Жаңалықтар

«Ұлттық дәстүр – тәрбие негізі»

Этнограф Зылиха Өмірбекқызы ұмытылған ұлттық дәстүрлеріміз туралы сөз қозғайды
«Ұлттық дәстүр – тәрбие негізі»
20.03.2020 15:14 20078

Қазақ халқы салт-дәстүрге бай халық. Қай кезеңде болмасын, ұлттық құндылықтарымыздың орны ерекше саналған. Қазақы әдет-ғұрыптар түрлі мерекелерде көрініс тауып отырғаны тағы бар. Соның бірі, ежелгі заманнан қалыптасқан жылдың бастауы – Наурыз мерекесі. Күн мен түннің теңелуімен тұспа-тұс келетін мейрамды халқымыз жыл сайын асыға күткен. Наурыздың қарсаңында ұмытылып бара жатқан ұлттық дәстүрлер туралы этнограф ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Зылиха Өмірбекқызымен сұхбаттасқан болатынбыз.

Зылиха Ибадуллаева.jpg

(Суретте: Этнограф, ғалым Зылиха Өмірбекқызы Ибадуллаева)

– Наурыз – жыл басы. Оның мәні өте тереңде. Бұл мейрам жақсылықтың, ізгіліктің, өсіп-өну мен жаңарудың белгісі. Күн мен түн теңелгенде күллі табиғат атаулы құлпырып, жаңарып, Жер Ана мейірленеді. Қаһарлы қыстың ызғары бірден қайтып, табиғат ерекше шуаққа бөленеді. Сондықтан да көшпенділер өмірінде көктемнің қуанышы ерекше болған. Оның себебі, қыстан шығу көшіп қонған халық үшін қайта өмірге келгенмен бірдей еді. Осы мәселені қазақ зиялылары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мәшһүр Жүсіп, Әлкей Марғұлан ағаларымыз өз еңбектерінде тереңнен талдап кеткен еді, – деп әңгімесін бастады этнограф Зылиха Ибадуллаева.

Халқымыз наурыз мейрамында жасалуға тиіс жоралғыларға ерекше ден қояды.

– Наурыз мерекесінде сирек болса да қолданылатын екі жақсы салт бар. Бірі - селтеткізер болса, екіншісі - ұйқыашар. Олардың әрқайсысына тоқталып кететін болсам, бойжеткен соғымның соңғы етін уызға салып пісіріп, ұнатқан жігітіне тартады. Бұл салт қазақта «ұйқыашар» деп аталады. Ұйқыашардың қарымтасына жігіттер «селт еткізер» рәсімін жасайды. Яғни, қалауынша айна, тарақ, әтір сыйлайды. Әр сыйлықтың өзінің бір сыры бар. Мысалға, айна – пәктік пен жастықтың, тарақ – әдемілік пен сұлулықтың, әтір – бүршігін жаңа ашқан жауқазындай құлпырудың, күміс жүзік – тазалықтың белгісі ретінде сыйға берілген.

Жыл сайын наурыз мейрамы қарсаңында ұмытылып бара жатқан осындай дәстүрлерді еске алуға тырысатынымыз рас. Наурыз тойында түрлі мекемелер ұлттық дәстүрлерді өз ортасында, дос-жарандарымен, әріптестерімен қойылым ретінде көрсетіп, халықтың санасында жаңғыртуға атсалысады.

– Салт-дәстүр – әрбір халықтың болмыс-бітімін білдіретін, сол халықтың ұлттық құндылықтарын жан-жақты етіп, өзге ұлттан ерекше көрсете алатын басты құндылық. Әрбір халықтың салт-дәстүрі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, күнделікті отбасылық жөн-жоралғыға айналып, практикалық мәнге ие болып отыр.

наурыз.jpg

Этнограф Зылиха Ибадуллаева бүгінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, археология және этнология кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты. Ол халықтың тұрмысын, салт-дәстүрі мен мәдениетін жан-жақты қарастырып, оны бүгінгі және болашақ ұрпаққа таныстыруға бет алатын ғылым саласы этнографияға ерекше қызығушылық танытқан. Кейіпкерімізді асқақ арманы жетелеп, ару Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсіп, білім алады. Жоғары оқу орнында студент болып жүргенде халқымыздың барлық болмыс бітімін білдіретін ерекшелік этнология саласы екендігін ұғынды.

– Этнология саласында жүргізген ең басты ғылыми зерттеу жұмысым: «Қазақ халқының құрамындағы қожалар (тарихи-этнографиялық зерттеу)» тақырыбы болды.Осы тақырып бойынша кандидаттық диссертация қорғадым. Одан кейін де қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті және әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріне арналған бірнеше ғылыми еңбектерім мен мақалалар басылып шықты.

Этнограф қазақтың ұмытылған салт-дәстүрлерінің қатарында қазан шегелеу, төркіндеу, өңір салу, қынаменде, босаға майлау, тәжім ету, асату, ауыз тию, байғазы беру, сәлемдеме және сүйек жаңғыртулар бар екенін айтады.

наурызда.jpg

– Қазан шегелеу – қазақ халқының этномәдени болмысын білдіретін дәстүрдің бірі. Әдетте бұл дәстүр құрбы-құрдас, туған-туыс, абысын-ажын арасында болған. Мұның астарынан қазақ қоғамындағы ерекше қонақжайлықты аңғаруға болады. Қазан шегелей келген «құтты қонаққа» тек қана асберіп қана қоймай, оны «құтты қонақ» деп сый-сияпатпен ерекше шығарып салған.

Расында да бұл дәстүр бүгінгі таңда қазан шегелеу деп аталмаса да, кейбір отбасында жалғасын тапқан сияқты.

– Әдетте, үйге келген абысын-ажын немесе әзілі жарасқан құрбы-құрдас бір-бірінің үйіне келгенде «қазан шегелей келдім», - десе, үй иесі қазан көтеріп, тағам дайындап, келген қонақты күтіп, шығарып салатын болған. Әрбір қазақ қонақпен бірге үйге құт-берекеге келді деп түсінген.

Халқымыз қай заманда болмасын, қонағын құдайындай күткен. Соған орай, қазақ қонақты«құдайы қонақ», «арнайы қонақ» деп атайтын болған. «Қонақтың жақсысы – құт, жаманы – жұт» деген осыдан қалса керек.

–Төркіндеу – ұзатылған қыздың төркін жұртына арнайы баруы. Әдетте, ұзатылған қыз бір жылдан кейін балалы болғаннан соң өз жұртына төркіндеп барып, нағашы жұртынан баласына, яғни өзінің сәбиіне «бәсіре» алып қайтқан.

Ұмытылған төркіндеу дәстүрін кейбір адамдар әлі күнге дейін ұстанып келеді.

– Сүйек жаңғырту – қазақтың ұмытылып бара жатқан дәстүрлерінің бірі. Салтқа сәйкес «сүйек жаңғырту», «сүйек шатыс» деген сөздер жиі кездеседі. Бұл да үйлену, құдалық жолына байланысты шыққан ғұрып. Бұрын құда болып бірімен бірі сыйласқан екі жақ, екі ру бұрынғы іліктілікті қайта жалғастыратын болса, оны «сүйек жаңғырту» деп атайды. Яғни, бұл бұрынғы үзілген құдалық қайта жалғассын деген сөз. Жалпы қазақ рулары бұрын-соңды құдалық салтты бұзбай,қыз алуды немесе қыз беруді үнемі қадағалап, кей жағдайларда еске салып отырған. Қанаттас, қоныстас отырған екі елдің бұл қарым-қатынасы елдің тұтастығы мен бірлігіне, әлеуметтік жағына да қатысты болған.

Одан кейін этнограф өзінің жинаған этнографиялық мәліметтері бойынша айта кетті.

– Осы орайда, Түркістан өңірінің тұрғыны Әуелбекова Базаркүл апаның (1948 ж. туған) әңгімесі есіме түсіп отыр. Оның күйеуі бала шағында анасынан ерте айырылады.Әкесіараға біраз уақыт салып, басқа әйелге үйленеді. Бірақ ол бала көтермейді. Арада 30-35 жыл өткенде екі ұрпақ бір-бірімен суысып кетпесін деп, анасы атанған екінші шешесі өзінің төркініндегі жігіткебаласының қызын беруге келіседі. Бұл жоралғыны өздері «сүйек жаңғырту» рәсімі деп атаған. Бүгінде ол екі жас 30-35 жас шамасында, 4 бала тәрбиелеп отырған үлгілі отбасылардың бірі. Әдетте мұндай жоралғы туысқандық, тамырластық ұзап кеткенде, ұрпақ аралық сабақтастық сақталсын деген ниетпен жасалатын болған, – дейді кейіпкеріміз.

Зылиха Ибадуллаева ұмытылып бара жатқан ежелгі салт-дәстүрлерімізді жаңғыртуымыз үшін бүгінгі және болашақ ұрпақтың санасына сіңіруіміз қажет дейді. Әр отбасында ересек адамдар салт-дәстүрлерді ұстанып, балаларына үйретіп отыруы керек деп санайды. Этнограф салт-дәстүріміз тәрбиенің бастауы болып саналатынын да айта кетті. Расында да солай. «Өткенін білмеген, болашағын болжай алмас», – демекші еліміздің тарихын, мәдениетін, әдебиетін, әдеп-ғұрпын білу әрбір азаматтың міндеті. Дәстүрдің сақталуы сонымен бірге ұрпақ сабақтастығы үшін қажет.

галым.jpg

– Салт-дәстүрді ұстануы бойынша еліміздің қай өңірі деп бөліп-жарудың ешқандай қажеттілігі жоқ. Әрбір өңір жергілікті мекендеген ортасына қарай салт-дәстүрлерді ұстанып, ұрпаққа үйретеді. Мұндай жергілікті аймақтарға тән өзгешеліктер этнология ғылымында этнографиялық ерекшеліктер болып саналады.

Дәстүрді теріске шығаратындарға қатысты Зылиха Өмірбекқызы:

– Дәстүрді теріске шығаратындар – исламның жат діни ағымдарын ұстанушылар. Олар халқымыздың ата-бабадан мұра болып келе жатқан салт-дәстүрлерін жоққа шығарып, Аллаға серік қосу деп түсіндіреді. Әрине, ол дұрыс емес. Қазақтың ұлттық құндылықтарының шариғатқа ешқандай да қайшылығы жоқ. Себебі, ислам дінімен астасып жатқан отбасы дәстүрлерінің аясында құрмет, әдептілік пен ізеттілік, мейірімділік пен адамгершілік, керек десеңіз, туыстар мен ағайын арасындағы бауырмалдылық пен татулық, бір-біріне көмек беру сияқты толып жатқан құндылықтар бар. Мұның өзі дін мен дәстүрдің өзара сабақтастығын білдіреді, – дейді.

Ғалым қазақ салт-дәстүрін зерттеп, дәріптеп жүрген ғалымдар жеткілікті екенін айтады.

– Қазақи салт-дәстүрлер этнология ғылымындағы ерекше зерттеу обьктісі болып табылады. Сондықтан да бүгінгі және болашақ ұрпақтың санасына сіңіріп, оны паш ету мақсатында тынбай еңбек етіп келе жатқан үлкен ғылыми зерттеу орталықтары мен оқу орындары да бар. Атап өтер болсақ, мен өзім оқытушылық қызмет атқарып келе жатқан Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Археология және этнология» кафедрасында білім алатын болашақ этнолог мамандар. Сонымен бірге, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Археология, этнология және музеология» кафедрасының білім алушылары мен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Этнология бөлімінің қызметкерлері де қазақтың әдеп-ғұрып, салт-дәстүрлерін зерттеуде тынбай еңбектенуде. Олардың қатарында Ж.О. Артықбаев, Р.М. Мустафина, Ә.Т. Төлеубаев, Б.К. Қалшабаева, А.Б. Қалыш, Н.К. Байгабатова, Т.Е. Қартаева, А.Т. Жанисов сияқты бірқатар этнографтар қазақтың салт-дәстүрлері мен қазақ қоғамының жалпы этномәдени болмысын жан-жақты зерттеуде.

«Осындай зерттеуші ғалымдарымыз барда, қазақтың ұлттық салт-дәстүрі өміршек боларына сенім мол» дейді Зылиха Ибадуллаева.

(Суреттер этнограф Зылиха Өмірбекқызының жеке мұрағатынан алынған )

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға