Жаңалықтар

Жиембет батыр (Қазақша)

Табыл Құлыяс
10.09.2016 12:15 10038

ТАРИХТАН БІЗГЕ ЖЕТКЕН АҢЫЗ БАР

 Ақымбеттің бұл ауылға келгіштеп жүргенінің сырын жұрт біліп қалды. Жігіт қызға қырындап сөз байласып жүр. Бүйірін таянған сөзуар әйелдің бірі: «Кедейдің қызын қайтеді, байдың қызына ынтығып жүр», – деп сөзін желпітіп қояды. «Жігіт те анау-мынау емес, атақты бай, ел билеушінің ұлы емес пе?» – деп дабылдатпай тұра алмайды.

Бұл оқиғаны қыздың әкесінің құлағына жеткізу үшін ауылдың адамдарына сөзі өтетін биі он алты қанат киіз үйге кіріп аман-саулықтан кейін:

– Еліңнің тілегі – жұрттың амандығы.

– Немене, Жошы хан, Бату хан тіріліп келер деймісің? Қанішерлер көрінде өкіріп жағы сенбей жатқан шығар. Тамұқ отына біржола күйіп кетпесе. Тірліктің ең бір жақсылығы – тыныштық. Күн күлімдеп шығады, күміс сәулеге тойынған жер өсімдігімен көрікті. Бөрік киген ұрпағымыздың бес қаруы дайын, жан-жағымыз тыныш қой.

– Сол көршілермен татулықты сақтап келгеніңе көп риза. Ал елмен елді, туыспен туысты татуластырып, алысты да жақындататын – әйелдер, қыздарымыз. Өзің де білесің, Бортоғаштың (біреулер Бертұқыш дейді, сүйген ұлға ат көп деген) жер қайысқандай төрт түлік малы, сарбаздары байтақ даламыздың тыныштығын сақтап отыр. Тананың кіндігінен тараған Байбақты батыр сұқ көз жаулардан жерімізді тазартып, өрісімізді кеңейтіп берді. Ақындарымыздың аузында:

 

Байбақты бай болады қылықтары-ай,

Найзаның жолда қалған сынықтары-ай.

Төбемнен күн түскендей толықсимын,

Батырдың еске түссе қылықтары-ай, –

 

деген сөз қалды, білесің. Бортоғаш та сол Байбақтымен туысады ғой.

– Туыссын, Байбақтының анасы Қанымбикені де естуіміз бар. Тұқымда мін жоқ. Емендей берік, жауына иілмегендер. Бірақ өзің нені меңзеп келесің? – деді Құлшығай бай.

– Мен Бортоғаштың байлығы да, әскери күші де қаншалық басым болса да, зорлық, үстемдігін көрген жоқпыз. «Әз Тәуке» тұсында ішкі алауыздық пен бытыраңқылықты жойып «хандық кеңес», «билік кеңеске» аса жоғары мән бергенінің нәтижесінде жоғымызды түгендеп, барымызды қадірледік. Қорқыныштан гөрі қуанышымыз молайды. Әз Тәукені адамзаттың данышпаны атандырды. Бәрі жөн. Заң болмаса қандай күйге түсер едік? Жұртты тонап, әлі келгені әлсізді өлтіріп түк көрмегендей жүрсе, халыққа қандай қорқынышты үрей, тірліктен баз кештіріп, ішкенін ірің, жегенін желім етер еді. Ел арасында ұрыс-керіс, араздық жоқ десек те, өткен жолы ауылымыздың бір тентегі қызды ауылына қарындап жүріп бір кедейінің басын жарып кетті. Әумесер жылқышымыздың бір үйір жылқысын ұрлағаны тағы бар. Жанжалдасайын десе себеп табылатын еді. Бірақ бәрін кешіріп, «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп ақсақалдарының билігімен тоқталды. Бір жақсысы, өзіңіздің ақылыңызбен бас жарылып қалғанға ат шапан айып төлеттірдің. Жылқы ұрлағанның «тоғыз» айыбын төлеттіріп, дүре соғуына да рұқсат бердің.

– «Жеті жарғы» заңы халықтың бәріне ортақ.

– Бірақ ел болғасын көп халықтың ішінде тірлігі жұтап, тарығып отыратындары аз ба? Е, ауыл аралас, қой қоралас, төсекте бас, төскейде мал қосылып жастар ойын-сауықтарын ортақ өткізеді. Олардың татулықты сақтағанына не жетсін?

– Көкірек-кеудеге салмай ел арасы тату болса жақсы ғой. Көз көргенге тойған ба, құлақ естігенге тойған ба, емеурініңді айтсаңшы, біраз жұмбақтамай?

– Сол ойын-сауық арқылы теңімізді таптық. Өмірлік серігімізді таптық. Бүгінгі жастар да өкінбей өмір сүрсе дейміз. Айтпағым, Бортоғаштың ұлы Ақымбет Айжұлдызбен сөз байласып жүргенге ұқсайды.

– Еһ!... Өкінішті!

– Байеке, өкінбеңіз.

– Қалайша қуанамын? Құда түсіп қойғандықты қайтеміз?

– Қалыңмалын түгел берген жоқ қой. Және күйеубаланың аяғының ақсақ екенін де білесің. Қызымыз жанында жүргенде қорланады ғой. Қыз қарғысы қысырамайды деген, қарғап жүрер. Бәжек нағашың түсінеді, ымыраласа білетін қасиеті бар. Сондықтан құдалықты бұзу жағын ойластыру керек. Бортоғаш қалыңмалға қанша сұрасаң да берер. Сосын Бәжектің малына мал қосып қайтарып, болмаса ауылда қыздар бар ғой, ұлың қалағанына үйленсін деу керек.

– Бортоғаштың ұлының түр-тұлғасын көріп айтатындар бар ма?

– Ер адамда кездесе бермейтін сұлу дейді. Бойшаң, қос жауырыны қақпақтай, шар болаттай сом денесі алып күшті танытады. Мінсіз тұлғалы, бет пішіні адамгершілікке толы, отты қара көзі адалдықты баяндамай ма? Жұмсақ күлкісі дарқандықты байқатпай ма? Кісіге жұғымды таза жүрегі сүйіспендікті қалтқысыз сақтайтынын ұқтырады ғой. Сыншы әйелдер жүріс-тұрысынан да өнегеге жат күмәнділікті аңғармапты. Үні ашық, би өнері, музыкаға бейімдігі, алғыр екенін көрсетеді дейді. Тіршіліктің тауқыметін тартпаған, ой өрнегі өрескел емеске ұқсайды. Даналық, дарқандық, батылдық, ақылдылықты көкірекке сыйғызып бере салғандай көрінеді. Қызымыздың жақсы көруі де алғырлығы шығар. Батыр ортақ, ер ортақ, күн ортақ, ай ортақ, орнықты елмен құдандалы болсақ, ортамыз ортаға түспес, – деді Айбек би толғанып.

– Мақтауын жеткіздің. Өзің бұрыннан таныс-білістей, көзіңнен өткізгендей кенеліп айтасың.

– Байеке, сыншы әйелдердің байқауы. Олар кімнің кім екенін тез аңғарып, ер адамның әлсіз тұсында жазбастан танығыш келеді ғой.

– Әйел адамның өңі-түсін тез байқар, бірақ ой түбінде әулие емес қой біле қоятын.

– Көріпкел, болжампаз Назым солай сипаттайды. Оның аңғарымынан қателік байқаған жоқпыз ғой. Тіпті таң ата бере айналадағы шөптің қимылына қарап ауа  райын да дәл айтып жүрген жоқ па?

– Қалай десең де, бір мезетте бір көргеннен кімнің кім екенін байқауды үшінші көзі қанша өткір болса да, дөп басып баяндап береді дегенге сене бермеймін.

– Ойын-сауық үстінде қызба, шытыр мінезі болса тез байқалады ғой.

– Адамды тану, оның жұмбақ құпиясын жете түсіну оңай болмас.

– Текті тұқым, тек қана жақсылық ойлайтын, елі, жері үшін жанпида дейтін әке мен ана тәрбиесінен жамандық күтпес едім. Оның үстіне Бортоғашқа қай жағынан жақындасудың ығын кім ойламайды, байеке?

– Бұл сөзіңе қосыламын. Естуімше, Бортоғаш араб, парсы тіліндегі кітаптарды көп оқып, домбыра тартып, би билеп, сондай-ақ құралайды көзінен ататын мерген деп жұрт айтып жүреді. Аттаған қадамы сәттілікпен, жерін кеңейтуге де алғыр ғой. Ел жұртына қауіп-қатер қай тұстан келетінін болжағыштығы да бар деседі. Өнершілері «Дауылпаз» биін билегенде жауының өзі топырақ қабады деседі. Иә, бәріміз де найзаның ұшымен, қайқы қылыштың жүзімен елді қорғап отырмыз. Сәл әлсіздігімізді сезсе кенеттен бас салатын жау табылар, жауды іздеме өзі келеді, жау жоқ деме жар астында деген бар. Елді қантөгіссіз басқаруға ақылды басшы сирек, сол сиректердің бірі – Бортоғашты мойындаймын.

– Дүйім еліміз дүрліктіргендей үрейден аман ғой, – деп, би хандық биліктің қаталтартысынан тарихта қалған сөзін есіне алды: «Есім хан Ташкент қаласын уысында ұстап, үстемдігін шектен шыға жүргізіп тұрған Тұрсын ханды өлтіргенде Марқасқа жырау жырлап кеткен екен.

 

«Ей, Қатаған хан Тұрсын!

Кім арамды ант ұрсын.

Жазықсыз елді жылатып,

Жер тәңірсіп жатырсың.

Хан емессің қасқырсың,

Қара албасты басқырсың!

Алтын тақта жатсаң да

Қазаң жетті, қапылсың!

Еңсегей бойлы ер Есім

Есігіңе келіп тұр,

Шашқалы тұр қаныңды,

Кешікпей содан қатарсың!» –

 

дегені ханның басын хан алатынын жеткізіп, бүкіл ұлт билігін сақтандыруды меңзегені емес пе? Татулыққа сызат түспеуі үшін қыз беріп, қыз алысып, күйеу жүз жылдық, құда мың жылдықты сақтасақ, жұртты ұйқысынан шошытып оятатын жаугершілік үрейінен құтыламыз.

– Адам алдымен тыныштықты көксеп армандайды ғой. Ата тегімізді жіктегенде Орақ, Мамай, Қазтуғаннан бастау алса, батырлар бастас, байлар қоныстас болса, бірімен бірі құдандалы, жекжат болып татулықтың шырағын сөндірмесе, ерен үлгі ұрпаққа жұғысты болады. Арал, Каспий өңірін жайлағандар ешкімге кеудесін бастырмас, қастандық ойлағандар өліктерін жинап алар, – деп, бай кейбір оқиғаларды еске түсіріп, көңілді күлкісін жариялады. Аз тыныстады. Биге ойымды аңғардың ба дегендей өткір көзін тастап: «Әрі айтып, бері айтқанда, жеңгелері қызбен әбден сөйлесіп тобықтай түйінін шешсін. Менің мінезім өзіңе қанық болғанымен бабымды, ішкі ойымды таба алмай зығырданы қайнайтындар да бар ғой. Кімнің ішінде қандай түтін жатқанын біліп болмассың. Басқаларда шаруам жоқ, өзің байқап, ақылмен шешелік. Дәлірек айтқанда, ұйғарым ұтымды болсын, ешбір жайсыздық кездеспесін. Көлденең көк аттыға мінгестіріп жіберетін қыз болмаған... Ұлт болашағы қыздан басталады. Жаратылысымызда қанға сіңген ар-ұятымыз бар...

– Ендеше жылы хабарды орамды жігіттерің жеткізсін, – деп, бай өзін тең ортасымен орайластыруға қарсылығы жоқтығын білдірді.

– Пенде болғасын жақсыға құмарту бар, қызығып құштарлану бар. Байеке, бәріміздің де басымыздан жастық дәурен өтті. «Сүймей алғаннан, сүйіп алған су мұрын артық» деген сөз қалғанын да білеміз. Өзің айтқан біреудің көкірек көтергенін, кісімсіп кекеткенін, мұқатқанын көтере алмаған кез де болды. Бір аймақтың суын ішіп, ауасын жұтқасын оң-солымызға қарай білеміз ғой. Оның үстіне, бойжеткен қыз орнын тапса, одан артық қуаныш бар ма? Айжұлдыздың жеңгелерінің айтуынша, Ақымбетті ұнататын көрінеді. Әкем рұқсат бермесе қашып кетем дейтін тәрізді.

Бай ойланып қалды. Қос қарашығын үнділік түкті кілемнің өрнектеріне салып, қызының ақылы ешкімнен кем еместігін де ойлады. Әйтсе де оңай емес, әлпештеп өсірген қызын біреуге бере салу... Тағдыр солай, өзі де біреудің көктегі жұлдызым деген қызына үйленді емес пе? Қызыл шырайлы өңі құбылып толғанды да:

– Жігіттің шын ойы ма, жай қылжақ болмасын. Бәрін зерттеп, біліңдер. Ағайын, туыстар болып бірауыздан ұйғарып жатсаңдар қарсылық етпеспін, – деді Құлшағай

Ақымбет болса сағынып сарғая күтетін, жүрегінің бар ынтасы ауған Айжұлдызға үйленуіне жол ашып талпынған тілек, асқақ арманға тосқауыл жоқтай көрінді. Бай баймен құда болса заман заңдылығы дейсің. Оның бір жағы – тектілікті сақтау. Мінсіз пенде жоқ, бірақ байлық, биліктің күштілігі таудай мінді де жасырып жатады. Ал қылдан таятындай әлсіздің сәл қателігі кешіріле бермейді. Оны Жолымбеттің басына түскен қатерден байқарсыз. Әзірге шегініс жасап, екіжақты пікірдің баянды болуының сәтін тілелік.

Бұл хабар Бортоғашқа да жетеді.

– Ой-деу, біздің Ақымбет үйлене ме? Көбік өкпе, былжыр деп жүрсем, ер жеткен екен. Қару-жарақ ұстауы шымырлана бастап еді. Арын сақтап, ниеттес адамын тапса, келісімімді қуана беремін, – деді де, Жиембетті шақыртты.

– Ұлым, ержеттіңдер. Қызды ауылға қырындай бастадыңдар. Көз салудың да, сөз салудың да астарлы мәні бар. Тектілікті сақтаудың сәні бар. Өліп-өшіп сүйгеннің де өмір бойғыға жарасатын, жараспайтыны тағы бар. Сондықтан Ақымбет ұнатқан қыздың дене бітімі, ақыл-сана нұсқасын, мінезін байқап, тексеріп көріңдер. Ауылдағы адам емес, қиялдағы болсын. Ана адал, ниеті таза болса, ұрпағы алғыр өнегелі болады. Жатыны жаман деген сөзден сақтасын. Әулие-сыншы Бәженді ертіп барыңдар. Оның көзіне түскен қыздың мінез-құлқы ұл туа ма, қыз туа ма, баласын жарыта ма, бәрін сынап дәл айтып береді. Егер Бәжен ұнатса, ойдағыдай деп түйінін айтса, қызды айттырып, ата-анасына хабар салып, құдалық келісім басталар, – деп ақылын айтты. Ақырында екі ел арасында құда, жекжаттық салт бойынша қыз ұзатып, келін түсірудің дүрілдеген думаны қырық күн ойын, қырық күн той тойлауға ұласпақ. Содан кейін «ұрын бару» тойы, «есік көру» тойы жалғасар еді. Қайын ата, қайын енелердің алдынан өтесіңдер, – деді де Бортоғаш: «Қалыңмал 100 тайлақ, 200 байталдан аспас. Оған да дайындаламыз, бар ғой. Есіңде болсын, жолдан жеңілу, күлкі болу жараспайды. Сондықтан біліп қойыңдар, қыздың әке-шешесіне «ілу», «сүтақы», «қой мал» тәртібін атқарып, туыстарына киіт, кәде әзірленеді. Жуықта кердері елінің керуеншілері үнді елінен оралады. Қажетті тауарларды алып қаламыз...

 

 

 «ҚОРҚАУДЫ ҚАРА, ҚОРҚАУДЫ»

 

– Қараң қалғыр адам сияқты емес қой. Обалы жоқ, жазаға тарта берсін! – деп Жыңғыл би байдың үйінен шапанын желбей жамылып шыққанда кебісін сырпытып басып бара жатқан әйелдің сөзі елең еткізді. «Жаным сауға, жаным сауға, өз еркіммен өлейін басымды соғып тауға!?» – деген бет-аузын қан жуғанды көргісі келмеген балалар жан-жаққа жүгіріп бара жатты. «Қорқауды қара, қорқауды қара?» – деп шулап кетті.

Байдың үйінен шыққан бидің аңтарылып тұрғанын көрген төрт жігіттің бірі аршындап аяғын басып жанына келді де:

– Жылқыны ұрлағанды ұстадық. Екеу екен, біреуі қашып үлгерді. Не жаза бұйырасыз?

– Дала заңын білесіз, бізден бұрынғылар жылқы ұрлаған ұрыға өлім жазасын берген.

– Басы жарылды, қолы сынды, енді кермеге саламыз ба?

– Қай жерден екенін білдіңдер ме?

– Қалмақтармен шекаралас жерден көрінеді.

– Ұрлыққа кім жұмсады, соны білу керек. Кермеге салуды қойыңдар, онсыз да  біраз сілейтіпсіңдер ғой. Ұрлық үстінде ұстапсыңдар, жаны қалған екен, «тоғыз айыбын» төлейтін ел-жұрты, ағайын-туысын әбден сұрап біліңдер. Малды үйірге қайтарып қостыңдар ма?

– Мал түгел.

– Тәртіп солай. Ұрлыққа серік болғаны кім, сұрастырыңдар. Жанын аман сақтағысы келсе өзі де бәрін жасырмай айтар, – деп Жыңғыл би жөніне кетті.

Ұры соққыны ауырсынып жатса да ойда жоқта кездескен ұры сатқындық жасап, мына топқа ұстап берген жоқ па деп, көз алдынан Күзенбайдың бейнесін елестетіп, әңгімесі жарасқан минуттарды қайталады. Терең сай бойына атын жасырып шідерлеп жатқанда аспаннан түскендей ұшыраса кетіп еді. Сөйлесе келе байларда кеткен ақысы бар, кекті, тірлігіне мұқтаждығы жетеді. Сорлылықтан арылтатын тек қана барымталық, басқадай жол жоқ екенін сөйлесіп отырып түсінісіп кетіп еді. Барымта, ұрлық бір жағынан ерлік атақ тәрізді деп түсіністі. Таныстық төмендегіше басталды...

 

* * *

– Туыс-туғаның бар ма? – деді сойған қарсақтай ырсиған Күзенбай.

– Мен жалғызбын. Анамыз он құрсақ көтерген екен, – бәрі ауырып өлген. Осы өңірдегі Құлшығай бай әкемнің нағашылары деседі, бірақ бірінің қақын бірі жеді ме, өштік-арыздықпен аралары суып кеткен. Қазір менің ұшарымды жел білсін, қонарымды сай білсін. Қалмақ елінен тірлігіме талшық тауып жүрмін. Жүректен жарып шыққан ыза тыныштық бермейді....

– Қалайша?

– Тұқымның құруы қарғыстан дейді. Әкем қалмақ батырын өлтіріпті, батырдың анасының көкірегіне найза шаншыпты, жаны шығар алдында кемпір қарын шашым алынған жоқ, қарғысым қата кетпейді, тұқымың тұздай құрысын депті.

– Әйелің бар ма?

– Бар болғаны құрысын, тумайды. Қалмақтың жесір әйелімен де байланыс жасаймын, о да тумайды.

– Мүмкін туар.

– Қайдам...

– Ойын-күлкің тәуір ме?

– Жортуылда жүрем... Қауіп-қатерді күтемін ылғи.

– Нені айтқың келіп ойланғаныңа түсінбедім.

– Түз тағысының маңдайына жазған ойын-тойы – қан шығару.

– Негізгі тұрағың?

– Аштархан маңы. Осыдан артық таныстыққа ештеңе сұрамай-ақ қой. Өзіңде жетісіп жүрмеген шығарсың?

– Тауып айттың, ұрыны ұры жақтайды, бөріні бөрі жақтайды, одан өзгелермен түсіністік таппайды. Алдамасаң қасқыр да қақпанды қаппайды. Қанша жыл байдың жылқысын бақтым, басқа өңірлерден үйір-үйір жылқыны қуып әкеліп, мың жылқыға жеткіздім. Бәрібір байға сөзім өтпеді, сүйгеніме қолым жетпеді. Жалшы құлға сұлу қыз не теңі, одан да өзім тоқалдыққа аламын деп сөккенін кектедім. Әкем қалмақ соғысында өлген, мына байтақ даладан қан иісі шығады. Анам соны жоқтап жылаумен көзі ағарып, қайғы шерді көтере алмай о да өлді. Мен де өлімнен қорықпай, елден безіп шықтым, – деп бір көзін ақ шел басқан, орақ тұмсық, қалың қасты, дүрқара қарқылдап күлді де: – Бір пері бір періге қызыл ақшамда кездеседі деп... Есімімді сұрасаң Күзенбай! Қазақтың балаларына ат қоюы қызық, ауылда Қанағат деген болды, нағыз сұм-сұрқия, жауыз, қара жүрек қаскүнем болды да, қанағатсызды ақсақалдар елден қуып жіберді. Алапеспен ауырғандарды апарып тастайтын арал бар дейді. Соған апарған, туған жерден топырақты да бұйыртпады. Күзенбей дегенмен сол сияқты сасы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға