Осыдан бір жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналдырудан бастап, жаңа инвестициялық цикл қалыптастыруға, көлік-логистика жүйесін жаңғыртуға, ауыл шаруашылығы мен су саласын цифрландыруға дейінгі ауқымды міндеттер қойған еді.
Бір жыл ішінде бірқатар тапсырма нақты нәтижеге жетті: жасанды интеллект саласына жауапты министрлік құрылды, тиісті заңдар қабылданды, Smart Cargo жүйесі іске қосылды, Достық – Мойынты теміржол желісі пайдалануға берілді, «Келешек мектептері» жобасындағы барлық мектеп пен ауылдық жерлердегі 655 медициналық нысанның құрылысы аяқталды.
Сонымен бірге ұзақ мерзімге есептелген реформалар да бар. Инвестициялық жобалардың басым бөлігі әлі жүзеге асырылып жатыр, су шаруашылығының бірыңғай цифрлық жүйесі әзірленуде, ал мемлекеттік секторды реформалау бағытында шешімін күткен мәселелер бар.
Цифрландыру: министрліктен жаңа заңдарға дейін
2025 жылғы Жолдаудағы негізгі міндеттердің бірі – Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру еді. Президент Цифрлық кодексті қабылдауды жеделдетіп, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды, сондай-ақ экономиканың барлық саласына жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді тапсырды.
Бұл бағытта институционалдық және заңнамалық база қалыптасты. 2025 жылғы 29 қыркүйекте Жаслан Мәдиев Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі қызметіне кірісті. 17 қарашада «Жасанды интеллект туралы» заңға, ал 2026 жылғы 9 қаңтарда Цифрлық кодекске қол қойылды.
Келесі қадам Digital Qazaqstan стратегиясы болды. Оны 2029 жылға дейін жүзеге асыру туралы Жарлыққа Президент 2026 жылдың маусымында қол қойды. Ал 26 тамызда Үкімет стратегияны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітті.
Осылайша, цифрлық трансформацияның құқықтық және институционалдық негізі айтарлықтай қалыптасты. Ендігі негізгі мәселе – қабылданған шешімдердің іс жүзіндегі нәтижесі.
Инвестиция: жаңа цикл қалыптасып келеді
Жолдауда Мемлекет басшысы жаңа инвестициялық циклді бастау қажеттігін айтып, капитал тарту тәсілдерін өзгертуді тапсырған болатын. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібі мен жоғары технологиялық өндірістерге басымдық беру көзделді.
Үкіметтің 2026 жылғы 31 тамыздағы мәліметіне сәйкес, KAZAKH INVEST портфелінде жалпы құны 78,6 млрд доллар болатын 215 жоба бар. Олар жүзеге асса, 88 мыңнан астам жұмыс орны ашылуы мүмкін.
Қазір 32,2 млрд долларлық 93 жоба іске асырылып жатыр. Тағы 46,4 млрд доллар болатын 122 жоба пысықтау кезеңінде.
Инвестициялық келісім тетігі енгізілгелі жалпы сомасы 17,8 трлн теңгеден асатын 66 келісім жасалған. Ал 2026 жылдың сегіз айында шамамен 4,4 трлн теңгенің тағы 25 келісіміне қол қойылды.
Дегенмен жаңа инвестициялық циклді аяқталған міндет деп бағалауға әлі ерте. Өйткені ірі жобалардың едәуір бөлігі құрылыс немесе дайындық кезеңінде тұр.
Smart Cargo іске қосылып, Достық – Мойынты желісі аяқталды
Көлік саласындағы бірқатар тапсырма нақты нәтижеге жетті.
Президент Жолдауда кедендік және логистикалық қызметтерді біріктіретін Smart Cargo бірыңғай цифрлық жүйесін іске қосуды тапсырған еді. Қазір платформа жұмыс істеп тұр және 58 ақпараттық жүйенің деректерін біріктіреді.
Үкімет мәліметінше, жүйе қамтитын бағыттардағы жүктердің қозғалысын толық бақылауға мүмкіндік берген. Шекарадан жүк өткізу жылдамдығы 30 пайызға артып, тасымалдаушылардың кезекте күту уақыты он есе қысқарған.
Тағы бір маңызды тапсырма – ұзындығы 836 шақырым болатын Достық – Мойынты теміржолының екінші желісін аяқтау еді. Жоба жүзеге асырылып, жаңа желі пайдалануға берілді. Көлік министрлігінің дерегінше, оның іске қосылуы Қазақстан – Қытай бағытындағы өткізу қабілетін бес есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге Қызылжар – Мойынты және Бақты – Аягөз секілді басқа да теміржол жобалары жалғасып жатыр.
Қайтарылған жерлердің барлығы айналымға енді ме?
Ауыл шаруашылығы саласында Президент мемлекет меншігіне қайтарылған жерлерді тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударған болатын.
Жолдау жасалған кезде 2022 жылдан бері мемлекетке 13,5 млн гектардан астам ауыл шаруашылығы жері қайтарылған. Алайда оның шамамен 6 млн гектары ғана жаңа жер пайдаланушыларға берілген еді.
Мемлекет басшысы әкімдерге 2026 жылдың ортасына дейін қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің барлығын тұрақты айналымға енгізуді тапсырды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2026 жылғы 20 сәуірдегі дерегіне сәйкес, жоспарланған 13,5 млн гектардың 10,8 млн гектары айналымға енгізілген. Сондықтан бұл бағыттағы тапсырманың толық орындалғанын айтуға әзірге негіз жеткіліксіз.
Агроөнеркәсіп кешенін техникалық жаңарту да жалғасып келеді. Машина-трактор паркінің жаңару деңгейі 2024 жылғы 6 пайыздан 2025 жылы 6,5 пайызға өскен. 2026 жылы көрсеткішті 8 пайызға жеткізу жоспарланған. Биыл жеңілдетілген лизинг бағдарламасын қаржыландыру көлемі 350 млрд теңгеге жетті.
Су шаруашылығының бірыңғай цифрлық жүйесі әзірленіп жатыр
Жолдауда су ресурстарын басқаруға да жеке назар аударылды. Президент жерүсті және жерасты сулары туралы ақпаратты біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа құруды тапсырды. Ол болашақта Ұлттық су балансын қалыптастырудың негізгі тетігіне айналуға тиіс.
Әзірге бұл жоба іске асыру кезеңінде.
Су ресурстары және ирригация министрлігі Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесін 2026 жылдың соңына дейін өнеркәсіптік пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Жүйеге су ресурстары, гидротехникалық құрылыстар және саладағы басқа да нысандар туралы мәліметтер енгізіліп, кейін жасанды интеллект пен ғарыштық мониторинг мүмкіндіктерін пайдалану көзделген.
Каналдарды жаңғырту жұмыстары да қатар жүргізілуде. 2026 жылдың алғашқы жартысында 206,19 шақырым канал жөнделген. Жыл соңына дейін 976 шақырымнан астам су арнасын жаңғырту жоспарланған.
«Келешек мектептері»: 217 мектептің құрылысы аяқталды
Білім беру саласындағы нақты аяқталған тапсырмалардың бірі – «Келешек мектептері» жобасы.
Жолдау кезінде жоспарланған 217 мектептің 150-і жұмыс істеп тұрған еді. Президент қалған білім ошақтарының құрылысын үш ай ішінде аяқтауды тапсырған.
Қазір 217 мектептің барлығы салынып бітті. Олар жалпы 460 мың оқушы орнына есептелген. Оның 105-і 2024 жылы, қалған 112-сі 2025 жылы пайдалануға берілді.
Үкімет мәліметінше, жоба нәтижесінде 54 үш ауысымды және 12 апатты мектеп мәселесі толық шешіліп, 100-ден астам мектептегі орын тапшылығы азайған.
Ауылдарда 655 медициналық нысан салынды
Ауылдық денсаулық сақтау саласындағы тапсырма да орындалған бағыттардың қатарында.
2025 жылғы қыркүйекте Президент ұлттық жоба аясында 540 медициналық нысан салынғанын, тағы 115 нысанды жыл соңына дейін аяқтау қажеттігін айтқан еді.
2025 жылдың қорытындысында жоспарланған 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанының құрылысы толық аяқталды. Оның 99-ы 2023 жылы, 361-і 2024 жылы, тағы 195-і 2025 жылы пайдалануға берілген.
Үкіметтің бағалауынша, соның арқасында миллионнан астам ауыл тұрғыны тұрғылықты жерінен алысқа бармай-ақ алғашқы медициналық көмек алу мүмкіндігіне ие болды.
Дегенмен ауыл медицинасын жаңғырту жалғасады. Қазір 32 аудандық аурухананы көпбейінді орталық аудандық аурухана деңгейіне жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қай бағыттарда мәселе бар?
Президент тапсырмаларының барлығы бірдей белгіленген деңгейде орындалған жоқ.
Мәселен, Жолдауда Үкіметке «Мемлекеттік мүлік туралы» заңды жаңарту, ал Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне Үкіметпен бірлесіп мемлекеттік секторды реформалау жөнінде ұсыныстар әзірлеу тапсырылған болатын.
Алайда 2026 жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыстарға өзі сын айтты. Президенттің сөзінше, жекешелендіруге жататын 473 кәсіпорынның бекітілген тізімін жүзеге асыру басталмаған, активтерді сатуға дейінгі дайындық жүргізілмеген және «Мемлекеттік мүлік туралы» жаңа заң қабылданбаған.
Осыған байланысты Үкіметке тиісті Жарлықты жүзеге асыру тәсілдерін қайта қарау тапсырылды.
Бір жылда не өзгерді?
Жолдаудан бері бір жылға жуық уақыт ішінде бірқатар тапсырма нақты нәтижеге жетті. Цифрлық кодекс пен жасанды интеллект туралы заң қабылданды, жаңа министрлік құрылды, Smart Cargo іске қосылды, Достық – Мойынты теміржолының екінші желісі пайдалануға берілді, 217 «Келешек мектебі» мен ауылдардағы 655 медициналық нысанның құрылысы аяқталды.
Сонымен қатар Президент тапсырмаларының едәуір бөлігі бірнеше жылға есептелген. Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыру, жаңа инвестициялық цикл қалыптастыру, су шаруашылығын цифрландыру, агроөнеркәсіп кешенін жаңарту және ірі инфрақұрылымдық жобаларды аяқтау жұмыстары жалғасып жатыр.
Сондықтан Жолдаудан кейінгі алғашқы жылдың қорытындысын екі бағытта бағалауға болады: бірқатар заңнамалық және инфрақұрылымдық міндеттер орындалды, ал ел экономикасы мен мемлекеттік басқаруды жүйелі түрде өзгертуді көздейтін реформалардың негізгі нәтижесі алдағы жылдары көрінбек.