Жаңалықтар

Жүктілікті қалай жоспарлау керек? Гинеколог маманның 10 кеңесі

Жүктілікті қалай жоспарлау керек? Гинеколог маманның 10 кеңесі
Фото: © Pixabay.com 20.05.2023 09:27 8157

Өмірге дені сау бала әкелу үшін ерлі-зайыптылар арнайы тексерістен өтіп, жүктілікті жоспарлағаны жөн. Жүктілікті жоспарлайтын ата-аналарға баланың өмірге келуіне эмоционалды және қаржылық тұрғыдан қамданады.

Сайып келгенде, жүктілікті жоспарлау уақытын баланың болашақ ата-анасы ретінде жауапкершілікті сезініп, барлық мүмкін жағдайды ой елегінен өткізуге берілген мүмкіндік деуге болады.

Жүктілікті қалай жоспарлау керек? Гинеколог маманның 10 кеңесі

  1. Жүктілікті жоспарлаудан 3 ай бұрын фолий қышқылын күніне 400-800 мкг дозада қабылдауды бастаңыз. Баланың жүйке жүйесінде ақау болмас үшін ер адамның да қабылдағаны абзал. Сондай фолий қышқылының ағзаға сіңімді болатын фолат түріндегі формасын ішуге кеңес береді.
  2. Қалқанша безіндегі гормондардың деңгейін тексеріп, қандай да бір патологияның бар-жоғын анықтаңыз. ТТГ және Т4 гормондары өз нормасында болса, тәулігіне 200-250 мкг мөлшерінде йод қабылдауды бастаңыз. Бұл баланың туғаннан гипотиреоз және қалқанша безі ауруларына шалдығуының алдын алу үшін керек. Дәріханадағы йод препараттарына қарағанда құрамы таза, ешқандай қоспасыз жасалған сұйықтық түріндегі формасын таңдаңыз. Егер гормондарыңыз дұрыс болмаса эндокринолог маманға жүгініңіз.
  3. Профилактикалық мөлшерде D дәруменін қабылдаңыз. Тәулігіне кемі 1000 МЕ кем болмағаны жөн.
  4. тамақтану жоспарыңызға Омега-3 дәруменіне бай балық, теңіз өнімдері сияқты тамақ түрлерін қосыңыз.
  5. Дене массасының индексі бойынша салмағыңызды есептеңіз. Артық салмақ болса тез арада арылу керек болады. Жүктілік кезінде артық салмақ әртүрлі асқынуларға әкеліп соғады.
  6. Темекі тарту не ішімдік ішу сияқты зиянды әдеттерден бас тартыңыз. Құрсақтағы нәрестенің денсаулығына тікелей әсер ететінін естен шығармаңыз.
  7. Ұйқы режимін дұрыстаңыз. Мелатонин гормонының бөлінуі сіз үшін де, бала үшін де маңызды. Тәулігіне кемі 7-8 сағат ұйықтаңыз. Түнде ең кеш дегенде 23:00-ге дейін ұйықтап қалу керек.
  8. Жыныстық қатынас тұрақты болуы керек. Аптасына 2-3 рет болғаны дұрыс.
  9. Бойға бала бітуі үшін ең тиімді уақыт овуляцияға дейінгі және кейінгі сағаттар. Тұрақты етеккір циклы 28-30 күн болса, циклдың 13-16-күндері жүкті болу ықтималдығы жоғарылайды.
  10. Егер айтылған барлық кеңесті орындап, бір жыл ішінде жүкті бола алмасаңыз дәрігерге қаралу керек. 35 жастан асқан әйелдер алты ай ішінде бала көтере алмаса гинеколог кеңесін алу керек.

Бала көтере алмаған жағдайда не істеу керек?

  1. Спермограмма мен MAR-тест тапсыру керек болады. Орта есеппен алғанда репродуктивті жастағы ерлі-зайыптылардың 20-25 пайызы ер адамның денсаулығына байланысты балалы болу үшін қиындықтарға тап болады. Сперматозоидтардың толық болмауы немесе төмен көрсеткіші, сондай-ақ сапасы жөнінде зерттеу анализдерінен көруге болады. Эякуляцияны зерттеу арқылы ерлердің қаншалықты балалы болуға белсенді екенін көреді.
  2. Екінші қадам – әйелдің овуляциясын тексеру. Егер етеккір циклі тұрақты болса, 99 пайыз овуляция болады деген сөз. Қалыпты жағдайда жылына 3 цикл кезінде аналық жасуша жетілмей, овуляция болмайды. Овуляцияның болғанын тест арқылы білуге болады. 80 пайыз жағдайда тест нәтижесі дұрыс шығады. Одан кейін етеккір циклының басталуына 7 күн қалғанда прогесторонға анализ тапсыру қажет. Нәтижесі 3-тен жоғары болса, овуляция болған. Үшінші әдіс – етеккір цилының 18-20-шы күнінде УДЗ жасату. Овуляция кезінде аналық безден тұқым жасушасы бөлінген байқауға болады.
  3. Үшінші – жатырішілік қабыну мен патологиялық процестерді тексеру. Эндометрия, миома, жатыр мойнындағы полип және жыныстық инфекциялардың бар-жоғын анықтау қажет.
  4. Жатыр трубаларының бітелмегеніне көз жеткізу керек. Сперматозоидтар мен жұмыртқа жасушасы жатырда кездесуі үшін осы трубаларда кінәрат болуы әбден мүмкін.

Жүкті кезде қалай күтінген дұрыс?

Дәрігерге уақытында тексеріліп, скринингтерден уақытында өту

Жүкті екенініңізді білген соң, 12-ші аптаға дейін тіркеуге тұру керек. Бірінші триместр аяқталған кезде арнайы скринингтен өткізеді. Баланың даму уақытында вирус жұқтырсаңыз, жүрегінде немесе басқа ағзаларында ақау болуы әбден мүмкін. Осындай әртүрлі патологиялық аурулардың алдын алу және әрі қарай қандай шара қабылдау керек екенін білу үшін алғашқы тексерістер өте маңызды.

Тамақ рационыңызда пайдалы тағамдар мен көкөністі тұтыну

Енді сіз өзіңізді ғана емес, құрсағыңыздағы сәбидің де денсаулығына жауаптысыз. Сондықтан пайдалы минералдар мен дәруменге бай тамақтану үлгісін ойластырыңыз. Теміртапшылықты анемия болмас үшін ет тағамдарын, әсіресе бауыр, бүйрек, жүрек секілді қой етті қосқан дұрыс. Кальцийді табиғи сүт өнімдері – құрт, ірімшік, сүзбе, айраннан алуға тырысыңыз. Кептірілген жеміс пен көкөніс асқазан-ішек жолдарындағы ауырсынуды басып, жүрек айнуды басады. Мидың жұмысы үшін аптасына бір рет балық жеу керек. Кокос, зәйтүн, авокадо сияқты өсімдік майларын қолданыңыз. Ескеретін жағдай – шикі ет не теңіз өнімдерін жеуге, пастерленбеген сүтті ішуге болмайды. Әдетте, жүктілік барысында тәбеті ашылып, мөлшерінен көп жейтін кездер де болады. Сондықтан, барлық нәрсені өз мөлшерінен асырмауға тырысыңыз.

Көңіл-күй мен стресс деңгейіне назар аудару

Стресс - бұл әйел үшін ғана емес, нәресте үшін де өте соққы. Дүниеге дені сау сәби келгенімен бала жасөспірім шаққа жеткенше психикалық күйіне әсер етпей қоймайды. Баланың иммунитеті мен метаболизмі зардап шегуі мүмкін, бұл өз кезегінде инфекцияларды жиі жұқтыруы мен семіздікке әкеледі. Психологиялық күйзеліс кезінде жатырдағы балаға оттегі жетіспей, гипоксия болады. Дұрыс тыныс алмаған бала қатарластарынан кеш дамиды. Балада кейінірек жүрек-тамыр жүйесімен проблемалар туындауы мүмкін, аллергиялық реакциялар немесе астма және басқа да соматикалық аурулар дамуы мүмкін. Ананың стресс деңгейі неғұрлым көп болса, балаға қоректік заттар соншалықты аз барады. Тіпті, балаға жолдасы арқылы қан бармай, нәрестенің дамуында түрлі ақау пайда болады.  Сонымен қатар, стресстің әсерінен әйел ағзасында зиянды гормондар - глюкокортикоидтар белсенді түрде жұмыс істейді. Тиісінше, құрсақтағы сәби туабітті жүйке аурулары, аутизм, шизофрения, қант диабеті, қоянжырық секілді дертке шалдығады.

Спорт және йога, бимен айналысу

Жүкті әйелдер өзінің артық салмақ қосып, толықтап кеткені туралы айтып жатады. Жүктіліктің жеңіл өтуі үшін күн сайын таза ауада серуендеп, он мың қадам жүріңіз. Ішіңізге салмақ түспейтін әртүрлі жаттығуларды жасап, көп қимыл жасағаныңыз абзал. Үлкен әжелеріміздің жас келіндеріне «көп қимылдасаң жеңіл босанасың» деп айтуы тегіннен емес. Демек, көп қимылдап, ширақ болған сайын бала да өз уақытымен жетіледі. Босанатын уақыт жақындағанда йога сабақтарын алып, үйде жасауға да болады.

Жүкті әйелге қатысты қазақтың ырым-тыйымдары

Бұрын үйдегі келіннің бала көтергені туралы жаңалықты екінің біріне айтып, жарияламаған. Себебі, жүкті әйелдің бастапқы үш айы қауіпті кез екенін білген. Әйел бойына біткен бала әлі дұрыс бекінбегендіктен қауіпті уақыт деп есептеген. Кейіннен құрсақ шашу тойын жасап, туғандарынан сүйінші сұрайды. Қазір кімнің жүкті екенін және жынысын «гендер пати» жасаған кезінде біліп жатамыз.

Аяғы ауыр келінге көз тимесін деген ниетте күміс теңге, тұмар тағу секілді дәстүр болған. Сондай-ақ сиыр саудырмай, арықтан аттатпай, сүзеген мал мен иттің қасына жақындатпаған.

