Жаңалықтар

10 млн доллар: 2025 жылғы әлем чемпионатының жүлде қоры белгілі болды

10 млн доллар: 2025 жылғы әлем чемпионатының жүлде қоры белгілі болды
Фото: Қазақстан бокс федерациясы 15.05.2023 18:00 844

2025 жылы өтетін бокстан келесі әлем чемпионатының жүлде қоры белгілі болды. Екі жылдан кейін әлемнің ең үздік боксшылары 10 миллион АҚШ долларын сарапқа салатын болады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

"Егемен" басылымының мәліметінше, Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) басшысы Омар Кремлев 2025 жылы өтетін әлем біріншілігінің жүлде қоры екі есе ұлғаятынын хабарлады .

2025 жылғы әлем чемпионатының жүлде қоры 10 млн долларды құрайды. Мен өз еліңнің намысын қорғау маңызды екенін білемін, бірақ ақша табу, өзіңнің және отбасыңның жағдайын жасап, қамтамасыз ету де маңызды. Ташкентте өткен әлем чемпионатында бесінші орын алған боксшылар да марапатталады, олар үш мың доллардан алады. Ал келесі Әлем чемпионатында бесінші орын алған боксшылар он мыңнан алады, - деді IBA басшысы

Оның айтуынша, спортшылардан басқа, олардың тәлімгерлері де ақшалай сыйлыққа ие болады.

Турнирде жүлделі орын алған боксшы алған қаражатының 10%-ын жаттықтырушыға беруі тиіс. Жаттықтырушылар да чемпионаттардан ақша тапқанын қалаймын. Менің міндетім – әлем чемпионатын боксшылар үшін ең маңызды турнирге айналдыру. Біз адалдық пен ашықтық үшін күресеміз, - деп қосты Кремлев.

Осы орайда IBA президенті Халықаралық бокс федерациясында бәрі ашық болатынын атап өтті.

IBA - бокс үйі. Бізде ешқандай саясат жоқ, тек бокс бар. Біз боксшылардың, жаттықтырушылардың және Федерацияның мүдделерін қорғаймыз, - деп түйіндеді Омар Кремлев.

Айта кетсек, бокстан келесі әлем чемпионаты Жапонияның Осака қаласында өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға