ЖРВИ кезінде қандай дәрілер қажет? Денсаулық сақтау министрлігінің кеңесі

ЖРВИ кезінде қандай дәрілер қажет? Денсаулық сақтау министрлігінің кеңесі
Фото: pexels.com

ЖРВИ мен тұмау маусымы басталған кезде аурудың алдын алу ғана емес, сырқаттанған жағдайда дәрілерді дұрыс қолдану да маңызды. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитеті осы кезеңде сақталуы тиіс негізгі ережелерді түсіндірді.

Мамандардың айтуынша, респираторлық инфекциялардан қорғанудың қарапайым тәсілдерінің бірі – жеке гигиенаға мән беру. Қолды жиі жуу, бөлмені тұрақты түрде желдету және ауру белгілері байқалған адамдармен жақын қарым-қатынасты шектеу инфекция жұқтыру қаупін азайтуға көмектеседі.

Егер адамның өзінде ЖРВИ белгілері байқалса, өзгелерге жұқтырмау үшін уақытша байланыстарды азайтып, медицина мамандарының ұсынымдарын орындаған жөн. Сондай-ақ тұмауға қарсы вакцинация мәселесіне жауапкершілікпен қарау ұсынылады.

Үйде қандай дәрілер болғаны дұрыс?

Жеңіл респираторлық инфекция кезінде көбіне симптомдарды жеңілдетуге бағытталған ем қолданылады. Осыған байланысты үйдегі дәрі қобдишасында дене қызуын өлшейтін термометр, парацетамол, ибупрофен, мұрынды шаюға арналған тұзды немесе изотониялық ерітінді, сондай-ақ сұйықтық пен электролит тапшылығын толықтыруға арналған регидратациялық ерітінділер болғаны пайдалы.

Мұрын қатты бітелген жағдайда тамыр тарылтатын дәрілер қолданылуы мүмкін. Алайда кез келген препаратты нұсқаулыққа сәйкес қабылдау қажет.

Дәрілерді қатар қолданғанда абай болған жөн

Бірнеше дәріні бір уақытта қабылдайтын адамдар препараттардың құрамын міндетті түрде тексеруі керек. Кейбір суық тиюге арналған дәрілердің құрамында парацетамол болуы мүмкін. Оған қоса жеке парацетамол қабылдау препараттың тәуліктік мөлшерін шамадан тыс арттырып жіберуі ықтимал.

Сондықтан дәрі таңдағанда тек атауына емес, құрамындағы белсенді заттарға да назар аудару маңызды.

Антибиотикті өз бетіңізше қабылдамаңыз

ЖРВИ мен тұмау вирустардан туындайды, сондықтан антибиотиктер оларды емдемейді. Антибиотикті дәрігердің тағайындауынсыз қабылдау керісінше зиян келтіруі мүмкін. Мұндай дәрілерді орынсыз қолдану бактериялардың антибиотиктерге төзімділігін арттырып, жағымсыз әсерлер мен басқа да асқынуларға себеп болуы ықтимал.

Сондай-ақ рецептімен берілетін вирусқа қарсы препараттарды да дәрігердің кеңесінсіз қабылдамаған дұрыс.

Қай кезде міндетті түрде дәрігерге қаралу керек?

ЖРВИ жеңіл өтсе, адамға жеткілікті демалып, сұйықтықты көп ішу және пайда болған белгілерді жеңілдетуге бағытталған ем қолдану жеткілікті болуы мүмкін.

Алайда дене қызуы ұзақ уақыт бойы жоғары болып тұрса, тыныс алу қиындаса, кеуде тұсы ауырса немесе жағдай уақытша жақсарғаннан кейін қайта нашарласа, медициналық көмекке жүгіну қажет.

Сондай-ақ бұрын байқалмаған немесе ерекше белгілер пайда болса, дәрігерге қаралған жөн.

Мамандар әсіресе кішкентай балаларға, егде жастағы адамдарға, жүкті әйелдерге және созылмалы аурулары бар азаматтарға мұқият болуға кеңес береді. Бұл санаттағы адамдарда инфекция асқыну қаупі жоғары болуы мүмкін.

Оқи отырыңыз