Жаңалықтар

Жүсіпбек Қорғасбек публицистикасындағы ел мен жер мәселесі

Ел мен жер мәселесі
07.10.2017 17:34 5714

Ел басқарған азаматтарға сын айта алатын, халықтың мұң-мұқтажын жоқтайтын қауым да – журналистер болып отыр.

Белгілі теоретик Тауман Амандосов: «Публицистика – жазушы мен журналистің әлеуметтік пікір айтуы, күнделікті өмірге шабытпен терең ой топтап, жұртшылықты белгілі бір оқиғаға, құбылысқа ерте білуі, еліктіре білуі. Екінші сөзбен айтқанда, публицистика – саяси-көркем проза, қаламгердің әлеуметтік мәселелерді толғауы», деп баға берген болатын. Ж.Қорғасбек 1984 жылы ҚазМУ-дің  журналистика факультетін бітірісімен, журналистік қызметті республикалық  «Жас Алаш» (бұрынғы «Лениншіл жас») газетінде бастайды. Бұл уақытта кеңестік билік әлі де өз күшінде болатын. Ж.Қорғасбек бір сарынды ұранның жетегінде кетпей, келген жылы-ақ, ел мен жер тағдырын, өзекті мәселелерді қозғап, проблемалық, сыни мақалаларымен көзге түсті. Мәселен, «Сөзстанға саяхат» айдарымен «Ертегі еріккеннің ермегі ме?» мақаласында, автор соңғы жылдары жарық көрген ертегілердің бір-біріне ұқсайтынын, ізденістің аздығын, сол баяғы қу түлкі, аңқау қасқыр, қорқақ қояннан аса алмай жүргенін сынайды. Сөзі дәлелді болу үшін, сол жылы «Жалын» баспасынан шыққан Жолдасбай Тұрлыбаев, Сұлтан Қалиұлы, Роза  Әбілқадырова, Таупық Рымжановтың ертегілерін саралайды. Халық ертегілерінен бас тартайық деген сөз емес, алайда ғылым мен техниканың қарыштап дамыған заманында балаларға хан, уәзір, Тазша бала жайлы ертегі жазу қаншалықты логикаға сыяды? Ел аузындағы ертегілердің өңін айналдырып көрсетпей, ауыз әдебиетінде қалыптасқан үлгіні заман талабына сай, баланың таным-түсінігіне орай байыта түсу керек дейді. Шығармалардың тек кемшіліктерін жіпке тізе бермей, көңілге қонымды, жақсы тұстарын да үлгі етіп көрсетеді. «Ертегі – еріккеннің ермегі емес, балалардың көңілінен шығатын, танымдық рөлі, тәрбиелік мәні бар, тілі жатық, тартымды, қызық ертегілер көбейсін» деген ойды айтады. 

"Диплом білімнің өлшемі ме?" мақаласында бес жыл көздің майын тауысып алған дипломның қадір-қасиеті қаншалықты, саны мен сапасы сәйкес келіп жатыр ма деген мәселені көтерді. Жыл сайын дипломды қыз-жігіттер лек-легімен көбеюде, не ғылым жоқ, не еңбек жоқ, өз жолын таппай адасып қалған жастар қаншама? Бес жыл оқыған мамандығы бойынша мемлекеттік емтиханға бірде-бір сұраққа жауап бере алмаған, шет тілін оқуға бес жылын сарп етсе де, сол тілде еркін сөйле алмайтын, Пифагор теоремасын білмей-ақ, физика-математика факультетін бітіретін жастардың ұяты кімге? Институтты әрең бітіргеніне қуанып, ессіз есерлікке бой алдырған жас мамандардың болашағы не болмақ? ХХ ғасырдың басында «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» деген Сұлтанмахмұт Торайғыров қандай жанкештілікпен оқыды, Саттар Ерубаев Пушкиннен үш есе көп оқимын деп алдына мақсат қойған. Қазіргі студенттерге бар жағдай жасалған, кітап қоры жеткілікті, демек олар Саттардан да көп оқу керек деп жастарды жігерлендіреді.  Соғыстан кейінгі жағдайдың мәз емес шағында, оқуға ешкімнің құлқы жоқ кезде орын толтыру үшін ақылсыздардың да институтқа қабылданғаны рас, бірақ дәл қазір бәсекенің қызған заманында диплом үшін емес, білім алу үшін оқыңдар деп кеңес береді.  Бұл проблема қазіргі біздің қоғамда да бар, абитурент ата-анасына ауырлық салмау үшін, грант алу үшін өзі қаламаған төрт мамандықтың  біріне түседі. Бітіруін бітіреді, бірақ өз мамандығы бойынша жұмыс істемей, диплом сандықтың түбінде шаң басып жатады. Осылайша, мемлекеттің бөлген ақшасы ақталмай, жастар қайда барарын білмей, сенделіп қалады.