Аяғы ауыр әйелді жалғыз қалдырмаған. Оның қас қабағына қарап, көңілін аулап, ренжітпеуге тырысқан. Ренжіп қалса – баласының мінезі жаман болады деп сенген.

Жерік асын тауып беруге тырысқан. «Бала мінезі анасының жерік асына тартады» деген сөз де тегін айтылмаған. Жеріктігі басылмаған әйелдің баласы аурушаң боп, әлжуаз келеді дейді. Себебі, анасының аңсары ауған асты жеу сәбидің денсаулығы үшін маңызды. Сәбилердің аузынан су ағып жүруін анасының ит жерік болуынан дейді халық даналығы.

Құрсақтағы сәбидің ұл не қыз екенін қалай білуге болады

Егер сіз негізгі салмақ іштің ортасына немесе сәл төмен түсетінін сезсеңіз, онда бұл қыздың болатынын білдіреді. Ұлдар әдетте іштің ең төменгі жағында орналасады. Қыз балаға жүкті болған кезде бел мен жамбас тез жалпайып кетеді.

Қызға жүкті кезіңізде таңертең қатты жүрек айнып, жеріктік болады. Әдетте жеріктік кезеңі бірінші триместрден соң да аяқталмауы мүмкін. Бұл бала жынысына жауап беретін гормондардың жоғары деңгейіне байланысты. Ал ұл бала көтергендердің жүрегі айнымайды екен.

Қыз баланың жүрегі ұл балаға қарағанда тезірек соғады. Құрсағыңыздағы нәрестенің жүрегі минутына 140-160 рет соғатын болса, қыз туатыныңызды білдіреді. Егер минутына 140-таз аз соқса, ұл бала болады.

Қызға жүкті келіншектер тәтті құмар болып кетеді. Шоколад пен балмұздаққа, кондитерлік өнімдер сияқты тәттілер жегісі келеді. Ал ұл бала туатындар қышқыл және ащы тамаққа жерік болады.

Егер сіз көп жағдайда оң жағыңызбен ұйықтасаңыз, бұл да қыз туудың бір белгісіне жатады. Ұлдардың аналары сол жақ бетімен ұйықтағанды ұнатады.

Ел арасында «Қыз анасының сұлулығын алады» деген сөз бар. Тіпті, жүкті келіншекті көрген таныстары «Қыз туасың ау, әбіржіп кетіпсің» деп айтып жатады. Себебі, көбіне қызға жүкті әйелдің бет терісі нашарлап, безеу шығады. Одан бөлек шашы да жұқарып, ұштанып кетеді.

Бала жынысын зәр түсіне қарап білуге де болады. Бұл әдісі мың жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді. Әдетте зәрдің ашық сары түсі қыз туатынын көрсетеді. Қою, күрең болса ұл бала туасың деп айтып жатады.

Кеуде барлық жүкті әйелдерде өседі, бірақ кеуде мөлшері күрт ұлғайса немесе сол жақ кеуде оң жақтан үлкенірек болса, бұл қыздың туылуын болжайды.

Біз жейтін тағамдар денеміздің иісін өзгертеді. Бірақ, егер жүкті әйел бір түйір сарымсақ жеп, терісінің иісі өзгермесе, онда қыз болады.

Жүкті әйелдің түсіне қыз бала кірсе, керісінше ұл туады екен.

Қыз күтіп жүрген аналардың денесі қатты ісініп кетеді. Бұл бетке де әсер етеді. Қабағы, иегі ісініп, беті үлкейіп кетеді. Мұның бәрі уақытша жағдай екенін естен шығармаңыз. Ал ұл бала көтерген аналар одан сайын құлпыра түседі екен.

Құрсақтағы баланың қозғалысына қарап та бала жынысын анықтауға болады екен. Қыздар анасының сол жағынан тепкілейді екен және ұлдарға қарағанда кеш қимылдаса да, белсенді болады.

Негізінен бала жынысын нақты білу үшін Ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) жасату керек. Ең алғашқы УДЗ бірінші триместрде жасалады. Бірақ 14-аптаға дейін нәрестенің жынысын анықтау қиынға соғады. Гинекологтар 16-аптадан соң ғана жынысын білу үшін УДЗ жасатқан дұрыс дейді.

Жүктіліктің алғашқы апталарында жынысын амниоцентез әдісімен білуге болады. Бұл жағдайда ұрықты қоршап тұрған амниотикалық сұйықтық зерттеледі. Әдетте бұл әдіс ұрықтың әртүрлі генетикалық ауытқуларын диагностикалау үшін қолданылады, жатырдағы баланың жынысын 100% дәлдікпен анықтауы мүмкін. Бірақ бұл әдіс түсік тастауға әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан аминоцентез бала жынысын анықтау мақсатында емес, генетикалық ауытқу сынды қатаң көрсеткіштер бойынша жасалады. Сондай-ақ баланың жынысын анықтау үшін ДНҚ тестін жасатуға болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға