«10 минутта 17 мың теңге табады»: Мәжіліс депутаты нотариус қызметін сынады

 ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев нотариус қызметтерінің бағасын сынға алып, қазіргі тарифтердің халыққа тиімсіз екенін айтты. Оның сөзінше, кейбір құжаттарды рәсімдеуге небәрі бірнеше минут кетсе де, азаматтар мыңдаған теңге төлеуге мәжбүр.

Біз нотариусқа барамыз, олар компьютердегі дайын шаблонды ашады, пернетақтаны бір-екі рет басады. Бірақ соған қарамастан халықтан мыңдаған теңге алады, – деді депутат.

Баққожаевтың айтуынша, көлік жүргізуге арналған сенімхаттың бағасы бүгінде 17 300 теңге. Ал оны рәсімдеуге шамамен 10 минут қана уақыт кетеді.

Депутат нотариус қызметінің бағасын аудармашылардың еңбегімен салыстырып, тарифтер арасындағы айырмашылыққа назар аударды.

Аудармашы бір парақ қағазды аударуға жарты сағат жұмсайды, бірақ оған 900 теңге ғана төленеді. Осындайда тарифтердің әділдігі қайда деген сұрақ туындайды, – деді Анас Баққожаев.

Сонымен қатар ол ипотека бойынша мүлікті сату-сатып алу келісімшартын рәсімдеу құны да 17 300 теңге екенін айтты. Ал қарапайым келісімшарттардың бағасы 51 900 теңгеге дейін жететінін атап өтті.

Депутат шетел азаматтарының қолтаңбасын куәландыру қызметіне қатысты тарифтерге де тоқталды. Оның пікірінше, Қазақстанда бизнес ашқысы келетін шетелдіктерді тексеру оңай жұмыс емес.

Шетелден келіп, Қазақстанда бизнес ашамын деген адамды тексеру оңай жұмыс емес. Бірақ оның тарифі Қазақстан азаматтарымен бірдей, – деді ол.

Баққожаев нотариус тарифтері ескі жүйемен есептелетінін айтып, қазіргі цифрландыру дәуірінде бұл мәселені қайта қарау қажет екенін жеткізді.

Тарифтерге экономикалық негіздеме жасалғанына 20 жылдан асты. Осы уақыт ішінде цифрландыру жүрді, электронды базалар пайда болды, нотариустардың жұмысы әлдеқайда жеңілдеді. Бірақ бағалар өзгермеді, бәрі АЕК-ке байланып қалған, – деді депутат.

Сондай-ақ ол елдегі нотариустар санына да назар аудару керек екенін айтты. Оның пікірінше, Әділет министрлігі нотариустардың нақты шығыны мен атқаратын жұмысына талдау жасап, тарифтерді әділ қайта қарауы тиіс.

Нотариустар тым көп сияқты. Әділет министрлігі нақты есеп жүргізіп, нотариустың қанша шығын жұмсайтынын, қандай жұмыс атқаратынын және оған қанша уақыт кететінін әділ бағалауы керек, – деді Анас Баққожаев.

Оқи отырыңыз