 тамыз

Бейбітшілік көшесі, 9 мекенжайындағы «Руханият» орталығында «Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасы және рухани әлемі» атты ашық сабақ ұйымдастырылады.

Сонымен қатар 2026 жылдың соңына дейін елорда тұрғындары мен қонақтары Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған театр қойылымдарын тамашалай алады.

«Қанаттылар» инклюзивті театрында «Abai-La» драмасы, Жас көрерменнің музыкалық театрында «Абай - Тоғжан» музыкалық драмасы, ал Әзірбайжан Мәмбетов атындағы драма және комедия театрында «Жас Абай» және «45» спектакльдері сахналанады.

Оқи отырыңыз