Жаңалықтар

«Қазақстан – Өзбекстан: бауырлас халықтардың достастығы»

«Қазақстан – Өзбекстан: бауырлас халықтардың достастығы»
08.03.2018 12:56 2379

Қазақстан және Өзбекстан – ортақ тарихи бастауы бар мемлекеттер. Бұған тілдің, мәдениеттің, дәстүрлер мен менталитеттің ұқсастығы кепіл.  Тәуелсіздік алған бұл елдер бауырлас халықтар арасындағы достық пен сенімді нығайта түсті.

2017 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанға ресми сапармен барды. Бұл мемлекетаралық саяси, әлуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуда маңызды оқиға болды. Кездесу қорытындысы бойынша 2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылын өткізу туралы шешім қабылданды, оның аясында республикамыздың барлық өңірінде өзбек мәдениетін насихаттауға, сондай-ақ этностар арасындағы достық пен келісімді сақтауға бағытталған іс-шаралар жоспарланды. 

2018 жылғы 8 ақпанда С. Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында  «Қазақстан – Өзбекстан: бауырлас халықтардың достастығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, оның мақсаты Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара қарым-қатынастың негізгі аспектілерін қарау болды.

Іс-шара басталмас бұрын «Бауырлас халықтардың достастығы» атты көрнекі кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Казахстан – Узбекистан: начало большого пути» жан-жақты ынтымақтастықты дамыту туралы фильм көрсетілді.

Күн тәртібі М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері А.Б. Аманбекова мен А.А. Каировтың баяндамаларын қамтыды, олар бауырлас халықтардың тарихи жолы жайында айтты, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Әскери институты «Жалпы білім беретін пәндер» кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Р.С. Әлжанова қазақ-өзбек қарым-қатынасының негізгі қалыптасу кезеңдері және оны нығайту жөнінде сөз етті. Сонымен бірге облыстың ішкі саясат басқармасының өкілі Е.Қ.Әбіл, жастар ресурстық орталығының өкілі 

Р.М. Орынбасарова, сондай-ақ «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы С.Д. Салмұрзин сөз сөйледі.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Әскери институтының курсанты Азизжан Мамажановтың туындысы ерекше болды, ол қазақ және өзбек тілдерінде өзі, туған жері, Қазақстан мен Өзбекстанға сезімі жайында айтты. Сөз соңында Азизжан өзбек тілінде ең жақын да қымбатты жан – анаға арналған өлең оқыды.

Балалар би ұжымының халық өзбек биіндегі шығармашылық өнері іс-шараға көркем әсер берді. Бұл дөңгелек үстелдің жарқын соңы болды, өзбек этносы мәдениетінің әсемдігі мен ерекшелігін көрсетті. 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға