Жаңалықтар

1 $ = 500 ₸: бұл мүмкін меже ме?

1 $ = 500 ₸: бұл мүмкін меже ме?
Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 16.09.2024 10:40 1698

Доллар 500 теңгеге жетеді деген әңгіменің айтылып жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. 2020 жылғы наурыз айында коронавирус Қазақстанға келді деген кезде АҚШ валютасы ақша айырбастау орындарында 450 теңгеге дейін сатыла бастап еді. Сол тұста енді 500-дің де ауылы алыс емес-ау дедік. Негізі бұл әңгіме доллар 400-ге жетпей тұрған кезде де айтылып жүрген...

Сонымен, бүгін El.kz бесжүздік меженің қаншалықты негізді-негізсіз екеніне жан-жақты тоқталғанды жөн көрді.

Валюта нарығындағы тап қазіргі жағдайға қарап,«Болды ғой енді, болмағанда несі қалды?» дейтіндер табылуы мүмкін. Олардыкі орынсыз дей алмаймыз. Бірақ қаржы саласында әр тиын есептеулі екенін ескерсек, бұл жерде әр теңгенің рөл ойнап жатқаны анық. Мысалы, Қор биржасында АҚШ доллары 9 қыркүйекте 480 теңгенің үстіне шықса, 13-іне 476,59 болды. Бүгін 479,92 теңге. Яғни оның деңгейі күн сайын құбылып, апта сайын ары-бері жылжып тұр. Дәлдеп айтуға дәрменсізбіз. Өйткені валюта нарығындағы ахуал түрлі жағдайларға қарап тек қана болжанады.

Жағдайлар деп отырғанымыз – әсер ететін факторлар. Олардың біріншісі һәм бірегейі мұнай экспорты екенін біз бірінші рет айтып отырған жоқпыз. Экономист Мақсат Халықтың ойынша, осы қара алтынның әлемдік бағасында өзгерістер болуы мүмкін.   

Осы уақытқа дейін мұнай бағасы жаман емес болып келген. Бірақ өткен аптада ол төмендеді. Осыған байланысты ОПЕК+ елдерінің өкілдері бас қосып, мұнай бағасына ықпал етуге әрекет жасады. Сөйтіп, қара алтын өндіру көлемін қысқарту бойынша тағы да шешім қабылдады. Енді осы ықпалдар әсер етіп, мұнайдың тұрақтылығын ұстап қалса, онда теңгемізге қатты кері әсер болады дей алмаймыз. Ал қара алтынның құны керісінше түсіп кетсе, теңгеміздің жағдайы нашарлайтыны анық, – дейді экономист.

Айта кетейік, қазір әлемде Brent маркалы мұнайдың бағасы бір баррель үшін 71 доллардың үстіне шықты. 10 қыркүйекте оның құны түсіп кетіп 69,49 доллар болған еді. Ал енді әлде де өседі деген болжам бар.

Мақсат Халықтың айтуынша, бұл жерде АҚШ, әрине, өз ақшасының қамын ойлайды. Ол да – бір үлкен фактор.

Осы аптада АҚШ Федералдық резерв жүйесінің басшысы Джером Пауэлл мәлемдеме жасайды. Онда осы елдің несие қаражаттары бойынша негізгі пайыздық мөлшерлеме жария етіледі. Бізде оны базалық мөлшерлеме дейді ғой. Америкалық қаржыгерлер соны осы уақытқа дейін қатаң ұстап келді. Енді оны ақырындап босаңсытса, доллардың құны да жәйлап түсуі мүмкін, – дейді сарапшы.

АҚШ-та қазір бұл мөлшерлеме жылдығына 5,25 – 5,5 пайыз болып тұр. Ал қазақ қаржыгерлері оны 14,25 пайыз (соңғы рет 2024 жылғы 2 қыркүйекте жаңартылған) етіп ұстап отыр. Экономистер бұның жақсы көрсеткіш екенін айтады. Ол былтырғы 16,78 пайыздан әлдеқайда аз. Базалық мөлшерлеме осылайша төмендеген сайын нарықта ақша көбейеді. Мысалы, бизнеске несие қолжетімді бола түседі де, кәсіпорынның қаржысының да, оған салынатын инвестицияның да көлемі артады. Сондай-ақ жеке адамдардың да несиені төменірек пайызбен алуына жол ашыла береді. Ал базалық мөлшерлеме керісінше көтерілсе, нарықта қаржы азаяды. Бұл амал инфляция жоғарылап кетпеу үшін жасалады.

Сайып келгенде, базалық мөлшерлеме дегеніміз – Ұлттық банктің коммерциялық банктерге беретін қысқа мерзімді несиелері мен коммерциялық банктерден қабылдайтын депозиттеріне арналған пайыздық мөлшерлемесі. Ол азаматтарға берілетін несиелердің үстеме ақысын белгілеуде негізгі рөл атқарады және елдегі инфлияция деңгейіне, соның ішінде валюта бағамына ықпал етеді. Ұлттық банк оны түсірерде не көтерерде елдегі нарықтың жағдайын ескереді.            

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бізде базалық мөлшерлеменің жоғары екенін айтумен келеді. Мемлекет басшысы биылғы жолдауында ақша-несие саясатын әлі де жеңілдетіп, бизнеске арзан несие беру керектігін қадап айтты. Мақсат Халықтың ойынша, бұл – базалық мөлшерлеме алдағы уақытта да төмендей түседі деген сөз.   

Осы жерде өте сақ болу керек. Егер де базалық мөлшерлемені қатты түсіріп жіберуге әрекет жасалса, ол теңгенің құлдырауына әкеп соғуы мүмкін. Сосын, бұл жерде сыртқы геосаяси факторлар да бар екенін ескерген абзал. Мысалы, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс, Таяу Шығыстағы тұрақсыздықтар мұнай өндірісі мен тасымалына ықпал етіп отыр. Ресейде соңғы уақытта тіпті қатты инфляция байқалуда. Оның да біздің экономикаға келтірер кері салқыны бар. Сондықтан Ұлттық банк әр нәрсені бағамдап алып әрекет етуге тиіс, – дейді экономист.

Әрине, іргеміз тиіп тұрған көрші болғандықтан Ресейде болып жатқан жағдай Қазақстанға әсер етпей қоймайды. Қаласақ та, қаламасақ та, Мәскеумен санасуға, солармен бірлесе әрекет етуге тура келеді. Экономист Сапарбай Жобаевтың ойынша, мұны, әсіресе, еліміздің валюта нарығында 2015 жылы жаз аяғында болған жағдай көрсетіп кетті. Естеріңізге салсақ, сол жылы 20 тамыздың таңында доллар бағамы 255 теңгеге бір-ақ барған болатын. Ал 19 тамызда ол 183 теңге шамасында еді.    

2015 жылы тамызда біз неге бірден солай секірдік? Ресей рубльді оның алдында, яғни 2014 жылғы қарашада еркіндікке жіберген болатын. Сөйтіп, онда 1 доллар 33 рубльден бірден емес, біртіндеп келіп 2015 жылдың ақпан, наурыз айларында 66 рубльге шықты. Біз де солармен қатар жүруіміз керек еді. Себебі шикізаттық дағдарыс басталған. Бірақ сол кезде сайлау өткіземіз деп тыраштанып, 4-5 ай ұстап тұрдық. Сөйтіп, 26 миллиард долларымыз Ресейге кетіп қалды. Себебі рубльдің құны түскеннен кейін бұрын 1 долларға 33 рубль алып келген азаматтарымыз 1 долларға 66 доллар алып, жер, көлік дегендерді Ресейден сатып алып жатты. Енді тағы соған кетіп қалмау үшін Ресеймен Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бірге болғаннан кейін олардың саясатымен қатарласып жүруіміз керек, – дейді Сапарбай Жобаев.

Бірақ қазір Ресейде жағдай қиын екені баршаға аян. Санкцияның астында қалып отырғанын білеміз. Мұнайын дұрыс бағаға сата алмауда. Осының бәрі айналып келіп негізгі мөлшерлеменің (біздіңше, базалық мөлшерлеме) жоғары болуына ықпал еткен.     

Біздегі 14,25-ке (базалық мөлшерлеме – ред.) адамдар жылап жүр. Ал Ресейде ол қазір 19 пайыз. Эльвира Набиуллина (Ресей Орталық банкінің төрайымы – ред.) соны 20 пайызға шығарамын деп отыр... Инфляция күшті енді Ресейде. 19 болғаннан кейін көз алдарыңа келтіріңдер, біреу 25-30 пайыздан несие алып тұрса, оның әкелетін тауарының бағасы 20-25 пайызға өседі, – дейді сарапшы.

Тағы бір фактор – доллар бағамының біздің бюджетке байланып отырғанын да айта кетуіміз керек. Яғни бұл жерде мемлекет қазынасының жағдайына қарау да маңызды. Бюджет үшін биыл АҚШ ақшасының құны орташа 480 деп бекітілген. Қазір осыған келіп те отырмыз. Ал жыл басында ол 440-тың маңайында болған еді. Мақсат Халықтың айтуынша, сондықтан енді доллар жыл соңына дейін 500 теңге болғанның өзінде орташа сол бюджет үшін бекітілген деңгейде қалайын деп тұр.    

Мұның өзі бір жайтты дәлелдейді. Ол – біздің теңгеміздің әлде де болса қолмен реттелетіні. Ақша бағамына осылай мемлекеттің араласуын біз интервенция деп атаймыз. Яғни Ұлттық банк өзінің Алтын-валюта қорында артық доллар ұстап отырады да, құнын төмендету үшін оны арзан бағамен сатады. Бірақ Ұлттық банктің интервенция бойынша статистикасына қарасақ, ол ешқандай интервенция жасап жатқан жоқ. Десе де, жаңа жоғарыда келтірген фактордың бары анық. Ол – Ұлттық қор аударымдары. Сол аударымдар арқылы ана жақтан доллар әкеліп, осы жақта сатып жатқанымыздың өзі сол интервенция ғой. Ресми түрде интервенция деп атамасақ та, ол валюта нарығына араласып отыр, – дейді ол.

Сондай-ақ мемлекет бюджет тапшылығын жою және төл валютамызды қолдау үшін ұлттық компаниялардың акцияларын иемденіп отырады. Биыл шілде айында Ұлттық банк республикалық бюджетті қаржыландыру үшін «Қазатомөнеркәсіптің» акцияларын Ұлттық қордың 1 миллиард доллардан астам (сарапшылардың есебінше, аталған компания акцияларының 12 пайыздан сәл асатын бөлігі шамамен 576,1 миллиард теңгеге саудаланған) қаржысына сатып алды. Сол кезде Ұлттық қордан 970 миллиондай доллар теңгеге конвертация жасалатыны айтылған еді.    

Бұл қаражатты Ұлттық қорда шетелдік компаниялардың акцияларына, құнды қағаздарына салу арқылы ұстай аламыз. Болмаса, өзіміздегі дамып келе жатқан компанияларға салсақ та кірісі төмендемейді» деген уәж бар. Былай қарасаңыз, ол қисынды түрде дұрыс. Ал енді екінші жағынан келгенде, бұл – Ұлттық қордан ақша аударудың бір жолы. Және бюджетті толдырудың бір схемасы. Әрі бұл жерде «Қазатомөнеркәсіптің» өзі осының есебінен табысын арттырып, бюджетке теңгемен дивидендтер төлей бастайды, – дейді экономист Мақсат Халық.

Сонымен, теңгені өте мықты валютаға айналдырмасақ та, аса қатты құлдыратпай ұстап тұрудың түрлі амалдары барын білдік. Соларға арқа сүйеген болуы керек, Президент жолдау жасаған күні, яғни 2 қыркүйекте Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов «Доллар бағамы жыл соңына дейін 500 теңге болуы мүмкін бе?» деген журналистерге ондай қауіп жоқ екенін кесіп айтты. Ол күні биржадағы көрсеткіш 482-483 болып тұрған.

Бұл деңгейді бірер апта бұрын да байқағанбыз. Қазір доллар 500 теңге болатындай факторды көріп тұрған жоқпыз, – деген еді сол кезде Сүлейменов.     

Оның сөзін сарапшылар да құптап отыр.

Ұлттық банк төрағасы біліп айтады ғой. Доллардың 500-ге баруына ешқандай негіз жоқ. Мұнайдың әлемдік бағасы жақсы. Металымыз, басқа да экспорттарымыз жүріп тұр. Бірақ биыл су тасқыны салдарын жою үшін біраз шығындалуымызға тура келді. Сондықтан Ұлттық қордан валютаны көбірек сатып жібердік. Бір жылдық норманың 70 пайызы сатылып кетті. Сосын оны сәл тоқтатыңдар дегеннен кейін, маусымның соңы мен шілде, тамыз айларында көп саудаланбады. Сөйтіп, доллардың бағамы Қазақстан қор биржасында қалыпты жағдайға келді десек болады, – дейді экономист Сапарбай Жобаев.  

Ал енді теңгені қалай толық мықты қыламыз, жалпы ол доллардың ықпалынан құтыла ала ма дегенге келсек, біз сияқты дамушы ел үшін оның ауылы алыс сияқты. Тіпті дамыған елдердегі қаржы саясатының өзі АҚШ ақшасының әуеніне төңкеріліп отыр. Сапарбай Жобаев бұл тұрғыда Түркиядағы жағдайды мысалға келтірді.     

Дамыған Түркияның өзінде соңғы жарты жылда ма, бір жылда ма, лира екі есе түсіп кетті. Менің есімде бар, өткен жылдары 1 лира 7-8 теңге еді, биыл 14-15 теңге... Мен неге Түркияны мысалға алып отырмын? Бұл – президент Режеп Тайып Ердоғанның саясаты. Бұл елдің қазба байлықтары аз, егін егуге де жайлы емес. Сондықтан ол өзінің лирасын құнсыздандыру арқылы шет елден ағылатын туристерді, көліктік-логистикалық түсімдерді көбейтеді. Қытай да сондай саясат жасайды. Кей уақыттарда сол үшін АҚШ-пен сөзге келіп қалатыны бар. Онда 1 доллар, мәселен, 60 юань болса, соны 65 қылып қойса, экспортқа көп тауар шығара алады. Сөйтіп, Қытай Америкаға өзінің тауарларын арзанға өткізіп, бәсекелестік тудырады, – дейді сарапшы.

Ал кей сарапшылардың ойынша, Қазақстан төл ақшасын мемлекет тарапынан қолдауды тоқтатуы керек. Мысалы, экономист Айдархан Құсайынов Ұлттық банктен трансферт жасау жағдайды қиындатып жібереді деп есептейді. Ол тіпті қазіргі доллардың шынайы бағамы 1000-1200 теңге болар еді дегенді жиі айтып жүр. Құсайыновтың пайымынша, одан қорқудың да жөні жоқ.    

Мен «трансфертті алып тастаңдар, доллар құны 1000 теңгеден аса берсін» десем, жұрт кедейленіп қаламыз дегенді айтады. Негізі, валюта бағамын ұстап тұру үшін қаржы бөлуді доғару керек. Иә, қиын болады. Бірақ басқа амал жоқ қой. Біз доларға тәуелділіктен осындай жолмен құтыламыз. Әйтпесе, Ұлттық қордан бере берсең, ала беретіндер көп, – дейді ол.

Оның үстіне қазір көлік пен жылжымайтын мүлікті, басқа да ірі тауарларды теңгемен алуға машықтандық. Бұрын бұларды иемдену үшін өз елімізде тұрып та доллар сатып алуға тура келетін. Ал қазір, керісінше, мұндай сауда (әсіресе, банк арқылы) кезінде АҚШ ақшасымен жинаған қаражатыңды төл валютамызға айырбастаймыз.

Айдархан Құсайынов жалпы экономика мәселесі доллар бағамын аңдып отырумен шешілмейтініне меңзейді. Оның ұсынған жолы да дұрыс шығар. Бірақ бәрібір АҚШ ақшасына байланып отырғанымыз анық. Соған қарап бой түзеуге үйреніп қалдық. Біз көрген доллар о бастан артқа бір қадам кетсе, екі қадам алға жылжып келеді. Мұндай валютамен санаспасқа да амал жоқ.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға