Жаңалықтар

«ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ МЫҢ АЛҒЫС» МОНУМЕНТІНІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

«ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ МЫҢ АЛҒЫС» МОНУМЕНТІНІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ
03.07.2018 05:08 2092

Бүгін  Астананың 20 жылдық мерейтойына орай Қарағанды облысының елордаға жасаған сыйлығы «Ұлытау» аллеясы мен «Қазақ еліне мың алғыс» монументінің ашылу салтанаты өтті.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының этно-мәдени орталық өкілдерімен бірге Елбасымызға  ұзындығы 250 метр аллея мен биіктігі 14 метр ескерткішті таныстырып, сыйға тартты. Батыс пен Шығыс өркениетін жалғастырып, алтын көпір атанған әсем Астанамызға көрік берер бұл монументтің авторы Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген сәулеткер Серік Рүстембеков.

Аспан астындағы аллеяда Ұлытаудың басты көрікті жерлері өз бейнесін тапқан. Сый ретінде Ұлытаудың таңдалуы тегін емес, ол Қарағанды облысындағы ең танымал тарихи әрі қасиетті географиялық орын. Оның қазақ мемлекеттілігін қалыптастыруда маңызы зор.

Енді осы киелі жердің бір бөлігі Астанаға қоныс аударғандай.Сондай ақ тас бетіне қашалып салынған жануарлар бейнелері мен «Алтын шоқы» шыңындағы тастың көшірмесін тамашалауға болады. Бұл «Теректі» петроглифтері.

Басты тосынсый Әмір Темірдің жазуы басылған Алтын Шоқы дөңінің басында болған тастың көшірмесі болды. Ол тастың түпнұсқасы әлемге әйгілі Эрмитажда сақталған. Аллея басында бой көтерген 14 метрлік қола мүсін композициясында үш баланы құшағына алып, бауырына басқан қазақ әйелінің, қамқор ананың тұлғасы бейнеленген. 

Мүсіншілер монументтің кескін-келбетіне зұлмат заманында түрлі зобалаңға ұшырап, қазақтың даласына зорлықпен қоныс аударылған өзге ұлт өкілдерін өзекке теппей, өз баласындай бауырына басқан қазақ халқының асыл қасиеттерін айшықтап көрсетуге тырысқан. 

Астана шаһары  облысымыздың ыстық ықыласпен ұсынған тарту-сыйымен тіпті де шырайлана түсері анық.
 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға