Қазақстанда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап ипотека беру тәртібі өзгереді. Ең басты жаңалық – енді ипотеканың шекті мөлшерлемесі бастапқы жарна көлеміне байланысты есептеледі. Сонымен қатар банктер қарыз алушының табысын бұрынғыдан да қатаң тексеріп, жалпы қарыз жүктемесіне көбірек мән береді. Бұл өзгерістерді Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп енгізіп отыр.
Ипотека бойынша екі түрлі мөлшерлеме енгізіледі
Бұған дейін ипотеканың бірыңғай шекті мөлшерлемесі 25% болып келсе, енді екі түрлі шек бекітілмек.
Егер бастапқы жарна 30% немесе одан жоғары болса, ипотеканың ең жоғары мөлшерлемесі 20%-дан аспайды. Ал бастапқы жарна 30%-дан төмен болған жағдайда банк 25%-ға дейінгі мөлшерлемені қолдана алады.
Яғни енді ипотеканың қаншалықты қымбат немесе арзан болатыны қарыз алушының қанша қаржы жинағанына тікелей байланысты болады. Бастапқы жарна неғұрлым көп болса, несие соғұрлым тиімді рәсімделеді.
Банктер табысты мұқият тексереді
Шілдеден бастап ипотека рәсімдеу кезінде банктер тек ресми әрі расталған табысты есепке алады. Атап айтқанда:
- ресми жалақы;
- зейнетақы қорына түсетін аударымдар;
- құжатпен дәлелденген өзге табыс көздері.
Табысты растамай ипотека алу қиындай түседі. Бұл талап банктердің тәуекелін азайтып, азаматтардың шамадан тыс қарызға батпауына бағытталған.
Қарыз жүктемесіне жаңа талап қойылады
Қазір банктер несие мақұлдағанда ай сайынғы төлем қарыз алушы табысының 50%-ынан аспауын қарайды. Енді бұған қосымша тағы бір көрсеткіш енгізіледі. Жаңа жүйеде адамның тек ай сайынғы төлемі ғана емес, жалпы қарызы мен жылдық табысының арақатынасы да есептеледі. Банктер ипотека, автонесие және кепілсіз қарыз бойынша бөлек лимит белгілейді. Соның нәтижесінде алдымен адамның жалпы қарыз алу мүмкіндігі анықталып, содан кейін әр несие түрі бойынша қанша сома рәсімдей алатыны есептеледі.
Кепілсіз несие мен микрокредитке де шектеу күшейеді
Мамыр айының ортасынан бастап банк несиелері мен микрокредиттердің пайыздық шектері де өзгереді. Кепілсіз берілетін несиелердің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі енді 46%-дан аспауы тиіс. Ал кепілмен рәсімделетін қарыздар бойынша бұл көрсеткіш 35%-дан жоғары болмайды.Халық арасында кең таралған микрокредиттерге де қосымша шектеу қойылады. Мұндай қарыздар бойынша артық төлем көлемі жылына 179%-дан аспауы керек.
Несие бойынша барлық төлем бір пайыздың ішіне енгізіледі
Тағы бір маңызды өзгеріс – енді банк комиссиялары мен қосымша төлемдер бөлек көрсетілмейді. Барлығы жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің ішіне енгізіледі.
Осының арқасында қарыз алушы несие рәсімдеген кезде нақты қанша ақша төлейтінін бірден көре алады. Бұл банк шарттарын ашық әрі түсінікті етуге бағытталған.