1 қыркүйекте күзгі әскерге шақыру басталады: азаматтар нені білуі тиіс?

1 қыркүйекте күзгі әскерге шақыру басталады: азаматтар нені білуі тиіс?
Фото: El.kz архиві

1 қыркүйектен бастап Қазақстанда мерзімді әскери қызметке күзгі шақыру басталады. Жыл соңына дейін 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар әскер қатарына шақырылады. Дегенмен заңда кей азаматтарға шақыруды кейінге қалдыруға немесе әскери қызметтен босатуға мүмкіндік беретін жағдайлар қарастырылған. Осы орайда күзгі шақыру қарсаңында азаматтар білуі тиіс негізгі талаптарды жинақтадық.

Кімдер әскерге шақырылады?

Қазақстанда 18-ден 27 жасқа дейінгі ер азаматтар мерзімді әскери қызметке шақырылады. Бұл талап әскери қызметтен босатуға немесе шақыруды кейінге қалдыруға заңды негізі жоқ азаматтарға қатысты.

Әскерге жіберілмес бұрын азамат медициналық тексеруден өтеді. Оның нәтижесі мен ұсынылған құжаттарды ескере отырып, шақыру комиссиясы азаматты әскери қызметке жіберу, шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату туралы шешім қабылдайды. Қазақстанда мерзімді әскери қызметтің ұзақтығы – 12 ай.

Әскерге шақыруды кімдер кейінге қалдыра алады?

Шақыруды кейінге қалдыру әскери қызметтен толық босату дегенді білдірмейді. Бұл – белгілі бір уақыт аралығында әскерге баруды уақытша шегеру.

Кейінге қалдыру мерзімі аяқталған соң азамат 27 жасқа толмаса және оған берілетін басқа жеңілдіктер болмаса, әскери қызметке алынуы мүмкін.

Заң бойынша әскерге шақыруды кейінге қалдыру бірнеше жағдайда қарастырылған:

  • отбасылық жағдай;
  • білім алуды жалғастыру;
  • денсаулық жағдайы;
  • заңда көзделген өзге де себептер.

Отбасылық жағдайға байланысты кімдерге жеңілдік беріледі?

Денсаулығына байланысты тұрақты күтімді қажет ететін жақын туысына қарайтын азаматқа әскерге шақыруды кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылған.

Мұндай туыстардың қатарына әкесі, анасы, жұбайы, бауыры немесе әпке-қарындасы кіруі мүмкін. Бірақ бұл жағдайда науқас адамға заң бойынша қамқорлық жасауға міндетті басқа адамның болмауы ескеріледі.

Сондай-ақ некеде тұрған және баласы немесе балалары бар азаматтарға да отбасылық жағдайына байланысты шақыруды кейінге қалдыру қарастырылған.

Студенттерді әскерге шақыра ма?

Күндізгі бөлімде білім алып жүрген азаматтарға оқуын жалғастыру үшін шақыруды кейінге қалдыруға мүмкіндік беріледі.

Бұл мүмкіндік мектепте, колледжде, жоғары оқу орнында, магистратурада және докторантурада күндізгі бөлімде оқитындарға қатысты.

Алайда мұнда маңызды талап бар: кейінге қалдыру құқығы әр білім деңгейіне бір рет беріледі. Яғни азамат белгілі бір деңгейдегі білімді аяқтап, сол деңгейде қайта оқуға түссе, оған екінші рет кейінге қалдыру берілмеуі мүмкін.

Мысалы, колледжден кейін бакалавриатқа түскен азамат жаңа білім деңгейіне өткендіктен, оқуына байланысты кейінге қалдыру рәсімдей алады. Ал екінші бакалавриатта білім алу мұндай құқықты автоматты түрде бермейді.

Колледжден кейін университетке түскенше әскерге алып кетуі мүмкін бе?

Колледжді аяқтаған сәттен бастап сол оқу орнына байланысты берілген кейінге қалдыру мерзімі де тоқтайды.

Егер түлек университетке әлі ресми қабылданбаса, белгілі бір уақыт аралығында оның оқуына байланысты кейінге қалдыруға негізі болмайды. Сондықтан колледж бітіру мен университетке ресми қабылдану аралығында азамат әскерге шақырылуы мүмкін.

Жоғары оқу орнына қабылданғаннан кейін күндізгі бөлімде оқитынын растап, кейінге қалдыру құқығын тиісті тәртіппен рәсімдеу қажет.

Дәл осындай жағдай университет түлектеріне де қатысты. Диплом алғаннан кейін оқуына байланысты берілген кейінге қалдыру тоқтайды. Егер азамат 27 жасқа толмаған болса және басқа заңды негізі болмаса, кезекті шақыру кезінде әскерге алынуы мүмкін.

Шетелге оқуға кеткендер не істеуі керек?

Егер азамат Қазақстаннан алты айдан астам уақытқа оқуға кетсе, әскери есептен шығу рәсімінен өтуі қажет.

Ол үшін әскери есепте тұрған жері бойынша жергілікті әскери басқару органына өтініш беріп, шетелге шығу себебі мен мерзімін көрсету керек. Сонымен бірге шетелдік оқу орнында білім алатынын растайтын құжаттар ұсынылады.

Қазақстанға қайта оралғаннан кейін азамат жеті жұмыс күнінен кешіктірмей қайтадан әскери есепке тұруы тиіс.

Шетелдік университетте оқуына байланысты шақыруды кейінге қалдыру үшін білім алу формасы күндізгі болуы керек. Қашықтан оқу мұндай мүмкіндік бермейді.

Денсаулық жағдайына байланысты кейінге қалдыру

Медициналық тексеру кезінде азамат әскери қызметке уақытша жарамсыз деп танылса, шақыру комиссиясы оған емделу және денсаулығын қалпына келтіру үшін уақыт бере алады.

Мұндай кейінге қалдыру комиссия шешімімен бір жылға дейінгі мерзімге берілуі мүмкін.

Тағы кімдерге кейінге қалдыру қарастырылған?

Заңда жекелеген мамандықтар мен жағдайларға байланысты әскери қызметті кейінге қалдыру мүмкіндігі де қарастырылған.

Мәселен, Парламент пен мәслихат депутаттарына мұндай мүмкіндік өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін беріледі. Ал өздеріне қатысты анықтау немесе алдын ала тергеу жүргізіліп жатқан, сондай-ақ қылмыстық ісі сотта қаралып жатқан азаматтар тиісті процесс аяқталғанға дейін әскерге алынбайды. Тиісті білімі бар және су көлігі ұйымдарында жұмыс істейтін кеме экипажының мүшелеріне жұмыс істейтін кезеңде, ал білім беру ұйымдарының педагогтеріне оқу жылы бойы әскери қызметті кейінге қалдыру қарастырылған.

Кейінге қалдыруды онлайн рәсімдеуге бола ма?

Әскерге шақыруды кейінге қалдыру туралы өтінішті eGov арқылы беруге болады. Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі, өтінішті қарау мерзімі алты жұмыс күніне дейін созылады.

Ол үшін eGov порталындағы әскери қызметке қатысты бөлімнен «Әскерге шақыруды кейінге қалдыру» қызметін таңдау қажет. Одан кейін өтініш «Е-лицензиялау» жүйесі арқылы рәсімделеді.

Азамат кейінге қалдыру себебін көрсетіп, оны растайтын құжаттардың электронды көшірмелерін тіркейді. Өтініш электрондық цифрлық қолтаңба немесе порталдағы есептік жазбаға тіркелген телефон нөмірі арқылы бір реттік парольмен расталады.

Соңғы шешімді шақыру комиссиясы қабылдайды.

Кімдер әскерге шақырудан босатылады?

Кейінге қалдырудан айырмашылығы, әскери қызметтен босатылған азамат бейбіт уақытта жалпы тәртіппен мерзімді қызметке шақырылмайды.

Әскери қызметке жарамсыз деп танылып, әскери есептен шығарылған азаматтар, сондай-ақ заңды негіздер бойынша әскерге бармай, 27 жасқа толған адамдар шақырудан босатылады.

Сонымен қатар басқа мемлекетте әскери немесе баламалы қызмет өткерген азаматтарға, ғылым кандидаты, ғылым докторы немесе PhD ғылыми дәрежесі бар адамдарға және ресми тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлеріне де әскери қызметтен босату қарастырылған.

Күзгі шақыру қашан аяқталады?

Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақыру жылына екі рет жүргізіледі.

Көктемгі науқан 1 наурыздан 30 маусымға дейін өтсе, күзгі шақыру 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін жалғасады.

Осы кезеңде жергілікті әскери басқару органдары азаматтарды шақырып, медициналық тексерулер мен шақыру комиссиясының отырыстарын өткізеді.

Шақыру қағазы келсе, не істеу керек?

Шақыру қағазын елемеуге болмайды. Ең алдымен онда аты-жөніңіздің, келу күні мен уақытының, мекенжайдың және шақырту мақсатының дұрыс көрсетілгенін тексерген жөн.

Қазір азаматтарға шақыру туралы хабарлама қағаз түрінде ғана емес, SMS арқылы және eGov-тағы жеке кабинетке электронды түрде де жіберілуі мүмкін.

Белгіленген уақытта келе алмайтын жағдайда бұл туралы әскери басқару органына алдын ала хабарлап, себебін тиісті құжаттармен растау қажет.

Әскери басқару органына барғанда жеке куәлік, әскери есепке алу құжаттары, оқу орнынан анықтама немесе білім туралы құжаттар, медициналық қорытындыларды бірге алған жөн. Ал әскери қызметті кейінге қалдыруға мүмкіндік беретін жағдай болса, оны растайтын құжаттарды да ұсыну қажет.

Шақыртуға бармаса не болады?

Шақырту бойынша келмеу мен әскери қызметтен қасақана жалтарудың жауапкершілігі әртүрлі.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 647-бабына сәйкес, жергілікті әскери басқару органының шақыруы бойынша дәлелді себепсіз келмеген азаматқа 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін.

Ал медициналық куәландырудан немесе комиссия жолдамасы бойынша тексеруден жалтарған азаматқа ескерту жасалады немесе 3 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.

Әскери қызметтен заңды негізсіз жалтару бұдан да ауыр жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Қылмыстық кодекстің 387-бабы бойынша 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салу, түзеу немесе 400 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, бір жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қарастырылған.

2026 жылғы шақыруда қандай өзгерістер бар?

Әскерге шақыру жүйесі біртіндеп цифрландырылып жатыр. Азаматтарға шақырту SMS арқылы немесе eGov-тағы жеке кабинетіне жіберілуі мүмкін. Онда қашан және қайда бару керектігі көрсетіледі.

Әскери есепке қатысты мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерге енгізіліп, қызметті кейінге қалдыру және одан босату рәсімдерінің бір бөлігі онлайн форматқа көшірілді.

Медициналық тексеру де цифрландырылуда. 2025 жылы сынақтан өткен «Е-медициналық тексеру» жүйесі арқылы әскерге шақырылушының электронды медициналық картасы жасалып, дәрігерлердің қорытындысы цифрлық түрде рәсімделеді.

2026 жылы әскери қызметті кейінге қалдыру және одан босатуға қатысты мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі де жаңартылды. Дегенмен оқу, жұмыс немесе отбасылық жағдай азаматты автоматты түрде әскерден босатпайды. Мұндай құқық тиісті құжаттармен расталып, соңғы шешімді шақыру комиссиясы қабылдайды.

Оқи отырыңыз