Ж.Қорғасбек өзінің «Балалар хорын бағалар болсақ» мақаласында да балалар хоры туралы біраз түйткілдің бетін ашты. «Қазіргі қазақ мектептерінде балалар хоры деп жүргеніміз тек көркемөнерпаздар үйірмесінің дәрежесінде ұйымдастырылған. Мұндай хорлар мереке, байқау күндері ғана еске түседі. Тұрақты балалар хоры жоқтың қасы. Ауыл-селоны былай қойғанда, қалалық мектептердегі балалар хорының аты бар да заты жоқ. 1971 жылы мектеп-интернаттардан іріктелген Ғани Мұратбаев атындағы хор жақсы бастама болғандай еді. Олар 7-8 жыл сахнада өнер көрсетіп, түрлі байқауда жүлде алып, республикалық телеарнадан концерттер беріп тұрды. 1977 жылы «Артекке» барып, Чеховтың музей-үйінде,  «Пушкин үйі» санаторийінде концерт қойып, қырық күндік гастролдік сапардан табысты оралып еді. Хордың репертуарындағы қазақша, орысша әндер «Артектің» алтын қорына жазылып алынды. Өкініштісі сол, жақсы бастама жалғасын таппай қалды. Ең алдымен, ұлттық балалар хорына жетекшілік ететін мамандарды дайындаудың деңгейі төмен. Педагогикалық институттардың музыка факультетін бітірушілердің арасында талантты жастар аз, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның түлектері ана тіліне шорқақ. Қазақ тілінде балалар хорына арнлып жазылған оқулықтар жоқ. Композиторлар арасында хорға арнап ән жазатындар сиреп кетті», деп жазды «Қазақ әдебиетінің» арнаулы тілшісі. Белгілі педагог В.А.Сухомлинский  музыка тәрбиесі баланың ақыл-ойын толыстырудың бірден-бір жолы деп көрсеткен. Музыкалық сыншы, философ В.Ф.Одоевский де музыкалық тәрбиеге оң көзбен қарап, балалар хорына айрықша мән берген. Социологиялық зерттеулер де хорға қатысатын оқушылардың сабаққа үлгерімі, ынтасы, тәртібі жақсара түсетінін дәлелдеген.  Баланы бақытым деп білетін кез-келген халық үшін, қай заманда да бала тәрбиесінен маңызды ештеңе жоқ. Мұнда балалар хорының рөлі аса орасан және оған лайықты көңіл бөлінуі керек.  Қазіргі балалар хоры біртіндеп жолға қойылып келе жатыр, әр мектепте болмаса да, әр қалада кем дегенде екі-үш хор бар. Былтыр республикалық «Айналайын» балалар хоры он бесжылдығын атап өтті.

Қазақстан ат спорты мен Алматы республикалық ипподромындағы зәру мәселелер жайлы «Жоққа жүйрік жетпесе» мақаласында «аттың жалы, түйенің қомында өскен біздің халыққа ат спорты жат болып барады», деп дабыл қақты.  Көкпар, қыз қуу, аламан бәйге, теңге ілу секілді төл ойындарымыз тек ауылдың той-томалақтарында, шопандар ауылында ғана болып жүр, бес жүз сәйгүлікті баптап отырған республика бойынша жалғыз ипподромда бірде-бір қазақ шабандозын кездестіре алмадық дейді. Бапталған жақсы сәйгүліктері  жарысқа қатысып, көзге түсе қалса шетелдік спортшылар иемденіп кететінін де жасырған жоқ. Рим мен Токиода топ жарып, алтын мен қола иеленген сәйгүлік – Абсентке тең шабандоздың табылмауы да үлкен кемшілік, оның тұқымы Абақан да маңдайымызға сыймай кетті деп күйінеді. Республикада ат спортына қамқорлықтың нашар екенін, ипподромның ескіргенін, атқорада орынның жетпейтінін,  ер-тұрман, жүген секілді ат әбзелдерін басқа республикалардан алатынын,  ат спортын назардан тыс қалдырсақ, көп нәрседен ұтылатынымызды жазды. Ж.Қорғасбек отыз жыл бұрын қозғаған осы мәселе әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Қазір көп нәрсе өзгерді, ипподромдардың саны көбейді, сапасы жақсартылды, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Бекболат Тілеухан аударыспақ, аламан бәйге секілді ойындарды ұйымдастырып, ат спортын насихаттап жүр.  Бірақ, 1960 жылы әлемді өзіне қаратқан Абсенттен басқа әлі күнге дейін еліміздің атын шығарған сәйгүлік шыққан жоқ. Боксшы, ауыр атлетшілер секілді бірде-бір шабандоз Қазақстанның мерейін өсірмеді әлі. Мәскеу де бір күнде салынған жоқ, біздің бабаларымыз атты тұңғыш қолға үйреткен, біздің бабаларымыз алғаш үзеңгіні ойлап тапқан,  қанымызда болғандықтан, болашақтан үмітімізді үзбейміз. 

Көп ұзамай Ж.Қорғасбектің жылқы шаруашылығы, ат спорты жайлы «Тағы да жылқы туралы» мақаласы жарияланды. «Мамандардың есептеуінше, біздің жайылымдар мен климат жағдайы, шаруашылықтың басқа салаларына кедергі келтірместен екі миллионнан астам жылқы ұстауға мүмкіндігіміз бар екен. Бірақ, бір кездегі солақайлықтан елімізде малдың басы күрт азайған, одан кейін де жылқы санын арттырып, сапасын жақсарту тым баяу жүргізілді. Түркіменнің ақалтекесі, ағылшынның асыл тектісі деп жүргенде, өзіміздің асыл тұқымды жабы, көшім, адай жылқыларының тұқымы азып, тұяғы тозып кетті.  Селекциялық жұмыстар дұрыс жүргізілмей, салғырттықтың салдарынан жергілікті жылқылардың қаны бұзылып, бойы аласарып, салмағы азайып кеткен. Қазақ даласын еркін жайлаған сәйгүліктердің бүгінгі тағдырының бұлай болуы − жан ауыртатын жайт. Рас, республикамызда «Мұғаджар», «Құланды», «Красногорский» секілді жабы, көшім жылқысын өсіруге бағытталған жылқы заводтары бар, бірақ онда адам күші, әсіресе ғалымдар мен мамандар жетіспейді. Жылқы зауыты малды етке өткізетін бордақылау комплексіне айналмай, мәдени тұқым өсіруге бағытталсын, шын жанашыр болса, ғалымдар сол жерден табылсын», деген ойын білдіреді.  Жылқы қазақ өмірінің айнымас бір бөлігі іспетті, жылқы шаруашылығының мәселесі кезек күттірмеуі тиіс.

Тек қана жылқы емес, түйе шаруашылығына байланысты «Қазақ әдебиетінің» №44, №48 сандарында Ж.Қорғасбектің «Ойсылқараның жайын кім ойлайды?», «Малшыға мылтық керек пе?», «Түйелі ауылдың түйткілдері», «Тасқораның маңайында тас үй бар»  атты бірнеше мақалалары жарық көрді.  Онда республикада түйешілердің тұрмыс-тіршілігі, түйе шаруашылығын дамытудың жай-жапсары, жетістіктері мен кемшіліктері сөз болды. Осы материалдар малшы өміріндегі қиыншылықтардың жанды жерін дөп басып, оқырмандарға үлкен қозғау салды.  Редакцияға Қазақстанның түкпір-түкпірінен хат келіп, Ж.Қорғасбек хаттарды іріктеп, «Қазақ әдебиетінің» айқара бетінде мал шаруашылығындағы пісуі жеткен проблемаларды талдап-саралап, оқырман назарына ұсынды («Малшының мың мұқтажы немесе шопанға хат»)  «Малшылардың бәріне ортақ мәселелерді – сырт киім, жайылым, жем-шөп, құдық, қару жайын  тиісті орындарға айтуын айтудамыз, бірақ ол «Мақта қыз бен мысық»  ертегісіндей ұзын-сонар әңгімеге ұласты. Малшыларға көмекші ит тауып беруді айтқанда, совхоз директоры әр күшікті елу сомнан сатып алғаннан пайда жоқ, қойды қуалап, іш тастатады деп жауап берді. Осылайша, сыныққа сылтау әрдайым табылады», деп ашығын айтты. Әсіресе, малшылардың мылтық ұстауы, оның құжаттарын реттеу жайлы көптеген оқырман өз ойын, басынан кешкен оқиғаларын жазған. Теледидар, жаңа техника түгілі электр жарығына жете алмай отырған малшылардың тұрмысын көріп, мал бағу десе, жастар ат-тонын ала қашады. Билік малшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына көңіл бөлсін деген оқырман хаттары да жетерлік. Әрине, олар 3-4 жылда тәуелсіз ел атанып, нарық заманы орнап, мемлекеттің малы деген түсініктің жойылатынын білген жоқ.

Жүсіпбек Қорғасбектің «Адамдар мен қалалар» деген жаңа айдармен жарияланған «Жамбылым қандай» мақаласы да біраз резонанс тудырды. Жиырмасыншы жылдары ең таза қала, ең жасыл қала атанған Әулиеата алпыс жылдан кейін 70-75 пайыз ағашынан айырылып, өндірістік зауыттар салынып, экологиялық лас аймаққа айналған. Бір ғана суперфосфат зауыты бір жылда 6 мың тоннаға жуық зиянды қалдық шығарса, «Химпром» өндірісі 13 мың, жаңа фосфор зауыты 17 мың тонна қалдық шығарады. Әсіресе фтор элементі зауыттардың зиянды қалдықтарынан бөлініп шығып, топыраққа, өсімдікке, суға қонып, флюороз ауруын таратуда.  Флюорозбен сиырлар көп ауырады, тістерінің сыртқы қабыршағы жойылып қарайып кетеді, араның тісіндей ретсіз ұзарып өсіп, жем жеуге кедергі келтіреді екен. Суперфосфат зауыты, Химпром өндірістік бірлестігі, фосфор зауытының басшыларымен сөйлесіп, зиянды қалдықтарды азайтуда нендей шара қолданып жатқандарын сұрап, жұмыс барысын бақылайды. Жергілікті тұрғындарды, зауыттың қарауылын да сөйлетіп, қаланың экологиялық ахуалына қанық болады. Зауыт басшылары да барынша тырысып жатыр, дегенмен олардың жұмыстары көңіл көншітпейді, ауаға тараған фтор және басқа да неорганикалық тозаңдар адам ағзасына сыналап сіңіп, қала тұрғындарын дертке шалдықтырып жүрмесіне кім кепіл дейді. Наурыз айында ежелгі дәстүр бойынша ағаш отырғызып, сәл де болса қаланың шаң-тозаңын сілкіп алуға оқырмандарды шақырады. Бұл мақала да оқырмандардың біразына ой салып, сол кездегі қалалық атқару комитетінің председателі Қ.Сүлейменов редакцияға қалаға 300 мың көшет отырғызғанын, зиянды қалдықтарды мөлшерден тыс шығарған кәсіпорынға айыппұл төлетуді қолға алғанын, қаланың архитектурасын жақсартуға конкурс жариялағанын жеткізген. Мәселе тек қаланы көгалдандыруға тіреліп тұрған жоқ. Зауыттан шыққан улы химикаттардың кесірінен ағаштар да ауырады, жапырақтары тесіліп, ерте қурайды. Өз тағдырының табиғатпен тамырлас екенін ұғып, табиғатты қорғауда титімдей болса да үлесін қоссын деген «Мақала жарық көрген соң» материалында.

«Жалдамалы әскермен жауға шықпа» деген екен Бауыржан Момышұлы. 1989 жылы Жүсіпбек Қорғасбектің Қазақ СССР Физкультура және спорт жөніндегі мемлекеттік комитетінің назарына жазған «Қайрат» қай республиканың командасы?» деген мақаласы да осы ойды меңзейді. Онда республиканың туын көтеріп  шығатын командада бірде-бір қазақ жігітінің жоқтығын сынайды. Тбилисидің «Динамосында», Ереванның «Араратында», Вильнюстің «Жальгирисінде» түгелдей дерлік жергілікті ұлт өкілдері ойнайды. Олардың қанша аты шықса да, шақырған жерден пайда іздеп команданы тастап кетпейді. Ал «Қайраттың» құрамында жүріп көзге түскен ойыншылар шеберлігі толыса бастаған шақта басқа командаға ауысып кетеді. Себебі, Стукашов пен Гладилин, Шохов пен Яровенко, Рафиков үшін қазақ футболының тағдыры маңызды емес. Сол үшін де олар спорттық бабына келген тұста «Қайратты» тастап, көбірек ақша ұсынған командаларға ауысты.  «Ұлттық намыстан ұтылып жатқан жеріміз жалғыз «Қайрат» емес. Қазақстан бойынша 16 футбол клубында бар-жоғы 43 қазақ доп теуіп жүр, бұл барлық ойыншының 15-16 пайызын ғана қамтиды», деген деректерді келтіріп, жаттықтырушы Анатолий Колибердинге, қазақ футболы басшылығынан Борис Коретниковке, Г.Мартинян мен В.Катьковаға «Қайрат қай республиканың командасы?» деген астарлы  сұрақты қойды. Олар да әңгіменің ауанын ұғып, «Қазақстанның командасы» деп айтуға асықпады, қазақ балаларының неге жоқ екенін түсіндіруге тырысты. «Қазақтар балаларын футболға жібермейді, баласының ғалым болғанын қалайды.  Десек те, футбол мектебінде дарынды қазақ ұландары оқып жүр. Олар жаттығатын алаң жоқ, кадр да тапшы. Қысы-жазы далада жаттығады, терлеп жүріп суық тигізеді. Жуынатын жерді шаммен іздеп таппайсыз. Осындай жерге қай ата-ана баласын әкеледі?», деп ағынан жарылды. Темір Сегізбаевтың тұсында он-он бес қазақ жастарын жинап, жиырма күндей жаттықтырды. Өкінішке орай, күш-қаражаттың аздығынан осы бір іс аяқсыз қалған. Сырттан уақытша күн көруге келген спортшылар қазақ футболының көсегесін көгертпейді, өзіміздің футболшыларды дайындайық деген ойды айтады. Мақала жарық көрген соң, Қазақ СССР Физкультура және спорт жөніндегі мемлекеттік комитеті үш айдан кейін жауап қайтарды.  Олар жіберген хатта: «Мақаладағы республика спорт комитетіне айтылған сын әділ әрі дер уақытында көрсетілген. Республика спорт комитеті көрсетілген кемшіліктерді жою үшін бірқатар ұйымдастыру шараларын іске асырды. Біріншіден, барлық футбол мамандарының басын құрайтын және қажетті жабдықтармен, кадрлармен қамтамасыз етілген футбол ассоциациясы құрылды. Председателі З.Нұрқаділов, орынбасарлары А.Ким мен Т.Сегізбаев болды. Ассоциацияға республика футболын дамыту, жергілікті ұлт өкілінен талантты спортшыларды тәрбиелеп шығару міндеті жүктелді. Екіншіден, Алматыдағы Олимпиадаға резерв дайындайтын №1 училищеде қазақ тілінде екі сынып ашылды. Жамбыл мен Шымкент қалаларында қазақ балаларын оқытатын кіші спорт интернатын ашу көзделіп отыр. Үшіншіден, «Қайрат» командасына футболшылар дайындаудың жан-жақты жолдары қарастырылды. Қазірдің өзінде Қазақстан аумағындағы екінші топта Қ.Сламбеков, Т. Байбосынов, А.Қожабергенов, М.Сыздықов, Т.Тұрмағамбетов секілді жас футболшылар бар. Ал спорт мектеп-интернатының түлегі А.Есенбаев «Қайрат» футбол клубына қабылданды», делінген. Бәрібір журналистің (Ж.Қорғасбек.-А.Қ.) бұл жауапқа көңілі толмайды, себебі 1982 жылы Мереке Құлкеновтің мақаласына да спорт комитеті дәл осындай жауап берген, алайда жеті жыл өтсе де ешқандай өзгеріс болмаған. Талантты қазақ футболшылары жоқ емес, бар, тек олар ойын аяқталған кезде шаршаған футболшыларды ауыстырып қана жүр, өз шеберлігін көрсетуге, үлкен алаңда бағын сынап көруге мүмкіндік берілсін дейді журналист. Соңғы  жылдары Еуропада доп теуіп жүрген қазақ баласы Мұрат Өнал Шымкенттің «Қыран» футбол командасына ауысты, «өз балаң өзекке тепсең де кетпейді, кісі баласы кісендесең де тұрмайды».  «Қайрат» футбол клубы әлі де бар, құрамында легионерлер саусақпен санарлық, отандық футболшылар доп теуіп жүр. Әлі ешқандай жетістікке, әлемдік танымалдылыққа  жете қойған жоқ.

1988 жылы маусым айында болған бүкілодақтық конференция жариялылық пен демократияға кеңінен жол ашты. Сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменовтың сұрау салуымен Қазақ ССР-ның Бас прокуроры Ғ.Б.Елемесов «Алашорда» қайраткерлерінің үстінен тергеудің заңсыз жүргiзiлгенiне наразылық бiлдiрiп, Қазақ ССР Жоғарғы сотына қайта қарауды ұсынады. А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М. Дулатов, М. Шоқай, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Ж.Аймаутов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев т.б. қуғынға ұшыраған көптеген қазақ зиялылары саяси және шығармашылық тұрғыдан қайта ақталды. Көптеген цензуралық тыймдар жойылып, бұрын жарияланбаған статистикалық мәліметтер жарыққа шықты, талай тарихи ақтаңдардың беті ашылды.

Осы сәтті пайдаланып, Жүсіпбек Қорғасбек 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты құрылған Қазақ ССР Жоғары Советінің Арнаулы комиссиясының Председателі, ақын Қадыр Мырзалиевпен сұхбаттасты. («Айғақ қане, куә кім?» Сұхбатта табиғатынан меймандос қазақты ұлтшыл деп кінәлау қаншалықты орынды, ауызыңды ашсаң ұлтшыл деп жазғыратын отызыншы жылдардың салқыны емес пе,  ресми құжаттарда қандай деректер бар, оқиғаның бұлай өрбуіне кімдер кінәлі деген сұрақтар қойылды.

«Патриотизмсіз нағыз интернационализм орнамайды. Өкінішке орай, сонау отызыншы жылдары ұлтын сүйгендер ұлтшыл атанып атылып кетті де, сатқын опасыздар интернационалист атанып шыға келді.  Мұнда да шаш ал десе бас алатын жандайшаптардың кесірінен бейбіт шеруге шыққан қанша қазақ қыршын кетті. «Желтоқсан оқиғасын» күшпен басып, тұншықтырмай, ертерек талдау жасалып, оған дұрыс баға берілгенде, 1989 жылы сәуір айында Тбилиси көтерілісі болмас еді, мыңдаған адам қырылмас еді. Кей газеттер еш дәлелсіз, еш айғақсыз алаңға шыққан жастарды арақ ішіп, наша тартып, бұзақылық жасады деп айтыптап жазды. Сот қағаздарында ондай материалдар кездеспеген, наркологиялық емдеу пункттеріне ешкім тіркелмеген, «сол күндері осынша адамға көмек берілді» деген факті жоқ. Есесіне қалалық ауруханалар жақ сүйегі, құлақ шекесі, бұғанасы, қабырғасы сынған, аяқ-қол, омытрқа, жамбастары зақымданған, басқа да жарақат алған 768 адамға медициналық жәрдем көрсеткен. Солардың ешқайсысы комиссияға келіп, не хат жазып, хабарласып, өз аузымен мән-жайды түсіндіруге әрекет етпейді. Біз бәле іздейтін комиссия емеспіз, біз сол бәленің төркінін іздеген, ақиқат пен әділет іздеген комиссиямыз»,  деп жауап берді. Бұл біраз ақиқатқа көз жеткізген, «Желтоқсан оқиғасына» тарихи бағалауды талап еткен, жұртшылықты ойландырған мақала болды.

Қазақ публицистерінің арасында тіл мәселесін көтермегені кемде-кем, Ж.Қорғасбек те 1989 жылы шілде айында қазақ тілінің «Тағдыры қолыңда, обалы мойныңда» деп мақала жазды. Онда кәсіптік-техникалық училищеден институтқа дейінгі қазақ оқу орындарының жағдайын көрсетті, Мәскеуде бекітілген заңды белінен басып, Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін аударма арқылы оқытқан оқу орындарын сынайды. Алматыдағы бір де бір техникумда қазақ бөлімі жоқ. Қазақ мектебін бітіргендер де, орыс мектебін бітіргендер де орысша оқиды. Ал процентке шаққанда, қазақ оқушыларының саны әлдеқайда басым. Аузына ана сүтімен дарыған тілді керек емес деушілер көбейіп жатыр.Оқудағы бала бірінші курса «Жезқазғаннан келдім» деп, соңғы курста «Джезказганга барам» деуі қалыпты жағдайға айналып барады. Қазақша оқытуды талап еткен студенттерді «Бәрібір қазақша лекция оқитын маман жоқ, оқулық жоқ, кәсіби терминдер аударылмаған. Қазақша оқысаңдар нан тауып жей алмайсыңдар» деп үгіттейтін көрінеді. «Өзім қазақша лекция оқи алмаймын, бірақ ондай адам келсе орнымды босатып беруге әзірмін» деген ұлтжанды оқытушылар да жоқ емес. Қазақ тіліне мемлекеттік статус берілсін деп қол қойған студенттердің көбейіп жатқаны қуантады дейді. Мақала жарияланған соң, екі айдан кейін, яғни 1989 жылдың 22-қыркүйегінде «Тілдер туралы» заң қабылданып, қазақ тіліне мемлекеттік статус берілді.  Кейінірек, 1997 жылы Жүсіпбек Қорғасбектің «Тіл үшін күрес әсіреұлтшылдық емес» мақаласы жарияланды. Онда «Бар мәселе қазақ тіліне тіреліп қап па, қазақтың тілден басқа шаруасы жоқ па?» деп қазақ тіліне аса мән бермей жүрген шенеуніктерді сынады. Кеңес үкіметі кезінде қазақ тілін қолданыстан алып тастаңдар деп  ешкім бұйрық берген жоқ. Барлық қарым-қатынас орыс тілінде жүргізіліп, қазақ тілі өздігінен керексіз болып қалды. Қазақша сөйлейтін халық қара жұмысқа жегіліп, орысша сөйлейтін қазақтар ғана өркендеп өсті. Сол себепті, орыс тілі біздің өмірімізде барлық  жағынан басым болып тұр.  Ұлтының емес, ұлының тағдырын ойлағандар баласын орыстілді мектепке беріп жүр. Құдыққа құлаған құланның кісінеп-шыңғырғаны астамшылдық емес, сол сияқты қазіргі жағдайда қазақ тілі үшін күрес әсіреұлтшылдыққа жатпайды» деп түйіндейді. Қазір «Тіліміз жойылып жатыр», «Құрып жатырмыз» деп байбалам салуға ешқандай негіз жоқ.  «Көш жүре түзеледі» дейді халқымыз, біздің тіліміз де бірте-бірте қалпына келіп, қолданушылардың саны артып, еліміздегі бірден-бір маңызды тілге айналып келе жатыр.

1990 жылы Ж.Қорғасбек білім мәселесі туралы оқырман хаттарын іріктеп,  Қазақ ССР Халыққа білім беру министрі Шайсұлтан Шаяхметұлымен сұхбаты «Қазақ әдебиетінде» «Министрге сұрағым бар» деген тақырыппен жарық көрді. Қазақтілді мектептер көбейе ме, балаларды қазақша мектепке шақыру үшін үгіт-насихат жұмыстары қалай жүріп жатыр, қазақтілді мектепте білім жоқ деген пікір қаншалықты шындыққа саяды, ұлттық кадр мәселесі, жариялылықпен көптеген тың мәліметтер жарыққа шығып жатқанда, мектептерде тарих, әдебиет пәндері қалай оқытылып жатыр, оқулықтар қашан ауысады деген сұрақтар қойылған.

Абай өзінің екінші қара сөзінде сартқа, ноғайға, орысқа күлген қазақтарды сынаған болатын. «Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні, шығармаған жемісі, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһары жауласпайды. Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиретін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малын кірелеп солар айдап, кетіп тұрды. Үлкен байлар да, молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық бәрі соларда. Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?» дейді. Мұхамеджан Тынышбаев Түркістан генерал-губернаторына жазған түсініктемесінде, қарапайым қазақты қанап, бір қорап швед сіріңкесін бір қойға сатқаны туралы жазады. Ахмет Байтұрсынов «биыл 5 теңгеге сатқан нәрсесін келер жылы өзі 10 теңгеге сатып алады» деп қазақтың саудаға шорқақ екенін жазған. Нарық заманының келетінін сезді ме екен, Жүсіпбек Қорғасбек те 1990 жылы «Сауда бізге жат па екен?», деп мақала жазып, сауда мәдениетін білмей, кенже қалып отырмыз деп дабыл тақты. «Бала-шағасымен қырық жыл қой баққан малшының қолы жетпей жүрген көлік күні кеше көшіп келген өзбек бауырлармыздың астында жүр.  Алыпсатарлар қазақ бақшасынан жеміс-жидекті болар-болмас ақшаға алып, удай бағамен қаланың қазақтарына сатып жүр. Қазақ даласында өскен емдік шөптерді де өзге ұлт өкілдері жинап, қазақтың өзіне сатып жүр. Оларды кінәлаудан, қаралаудан аулақпыз, бар кінә өзіміздің салғырт-салақтымызда», деп, сауданы меңгермесек, көп нәрседен қағылатынымызды ескертеді. Қазір де біздің шикізаттарымызды шетелдіктер арзан бағаға алып, өңдеп, бензин жасап, өзімізге қайта сатып отыр. Ескі темір-терсектерді шетелдіктерге болмашы тиынға өткізгеніне мәз болып, сол темірден жасалған су жаңа көлікті несиеге алып, қарызданып-қауғаланып жүргеніміз де жасырын емес.

1988 жылы жариялылық саясатымен қазақ қоғамында біраз ақиқаттың ашылғанын жоғарыда айтқан едік. Жүсіпбек Қорғасбектің Жеңіс күніне орай жазған «Жеңіске көлеңке түсірмейтін шындық» мақаласында да, демограф-ғалым Мақаш Тәтімовпен сұхбаттасып, әскери шығындардың, жау қолына түскен тұтқындардың санын дұрыс есептемегендігі, Қазақстанға байланысты негізсіз бұрмаланған жайттар жөнінде әңгіме қозғайды.

Бес жылға созылған қанқұйлы соғыстың аяқталып, жеңіс туының желбіреуіне қазақ халқының қосқан үлесі көп. Жауға атылған әрбір екінші оқ Қазақстанда жасалды, қазақтың пайдалы қазбаларынан қару-жарақ, техника жасалды, майданға аттанған боздақтарымыздың үштен бір бөлігі ғана аман-есен оралды. Сөйте тұра, «Литературная Россия» сынды көптеген басылымдар «Ұлы орыс халқының жеңісі», «Дүние жүзін фашизмнен азат еткен орыстар» деп жазып жүр. Соғыстың шежіресіндей болған «Азаттық», «Бостандық солдаттары», «Жеңіс» т.б көркем фильмдерді көргенде, нақты деректерге сүйеніп жазылған шығармаларды оқығанда Орта Азия халықтары, әсіресе қазақ халқы соғысқа мүлдем қатыспағандай әсерде қаламыз. Себебі, бұл туындыларда бірде-бір қазақ кейіпкер жоқ. Аты аңызға айналған Бауыржан мен Рақымжан, Украина партизандары пір тұтқан Қасым Қайсеновтей батырларға жасалған қиянаттар да аз емес.  Өзбек, түркімен, қырғыз, тәжік секілді басқа халықтардың жауды жеңуге атсалысқанын орыстар неге жасырады? Соғыс құрбандарының  20 миллион болуы шындыққа жанаса ма деп сұраққа М.Тәтімов ғылыми деректерге сүйене отырып жауап берген:

«Біздің жиырма миллион құрбан деген сөз қайдан шықты? Соғыстан кейін СССР ерлерінің саны әйелдерден жиырма миллионға кем болыпты. Осылайша, соғыстағы шығынды жиырма миллионға дөңгелете салған. Соғыстан кейін ешқандай санақ жүргізілген жоқ. 1939 жыл мен 1959 жылғы санақ қорытындысын салыстырып көргенімде, Совет одағы бойынша 46 миллондай халық санының орны толмай тұрады. Қазақ халқының жалпы адам шығыны 1,5 миллион шамасында. Соғысқа дейін де қазақ халқы аштықтан қынадай қырылған болатын. Ашаршылық кезінде қариялар мен жас сәбилер, қыздар шетінеп, 8-10 жас шамасындағы ұлдар аман қалған. Себебі, ұрпақ жалғассын, тұяқ қалсын деп қазақтар бар тапқанын ұлдың аузына тосқан. Соғыс басталғанда осы ұлдар әскер жасына жетіп, майданға аттанып кеткен. Аштық қырғынынан аман қалған ұрпақ осылай соғыста қырқылды».

Жау қолына түскен тұтқындардың саны 5,3 миллион болғаны анықталып отыр, қазақтардың саны 50 мыңнан асады. Қазақстанда құрылған дивизиялар майданның аса қиын шептерінде болған, әскерге дайындықсыз алынғандары да көп болған. Осының бәрі біздің шығынның көбеюіне тікелей әсер етеді. Соғыс зардаптары бұл айтылғандарымен шектеліп қалмайды. Әлі талай тың деректер пайда болады. Ең бастысы, қанша ащы шындық болса да, жеңіске көлеңке түсіре алмайды.  Жеңіс жолында бір халықтың ерлігін асыра дәріптеп, екіншілерін ұмыт қалдыруға болмайды. Одан Жеңістің бағасы кеміп қалмайды, керісінше арта түседі деп сұхбатты аяқтайды Ж.Қорғасбек.

Кеңес үкіметі тарқар-тарқамастан Ж.Қорғасбектің «Ендігі қауіп орыстың өз ішінен» деген мақаласы жарық көрді. Онда Ельцин, Жириновский, Руцкой, Травкин, Андреева, Собчак секілді Ресей билігіндегі қауқарлы, ықпалды саясаткерлерге мінездеме беріп, енді тәуелсіздігімізден айырылып қалмайық дейді. «Билікке таласқан саясаткерлер халықтың көңілін табу үшін Кеңес одағын қалпына келтіремін, басқа республиканың территориясынан жер бөліп әперем деуі мүмкін. Жоқшылықтан жұтаған қалың тобырдан асқан күшті халық жоқ. Олар бір көтерілсе, бізге де әсері тимей қоймайды», деп жазды. Төрт жылдан кейін, 1996 жылы, 15 наурызда Думада ТМД басшыларының келісімінсіз «Кеңес Одағын қайта құру туралы» қаулы қабылданды. Осы туралы Жүсіпбек Қорғасбек «Жетпіс жылдық уағыздың жаңғырығы» деп «Қазақ әдебиетінің» екінші бетіне көлемді мақала жариялады.  Экономикалық дағдарыс ұзарып, халықтың тұрмысы нашарлаған сайын арандатушылықтар көбейе түсетіні белгілі, бұл қаулының да негізсіз екенін, ешқандай заңдық құқы жоқ екенін, сайлау алдындағы алдамшы арандату деп бағалап, Парламент депутаттарының, ТМД президенттерінің пікірін қоса берді. 2014 жылы Владимир Жириновский мен Эдуард Лимоновтың Қазақстанның солтүстігіндегі аудандарға көз тіккені бар. Біздің билік арандатуға жол берген жоқ, жай ғана солтүстік өңірдің оқу орындарына оңтүстіктің балаларына арнайы оқу грантын бөліп, сырттан келген қандастарымызға квота бөлінді.

Еліміздің тарихында жер мәселесі ерекше орын алған. Жер үшін бабабларымыз қолына қару алып, атқа қонған. Кешегі Алашорда көтерген мәселелердің бірі – жер тақырыбы болатын. Тәуелсіздік алғаннан кейін де, жерді сатқан дұрыс па, жерді сату – анаңды сатумен бірдей деген пікірлер ел арасын кезіп жүр. Осы орайда Ж.Қорғасбек жер мәселесімен арнайы шұғылданып, жер туралы тұжырымды мақалалар жазып, «Қазақ қасіреті» кітабын шығарған Сапабек Әсіповтен сұхбат алады. Мұнда ХІХ ғасырдағы патша өкіметінің қазақ жеріне қол салуы, қазақтардың құмды, тау-тасты жерге қуылуы, Жер реформасы туралы Заңның шалажансарлығы жайлы келелі әңгіме өрбіген. Жердің де жері бар, бірі байлыққа тұнып тұр, екіншісінің астында да, үстінде де ештеме жоқ, тақыр кедей. Жарамсыз жерде отырған халықты құнарлы жерлерге көшіру керек, Заңмен реттестірілуі керек деген ойды айтады.

Жұмыссыздық жайлаған, күнкөріс қиындап, ұры-қары көбейген 1995 жылдары Жүсіпбек Қорғасбек «Кәсіпсіз қайда барасың, жұмыссыз жолда қаласың» деп, жастарды қандай да бір кәсіпті меңгеруге шақырды. «Жастарды қарақшылықпен, ұрлықпен айналысты деп жазғырамыз, адам байлықтан емес, кедейліктен, жоқшылықтан бұзылады. Олар екі қолға бір күрек табылмағаннан, амалдың жоқтығынан осындай жолға баруда. Жабайы сауда ғана жұмыссыздықтың арынын басып тұр. Бұрындары қазақ жері ядролық сынақтың алаңына айналса, қазір сауданың мекеніне айналды. Саудамен байыған кәсіпкер қашанғы үлгі болмақ?? Өндіріссіз өркениетке қалай жету мүмкін емес. Өндіріс орындарын қайта қалпына келтірген күннің өзінде маманды қайдан табамыз?  Кәсіпті меңгерген қазақ жастары бізге ауадай қажет», деп жұмыссыздықты, кәсіпсіздікті қоғамның, мемлекеттің күш-қуатын әлсірететін дертке теңейді.

«Байлық жиып бір жұттық, бес қазаққа шыр бітті»  мақаласында да Жүсіпбек Қорғасбек өндірістің, кәсіптің маңыздылығын айтып, «Қазақ неге кедей?» деген сұраққа жауап іздеп көреді. «Әлденеше ғасырлық отарлау саясаты, өзге тілдің, өзге рухтың үстемдік құруы жұрттың еркін ойлап, еңсере қимылкөрсетуіне мүмкіндік бермеді. Атап айтып, нұсқап көрсеткенде ғана қимылдайтын бойкүйездік психология қалыптасты. Қақпайға үйреніп, жасқаншақ, тартыншақ күйге түсті. Ерік-жігері мұқалған сол қалпынан еңсесін толық көтеріп кете алған жоқ. Сырттан келгендердің тұрмысы жақсарып, жергілікті халықтың кедей болуының себебі осы шығар»,  деген ой білдіреді.  Бір жұттық байлық деп автор саудамен, алыпсатарлықпен жиналған байлықты меңзеп отыр. Табанының бүрі болмаса, яғни өнеркәсіп болмаса, еліне тигізетін пайдасы шамалы дейді. Мәселен, «Самсунг» корпорациясы Оңтүстік Кореяның беткеұстарына айналып отыр, «Microsoft», «Apple» десе Америка есімізге түседі. Якутияның өзі жақұт өндірумен, Германия көлік шығарумен, Түркия киім тігуден танымал болды. Өкінішке орай, Қазақстан әлі де шикізат өндірумен шектеліп қалды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Шерхан Мұртаза өзінің бір мақаласында: «Күйреген рухты қайта көтеру, қазіргі басты мақсатымыз осы» деген болатын.  Ел ішіндегі рухсыздық, жігерсіздік жайлы 1997 жылы Ж.Қорғасбектің тағы бір материалы («Ел дүр көтеріліп еңбектенсе») жарық көрді. «Қазақты рухсыз халық деп айтуға болмайды. Оның рухы − Қожа Ахмет Яссауи, оның рухы − Абай, оның рухы − кешегі желтоқсан. Рух тәннің емес, жанның күші. Тәңірдің берген күші.  Оянайық, еңбек етейік, рухымызды ешкімге таптатпайық» , деп халқына қолдау білдіреді. 

1997 жылдары республиканың әр жерінде жұқпалы аурулар шығып, уақытша жабылған мектептер көбейді, тұрмыстың қиындығынан буыны бекімеген балалардың денсаулыққа зиян жұмыстарға жегілуі көбейді. Осы жағдайды Ж.Қорғасбек «Жас өскін жасқаусыз өссін десек»  мақаласында кеңінен қозғады. «Біздің қоғамымыз жас ұрпақтың өмірі мен денсаулығына аса мән беріп отырған жоқ, әйтпесе «Ақсай» балаларды сауықтыру орталығы жабылмас еді, балалар лагері көптеп ашылар еді. Жұмыс қолы қанша жеткілікті болса да, балалар арзан жұмыс күші болып отыр. Жас шыбықтың тез сынатыны, тез солатыны секілді балалар да болашақта көп қасірет тартатынын ұмытпаса екен», дейді.  1945 жылы Жапонияның екі қаласына атом бомбасы тасталды. Қалалар қирады, адам шығыны өте  көп болды. Сонда билік басшысы ең алдымен балабақшаларды, мектептерді қалпына келтіруге бұйрық берген екен. Балаларды өз болашағына теңейтін, баланың жағдайын жасау – мемлекеттің жағдайын жасау екенін білгір басшы дер кезінде түсінген, бүгінде Жапония әлемнің озық ойлы елдерінің біріне айналды.

«Караван» газетінде «Сөзбе-сөз» айдарымен қазақ басылымдарында жарық көрген мақалаларды іріктеп, үзінділерін аударып беріп отырады. Ж.Қорғасбектің де «Кәсіпсіз қайда барасың?», «Өркениеттен өгейміз бе?» деген проблемалық мақалаларының ішінде қазақты қатты сынайтын, қазақтың кемшін тұстарын айтқан сөздерді аударып берген. Онда да қазақты түзейік деген мақсатта емес, қазақты тұқыртып, төмендетейік деген мақсатта осындай үзінділерді беріп отырған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға