Жас буын өкілдері демалыс күндерін бұрынғыдай достарымен емес, көбіне үйде өткізетін болған. АҚШ-та жүргізілген жаңа зерттеу олардың бұған жалқаулықтан немесе адамдардан қашқандықтан емес, қаржылық қиындықтар мен шаршаудың салдарынан баратынын көрсетті.
Harris Poll компаниясы жүргізген сауалнамаға АҚШ-тың 4100 ересек тұрғыны, оның ішінде 18-29 жас аралығындағы 603 зумер қатысты.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, зумерлердің 51 пайызы кәдімгі демалыс күндері өзін жалғыз сезінетінін айтқан. Сондай-ақ 49 пайызы офлайн кездесуге болатын достарының жеткіліксіз екенін мойындаса, 65 пайызы әлеуметтік өмірінің басым бөлігі телефон мен мессенджерлер арқылы өтетінін жеткізген.
Сауалнама қатысушыларының көпшілігі жаңа адамдармен танысып, жақындарымен бетпе-бет көбірек араласқысы келетінін атап өткен.
Зерттеу деректеріне сәйкес, зумерлердің 74 пайызы демалыс күндерінің кемінде жартысын үйде өткізеді. Ал 73 пайызы үшін үйде қалу қалыпты жоспарға айналған. Жастардың 71 пайызы сериал көріп, фильм тамашалайды немесе бейнеойын ойнайды, ал 69 пайызы әлеуметтік желілерде уақыт өткізеді.
Зумерлердің айтуынша, мұндай өмір салты адамдардан оқшаулануды емес, өз денсаулығына көңіл бөлуді білдіреді. Олардың 49 пайызы үйде қалу арқылы ақша үнемдейтінін айтса, 47 пайызы жұмыс аптасынан кейін психологиялық және физикалық тұрғыдан қалпына келуді маңызды санайды.
Қаржылық жағдай жастардың демалыс форматына тікелей әсер етіп отыр. Респонденттердің 68 пайызы барлар мен мейрамханаларға бару жұмсалған қаражатқа тұрмайды деп есептейді. Ал 62 пайызы кейін шығынға өкінбеу үшін демалысқа алдын ала жоспар құрмайтынын айтқан.
Зерттеу барысында жастардың дәстүрлі түнгі ойын-сауықтан біртіндеп бас тартып жатқаны да анықталды. Зумерлердің 88 пайызы мұндай демалыс түрлерінің кем дегенде біреуінен саналы түрде бас тартады. Олардың 39 пайызы көпшілік жиналған ортаны ұнатпайды, 38 пайызы шулы орындардан қашқақтайды, ал 35 пайызы бір кеште көп ақша жұмсағысы келмейді.
Сонымен қатар жастардың 73 пайызы алкогольсіз кездесуге арналған қоғамдық орындардың көбейгенін қалайды. Қатысушылардың 79 пайызы достарымен уақыт өткізудің қолжетімді әрі арзан тәсілдерін іздейтінін, 76 пайызы тыныш ортаны таңдаса, 54 пайызы кешкі басқосулардың орнына күндіз кездесуді жөн көретінін айтқан.
Денсаулыққа бағытталған белсенді демалыс та жастар арасында танымал бола бастаған. Сауалнамаға қатысқан зумерлердің 65 пайызы спортпен айналысу немесе фитнеске бару кезінде өзін барлар мен клубтарға қарағанда әлдеқайда жайлы сезінетінін жеткізген.
Соған қарамастан, зерттеу нәтижесі зумерлердің қоғамнан алыстағысы келмейтінін көрсетті. Керісінше, олардың басым бөлігі шынайы қарым-қатынасқа қолжетімді әрі арзан мүмкіндіктерді іздейді. Респонденттердің 60 пайызы достарымен онлайн емес, бетпе-бет кездесуді қалайды, ал 62 пайызы интернетте басталған таныстықтардың өмірде жалғасқанын жөн санайды.